Тілге қатысты талас-тартыста Одақтан бір жазушы үн қатпайды
Бүгін Алматыда Жазушылар одағының ХVI құрылтайында ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса былай деді:
— Әлеуметтік желідегі тоқпақтауды тоқтатайық, әйтпесе Жазушылар одағының төрағасын сайлау Президент сайлауынан да «маңызды» болып кетті.
Жазушылар тіл туралы талас тартыста белсенді емес. Мемлекеттік тілге қатысты талас тартыста одақтан бір жазушы үн қатпайды. Әлеуметтік желіде жазушылар одағы керек пе, керек емес пе деген мәселе қаралатын болды, бұл дұрыс емес. Жазушылар одағы керек" деген ойымен сөзін аяқтады.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марат Тоқашбаев бұл құрылтайда алдағы 5 жылдықтың бағыты белгіленетінін айтады.
— Қазақстан Жазушылар одағының жарғысына сәйкес 5 жылда бір рет есеп беру-сайлау жиналысы болып тұрады. Бүгін мінекей Қазақстан жазушылары мен қаламгерлерінің үлкен жиыны, үлкен бас қосуы. Бұл өткен 5 жылға есеп беріп, алдағы 5 жылда атқарылатын жұмыстарға бағыт-бағдар белгілейді. Бүгінгі жиынның алдында өте көп дау-дамайлар болды. Бірақ қазіргі Қазақстанның өтпелі жағдайында біздің елімізге тұрақтылық керек. Ол тұрақтылық зиялы қауымнан, Қазақстан Жазушылар одағы сияқты үлкен бірлестіктен басталады. Сондықтан бүгінгі жиында өздерінің шешімдерін еліміздің ертеңі үшін баянды болатындай қабылдайды деп сенемін, – деді жазушы-публицист Марат Тоқашбаев.
Еске салайық, бүгін Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының кезекті ХVI құрылтайы өтіп жатыр. Құрылтайда одақтың жаңа төрағасын сайлайды. Бұл қазіргі уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселердің бірі.