Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:55, 07 Наурыз 2023

Тіл саясатына арналған тұжырымдама әзірленді

None
None

Тіл мәселесі өзектілігін жоймайтын тақырып болғаннан кейін қашанда бұл мәселеге басты назар аударамыз.

Былтыр ҚР Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту аясында әдістемелік ұсынымдар әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін айтқан болатын.

Осыған орай, жуырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге қатысты бірінші отырыс өткізілді. Жоба барысында тұжырымданы қоғаммен, ғалымдармен талқылай отырып, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып жасау мәселелері қаралды. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Ходжабергенова мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО Бас директоры Ербол Тілешовтер аталмыш тұжырымдаманың негізгі идеясымен, құрылымы мен жаңа бағыттарымен таныстырып өтті. Сондай-ақ жобаны талқылау барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, әл-Фараби тындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары қатысып, тұжырымдамаға қатысты маңызды ұсыныстарын ортаға салды.

Тұжырымдаманы талқылау жиынында халықаралық тәжірибелер әзірленіп, арнайы алғышарттар белгіленді. Сондай-ақ жобаға қатысты тілді цифрландыру, тілді меңгерудің жаңа әдістері қарастырылатындығы айтылды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тұжырымдамаға қатысты барлық негіздемелермен егжей-тегжейлі толық таныстырып өтті. Ондағы мәселелерге келетін болсақ, 7 жылды қамтитын жоғары білімді және ғылымды дамытудың тұжырымдама жобасы қоғамдық кеңестің мүшелері мен арнайы шақыртылған сарапшылардың арасында өзара талқыланып, бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Яғни ол «Тіл тұжырымдамасын лайықты әрі кең түрде жүргізу үшін алдағы уақытта өңірлік семинарлар, республикалық конкурстар өткізу және азаматтардың тілдік белгілері бойынша құқықтарына нұқсан келтіруге жол бермеуге қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – дейді Саясат Нұрбек.

Тіл мәселесі өзекті мәселе болғандықтан, қаралатын мәселелер де өте көп. Сондықтан да тұжырымдама негізінде әлі де біраз жұмыс жасалынатыны бесенеден белгілі.

Тегтер: