Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:37

TikTok АҚШ-тағы активтерін америкалық инвесторларға сату жөнінде келісімге келді

TikTok
Фото: aa.com.tr

Қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok платформасы АҚШ-тағы активтерін америкалық инвесторларға сату туралы міндеттейтін келісімдерге қол қойды.

Бұл туралы Reuters агенттігі TikTok бас директоры Шоу Цзы Чьюге сілтеме жасап хабарлады.

Мәміленің шарттары 2025 жылғы қыркүйекте жарияланған келісімге сәйкес келеді. Сол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп TikTok-ты ел аумағында тыйым салу туралы заңның күшіне енуін 20 қаңтарға дейін кейінге қалдырған болатын. Заң талаптарына сай, егер қытайлық меншік иесі өз активтерін сатпаса, қосымшаның АҚШ-тағы қызметі тоқтатылуы тиіс еді.

Келісім аясында ByteDance пен TikTok үш ірі америкалық басқарушы инвестормен – Oracle, Silver Lake және MGX компанияларымен міндеттейтін шарттарға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Oracle, Silver Lake және Абу-Дабиде орналасқан MGX компаниясы TikTok акцияларының 45 пайызын бірлесіп иеленеді (әрқайсысына 15 пайыздан).

Тағы 30,1 пайыз акция ByteDance-тің кейбір қазіргі инвесторларымен байланысты компанияларға тиесілі болады. Олардың қатарында Susquehanna International Group, General Atlantic және KKR бар. Ал ByteDance компаниясының өзінде 19,9 пайыз үлес сақталады.

Сонымен қатар АҚШ аумағында TikTok USDS Joint Venture LLC деп аталатын жаңа бірлескен кәсіпорын құрылатыны хабарланды.

Бұл мәміле TikTok-тың америкалық бизнесін қытайлық иеліктен шығару жөніндегі бірнеше жылға созылған талпыныстарға нүкте қойды. АҚШ билігі бұған дейін платформаны ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деп бағалап келген.

Қазіргі таңда TikTok-ты 170 миллионнан астам америкалық қолданушы тұрақты пайдаланады.

Еске салайық, 2025 жылғы қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп TikTok-тың қызметін америкалық және халықаралық инвесторларға сату туралы жарлыққа қол қойған болатын. Сол кезде Трамп қосымшаның «толығымен америкалықтардың бақылауында болатынын» мәлімдеген.