ТикТок-та банк жайлы әзіл видео жариялаған қазақстандықтың шоты бұғатталды
Астаналық тұрғын Айдос Еділов ТikTok желісінде банк туралы әзіл бейнеролик жариялағаннан кейін оның банктегі шоты бұғатталды. Таңғаларлығы – бұл шешімді банк өз бетімен, соттың немесе мемлекеттік органдардың араласуынсыз қабылдаған.
Нейрожелімен жасалған сатиралық ролик
Айдос Еділов нейрожелі технологиясын пайдаланып қысқа әзіл бейне жасаған. Видео қысқа уақытта әлеуметтік желіде кең таралып, мыңдаған қаралым мен пікір жинаған. Пікір қалдырғандардың көбі өздерінің несиемен өмір сүріп жүргенін жазған.
«Каспи банк» атынан күмәнді қоңырау
Ролик танымал бола бастаған соң Айдосқа белгісіз нөмірден қоңырау түскен.
Айдостың айтуынша, өзін «банктің қызметкерімін» деп таныстырған адам нақты аты-жөнін айтпаған және бейнероликті өшіруді талап еткен. Ол талапты орындамаған соң, арада бірнеше күн өткенде Kaspi Bank қосымшасына кіре алмай қалған.
«Түнде қолданбаға кірейін десем, “Бұғатталды” деген хабарлама шықты. Банк ешқандай жауап бермеді», – дейді блогер.
Ресми жауап және «қателік» туралы түсініктеме
Кейін банк Айдосқа ресми хат жолдап, шоттың бұғатталуы “қате шешім” болғанын айтқан.
«Иә, сізбен біздің қызметкерлер байланысқа шыққан. Видео мазмұны заң бұзуы мүмкін деген алдын ала баға берілді. Шотты бұғаттау шешімі қате болды. Қазір қолжетімділік қалпына келтірілді. Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін ішкі тексеріс жүргізілуде», – делінген Kaspi Bank хабарламасында.
Айдос бірнеше күн бойы ақшасын пайдалана алмаған.
«Автобуста жолақы төлеу керек болды. Қолма-қол ақша жоқ, қосымша жұмыс істемейді. Бір жігіт мен үшін төлеп берді. Өте ыңғайсыз жағдай», – дейді ол.
Сотқа жүгінуге дайын
Айдос Еділов банк жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланды және оның әлеуметтік желідегі еркін пікір білдіру құқығын шектеді деп есептейді. Ол банктен ресми кешірім сұрауды және сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.