Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:25, 10 Тамыз 2021

Тілеуберді Бинаш: Шетелдіктер біздің мүсіндерге таң қалмайды, күледі

None
None

Ойындағы дүниесін тасқа оятын мүсін өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар талант иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей көркемсурет академиясының құрметті мүшесі, мүсінші Тілеуберді Бинашпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Елімізде мүсін өнерінің қазіргі жай-күйі қалай? Жалпы, шығармашылығыңыз қалай өрбуде?

— Қазір қарап отырсаңыз, бір батыр болсын, тұлға, қоғам қайраткері болсын қайталанып, көп жерде бірнеше рет қойылып жатыр. Осының бәрі біртіндеп көбейе келе тұтас бір армия болады.  Бір-біріне ұқсас ескерткіштерді көбейте берсек, оның дәмі де кете береді.  Олай дейтінім, бір тұлғаның ескерткішін өзінің туған жеріне қойса да жеткілікті. Оны қоя бергеннен біз ұтпаймыз, ұтыламыз.  Бірақ көбісі тапсырыспен жасалынатындықтан, амалсыздан осындай ескерткіштер көбейіп отыр.  Қайталама ескерткіштердің орнына әдет-ғұрып, тұрмыс-салтқа қатысты рухани дүниелерді көбірек қойғанымызда ұтар едік. Мәселен, Ресейдегі мультфильм кейіпкерлері Чебурашка мен қолтырауын, бақа, ит  мүсіндерін қойған секілді біздегі ұмытылып бар жатқан ертегі, аңыз кейіпкерлері – Мұңлық – Зарлық, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік – Кебек, батырлар жырындағы Алпамыс, Қобыланды, Тазша бала, Алдар көсе, жеті қазына, жеті ата, Мақта қыз, бай баласы Асан мен кедей баласы Үсен секілді кейіпкерлердің мүсіндері қойылса екен.

  Бірақ елімізде шығармашылық өнерін көбісі түсіне бермейтіндіктен, шығармашылық жұмыстарға көп тапсырыс беріле бермейді. Әрі оған шенеуніктер де, әкімдіктегілер де дайын емес. Тек атқа мінген батыр бейнелерін ұқсатып жасата берсе болды.  Мұндай жұмыстар шетелде әлдеқашан  тоқтаған.  Шетелде қазір ескерткіш қойылмайды. Тек шығармашылық жұмыстар бағаланатын болғандықтан, мүсін жасаудан алдыңғы қатарда тұр.

 Алдағы уақытта жастарымыз соны қолға алады деп үміттенемін. Тек мүсін өнерінде ғана емес, әншінің әнінен, суретшінің салған суретінен біздің әдет-ғұрпымыз байқалып тұруы керек. Әрі оны жоғалтпауымыз тиіс. Сонда ғана өзге ұлт қазақтың дәстүрлері өнерге де бай екен ғой деп таңғалатын болады.

— Бір мүсінді жасап шығару үшін қанша уақытыңыз кетеді?

— Мүсін жасау уақыт талғамайды. Көңіл күйің тамаша, жаның тыныш болса, бастаған ісің тез бітеді. Жалпы, шығармашылықта белгілі бір уақытта бастап, белгілі бір уақытта аяқтау деген ұғым жоқ. Егер бір жағдай туындап жатса, бастаған жұмыс тоқтап қалуы да мүмкін.

— Мүсін өнеріне елімізде қызығушылық пен мемлекеттік қолдау қандай деңгейде?

— Егемендік алдық деп қуанғанымызбен, қазір айтарлықтай қолдау жоқ. Керісінше, Кеңес Одағында бізге жақсы қолдау болды. Ол уақытта Суретшілер одағы құрылып, одақ мүшелеріне үй, шеберхана берілетін. Арнайы комиссия арқылы шығармашылық жұмыстарға тапсырыстар көп алатынбыз. Ал қазір ондай үлкен комиссия жоқ. Тек әкімдікте құрылған шағын ғана комиссиямыз бар.

— Өзіңіз де көріп жүрген шығарсыз, кейінгі кезде Алматыда  еуропалық стильдегі мүсіндер толып тұр. Оған көзқарасыңыз қалай?

— Оның барлығы бизнес. Бір жағынан, мақтангершілік десек те болады. Шындап келгенде, шетелдің белгілі азаматтары мүсіндерінің Қазақ еліне түк те қатысы жоқ. Оларды әспеттеп қою үшін алдымен олардың қаны қазақ болу керек. Бірақ олар қазақ бола алмайды да. Егер де олардың Қазақ еліне сіңірген еңбегі болса, не Қазақстанды әлемге танытса, мүсінін қоюға болады.  Мәселен, Алматының бөктеріндегі Көктөбеге шетелдік «Битлз» тобы әншілерінің мүсіндерін қойды. Бірақ топтың көзі тірі мүшесі Пол Маккартниден «Қазақстан деген мемлекетті білесің бе, картадан көрсетші» десең, көрсете алмайды. Оны не үшін қойғанына таңғаламын.  Егер де ол Қазақстанға келіп тегін концерт берсе, не Қазақстан туралы бір сөз айтса түсінер едім.

        Осыған байланысты бір қызық жайды айтайын. Жазушы Дулат Исабеков Лондонда кітабының көрмесін жасаған екен. Сонда Дулат ағамыз Лондон азаматтарына «Қазақстанда Алматы деген үлкен қаламыз бар. Алматының ең биік Көктөбе деген жеріне «Битлздың» ескерткішін қойдық» деп бір масаттанып айтса керек. Оған шетелдіктер «Битлздың» сіздерге нендей қатысы бар, не үшін қойдыңыздар?» деп таңғалып,  мазақ қылып күлген көрінеді. Ойлап қарасаңыз, шынында, күлкілі нәрсе. Оған қоса, тиіннің де ескерткішін қойдық. Мүсін дейін десең, қоладан емес, шөптен жасалған. Айтуға да ұяласың.  Шетелдіктер біздің еуропалық стильдегі мүсіндерге таңғалмайды, күледі. Керісінше, олар біздің ескерткіштеріміз, мүсіндеріміз арқылы рухани танымымызды, салт-дәстүрімізді көріп, Қазақ елін танығысы келеді. Ұлттық нақышта жасалынған мүсіндеріміз туристерді қызықтырып, шақыратындай болуы тиіс. Нақты айтқанда, ұлттық нақыштағы мүсіндермен ғана бүкіл әлемді таңғалдыра аламыз. Мәселен, Египеттегі өзіндік қолтаңбасы бар фараондарды, Италиядағы Микеланджело, Франциядағы Т.Бонтан, Нью-Йорктегі «Бостандық» т.б. даңқты ескерткіштерді бүкіл әлем көру үшін барады.  Сол арқылы пайдалы қазбалары болмаса да, ескерткіштері арқылы ел экономикасын көтеріп, бюджеттеріне ақша түсіп жатыр. Бізде де дәл солай болса,  қазақы құндылықтарымызды дәріптеліп, ел экономикасы да біршама көтерілер еді. 

— Ескерткіш-мүсіндерді тапсырыспен жасайсыз ба, әлде еркін шығармашылықпен жасаған ұнай ма?

— Шығармашылық жұмыстарды жасасам рахаттанар едім. Өкінішке қарай, оған ешкім ақша төлемейді және ешкім тапсырыс бермейді. Амал жоқ, тапсырыспен  жасауға тура келеді. Өйткені мүсін жасайтын материалдардың өзі ақшаға келіп тіреледі. Тұрмыс-жағдайды түзеу үшін де ақша тауып, тапсырысты орындаймыз. Ал шығармашылықты түсінетін адам аз. Мысалға, әннің шыңы – опера болғанымен, көбісі түсіне бермейді. Зейін салып тындасаң, операда терең мағына жатыр.  Шығармашылық жұмыс та опера секілді. Ал тапсырыстар жай эстрадалық әндерге ұқсайды. Бәрі ду қол шапалақтап эстрада әндерін тындағанымен, түбінде ойланатын-толғанатын дүние жоқ. Ал шығармашылық жұмыстар да дәл солай, мән беріп үңіліп қарасаңыз, мүсіндер де үнсіз сөйлейді.

— Қазіргі таңда бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз бар ма?

— Қазір үйренейін дейтін жастар жоқтың қасы. Бәрінің ойында бірінші орында ақша тұрады. Өнеріңіздің қыр-сырын білейін, батаңызды алайын демейді. Құдды бір затты саудалауға келгендей бас салып, «қанша төлейсіз» деп бата емес, еңбекақы мөлшерін сұрайды. Не болмаса тегін жұмыстарды жасатып алады деп ойлауы да мүмкін. Ойларында өнерге деген қызығушылық емес, ақша тұратынын сезсем, ондай шәкірттерден бірден бас тартамын.

       Ал мен берген ақшаны қанағат қылып, шыдап жұмыс істегендер де баршылық. Қазір сол шәкірттерім өз беттерімен жеке бригада ашып, үй алып, көлік мініп, жағдайларын жасап алды. Батамды алып, үйреткендерім үшін әлі күнге дейін маған алғыстарын айтады.  Өзім де кезінде Қазақстанның тұңғыш мүсіншісі, «Абай» ескерткішінің авторы Хакімжан Наурызбаевтан ақша емес, бата алған жанмын. Ол кісіден мүсін өнерінің қыр-сырын үйреніп, қазір әжетіме жаратып жатырмын. Жастар да осылай өнерге деген қызығушылықтарын ақшамен өлшемесе екен деймін. Жан-тәнімен беріліп, мүсін жасаудың тың құпия-тәсілдерін үйреніп алса өздеріне жақсы болар еді.

    Осы орайда, шәкірттерім деп – қыздарымды ғана ауыз толтырып айта аламын. Екі қызым да жолымды қуып, Жүргенов академиясын бітіріп, сонда сабақ берді. Қазір екеуі де маған қолғанат. Бір мүсін жасайтын болсақ, үшеуміз ақылдасып жасаймыз.

— Шәкірттеріңізге ең басты қояр талабыңыз қандай?

— Басты талабым – әдет-ғұрып, дәстүрді ұмытпай, тарихымызды білуі қажет. Елге, далаға деген махаббаты мол болуы тиіс. Қазақ даласының иісін сезіне білген адам дарынды бола түседі. Сонда ғана сәтті мүсін шығады деп айта аламын. Ал қазақтың тарихын, салтын білмеген адамнан қазақы бейне, шынайы  мүсін шыға қоюы екіталай.

— Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер: