Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Тихановскаяның Литвадағы кеңсесі қауіпсіздік шарасы қысқарғаннан кейін қызметін тоқтатты

Светлана Тихановская
Фото: Claudio Bresciani/AP/picture alliance

Беларус оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановскаяның Вильнюстегі кеңсесі Литва билігінің оны күзету ережелерін жеңілдету туралы шешімінен кейін уақытша жұмысын тоқтатты.

Бұл туралы LRT мемлекеттік телеарнасы  хабарлады.

Литва үкіметінің шешіміне сәйкес, енді Тихановскаяның қауіпсіздігін президент, премьер-министр немесе Сейм төрағасы деңгейіндегі күзет қызметкерлері қамтамасыз етпейді. Оның орнына, қауіп-қатер төнген адамдарды қорғайтын Қылмыстық полиция бюросы бұл міндетті атқарады.

LRT мәліметінше, Светлана Тихановская әлі де Литва мемлекетінің “С санатындағы құрметті қонағы” мәртебесінде қалады, ал Беларусьтің демократиялық өкілдігі Вильнюсте ресми түрде аккредитацияланған құрылым болып қала береді.

Литва билігінің түсіндірмесі

Литва премьер-министрі Инга Ругинене бұл шешімнің себептерін түсіндіріп, қауіпсіздік шаралары толық алынып тасталмағанын айтты.

«Қауіпсіздік жойылған жоқ. Қазіргі қауіп деңгейі бағаланып, соған сай шаралар қабылданды. Қызметтер өз міндетін мінсіз орындап отыр — олар күн сайын тәуекел деңгейін бағалайды және соған қарай қажетті қорғау шараларын анықтайды», — деді үкімет басшысы.

Тихановская штабының реакциясы

Саясаткердің кеңесшісі Франак Вячорка DW-ға берген түсіндірмесінде, кеңсенің жұмысы тоқтатылғанымен, Тихановскаяның өзі қызметін жалғастырып жатқанын айтты.

«Қазір не болып жатқанын және Литва тарапы кеңсе қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не ұсынып жатқанын түсінуге тырысып жатырмыз. Қызметкерлерді уақытша үйден жұмыс істеуге жібердік. Бұл шешім біз үшін күтпеген жағдай болды, бірақ шешімін табамыз», — деді Вячорка.

Сондай-ақ саясаткердің тағы бір кеңесшісі Денис Кучинский “Зеркало” басылымына кеңсенің қызметкерлері қашықтан жұмыс режиміне көшкенін растады. Оның айтуынша, кеңседе тек шағын оперативтік топ қалды, ал қалған қызметкерлер онлайн форматта жұмыс істейді.

Тихановскаяның Вильнюстегі кеңсесі 2020 жылы Беларусьтің демократиялық өкілдігі құрамында құрылған. Бірақ ұйым өкілдерінің айтуынша, қауіпсіздік деңгейінің төмендеуі кеңсенің бұрынғы форматта жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді.

«Біз команда мен серіктестеріміздің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін қатерлерге алаңдап отырмыз», — делінген ресми мәлімдемеде.

Бұрынғы Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис бұл шешімді сынға алып, оны ел беделіне соққы деп атады. Оның пікірінше, Тихановская — демократиялық Беларусь қозғалысының символы, ал Литваның оны қолдауын әлсірету — «Минск пен Мәскеуге ұнайтын белгі».