Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 02 Наурыз 2022

Тілсіз қазақ қазақ па?

None
None

          Өткен жылғы халық санағы қазақтардың үлесі өз елінде, өз жерінде 70 пайыздан асқанын дәлелдеді.

Мың өліп, мың тірілген қазақтың бұл жүз жиырма жыл күткен асыл арманы еді.

   Бүкіл ресейлік 1897 жылы өткізілген халық санағы бүгінгі өз территориясында тұратын қазақтардың саны 80 пайыз екенін көрсеткен, бірақ ол санақта «қазақ» деген атау жоқ, бізді «киргиз» деп атаған.

1905 жылы Петербордағы Ресей Думасында сөз сөйлеген Әлихан Бөкейханов «Әлхамдуллә 6 миллион қазақ бармыз», деген екен. Патшалық Ресейге қазақтың елі емес, жері керек болғандықтан, басы артық қаңғыбастарын, қара шекпенділерін қазақ жеріне тоғыта берген.

Октябрь социалистік революциясының жеңісімен билікке келген Кеңес үкіметі қазаққа деген қастандықтарын өршітпесе, азайтқан жоқ. Сендер «бай-кулактарсың» деп, малмен күн көріп отырған қазақтардың малдарын тонап, тартып алып, Ресейге тасыса, артынша «біз сендерді отырықшылыққа үйретеміз» деген желеумен, зорлап коллективтендіру кезінде ашаршылыққа ұрындырып, қазақтың тең жартысын қырғынға ұшыратты.

Алаш арыстарының жанқиярлық күрескерлік еңбектерінің арқасында 1936 жылы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы құрылды. Бұл бақытты момын қазақ жұртына қиғысы келмеген Сталин 1937 жылы репрессия ұйымдастырып, қазақтың сүт бетіне шығатын оқыған, көзі ашық 70 мың қайраткерін «халық жауы» деген жалған айыптаулармен атқызып жіберді. Билікке табынған, оның айтқандарына құдайдай сенетін қараңғы халық бар асыл арыстарынан айырылып қала берді.

Осы Алматыда 1938 жылы 25 ақпан күні Қазақ ССР прокуроры Есқараев Сулейменді, денсаулық сақтау министрі Аспендияров Санжарды, Сәкен Сейфуллинді, Жүргенов Темірбекті, Жұбанов Құдайбергенді барлығы 39 қайраткерлерді атса, 26 ақпан күні Жазушылар одағының төрағасы Ілияс Жансүгіровты, Бейімбет Майлинді, Ораз Жандосовты, Жұмат Шанинды барлығы 40 қайраткерді екінші күні атады. Бас аяғы он күннің ішінде 502 арыстай азаматтарымызды оққа байлайды. (Мақаш Тәтімов «Қазақ әлемі» 132-140 беттер. Атамұра баспасы, Алматы, 1993 ж).

1941-1945 жылдардағы 2-дүниежүзілік соғысына қазақ халқының қару ұстауға жарайтын азаматтары түгелдей шақырылып, олардың тең жартысы соғыс құрбандарына айналды. Осылардың барлығы сұрауы, өтеуі жоқ, судай шашылған, төгілген қазақтың қаны. Осындай тауқыметтерді басынан өткерген қазақ халқы шындығында мың өліп, мың тірілген халық.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1905 жылы 6 миллион болған қазақ халқы 1959 жылғы Бүкілодақтық халық санағында бар болғаны 2 миллион 787 мың адамды құраған. Бұл Қазақстан халқының 30 пайызы еді. Орыстар болса, 3 миллион 972 мың адамды құрап, Қазақ ССР халқының 42,7 пайызы болатын.

1979 жылы Қазақстандағы қазақтардың саны 5 миллион 280 мың адам болып, халықтың 36 пайызын құраса, орыстар 5 миллион 991 мың адамды құрап, халықтың 41 пайызын құраған.

Тәуелсіздік Декларациясын қабылдағанда, Конституция баптарын талқылағанда, халқымыздың аздығын көзге шұқып, көп кедергі келтіргені белгілі. Өткен жылғы Тәуелсіз қазақ мемлекетінде жүргізілген халық санағы қазақтардың өз жерінде 70 пайыздан асқанын көрсетті. Бұл бүкіл дүниежүзіне жар салып, сүйінші сұрайтын қуанышты жаңалық еді.

Осы қуанышқа Қазақстанда тұратын, қазақша таза сөйлейтін, түбі бір түркілес бауырларды: өзбектерді, ұйғырларды, түріктерді, әзербайжандарды, татарларды, балқарларды, қарашайларды қоссақ, Қазақстандағы қазақ тілінің аясы 80 пайызға жуықтайтыны сөзсіз. Тек халықты соған бағыштау қалды.

Осы қуанышты халықтың мерейін үстем ететін, еңсесін бір көтерейін деген ниетпен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтса, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда олай болмады.

Өкінішке қарай, Президентімізге Қазақтың мерейінен гөрі Путиннің «Қазақстан орыстілді мемлекет» дегені көбірек ұнайтын сияқты. «Жабулы қазан жабулы қалсын», дегені болар, халық санағын жүргізген Айдапкелев Нұрболатты санақ қорытындысын шығартпай, басқа жұмысқа ауыстырып жіберді де, мен «Жаңа Қазақстан құрамын» деп, отыз жылда әрең қазақша сөйлей бастаған Қазақстан үкіметтің премьерінің бірінші орынбасары етіп, қазақша білмейтін Роман Склярды апарды. Осындай  әрекетін парламент сенатына, сыртқы істер министрлігіне де жасады. Бұл жаңалық емес, артқа шегіну.

Кешегі Кеңес одағы кезінде, бір қазақтың артына бір орысты тіркеп қоюды қазақ басынан өткерген. Тәуелсіз қазақ мемлекеті жас сәби мемлекет, өмірге келгеніне 30 жыл ғана болған, ол ескі де, кәрі де мемлекет емес.

Президент қазаққа жақсылық жасайын, жақсы атым тарихта қалсын, екінші рет Президенттікке сайланайын десе, қазақ тілін өз тұғырына қондыруы керек.

Мемлекеттік тіл, шын мәнінде мемлекеттік тіл болып, мемлекеттік басқарудың барлық саласынан көрінуі қажет.

Қазақ тілі болғандықтан, Қазақ мемлекеті атанып отырғанымызды түсінентін уақыт жетті, ағайын! Басқа жол жоқ.

Тегтер: