Тимур Құлыбаевтың компаниясы оны көк тиынсыз қалдырды

«Кристалл менеджмент» акционерлік қоғамы 2024 жылдың қорытындысы бойынша акционерлерге дивиденд бөлмеу туралы шешім қабылдады. Бұған компанияның қаржылық нәтижелерінің нашарлығы себеп болды.
KASE сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, өткен жылы кәсіпорынның таза шығыны жарты миллиард теңгеден асқан. Осыған байланысты акционерлер жиналысы табысты бөлу тәртібін бекітпей, бір акцияға шаққандағы дивиденд мөлшерін белгілемеуді ұйғарды.
Компанияның 51%-ы Тимур Құлыбаевтың Joint Resources холдингіне тиесілі. Қалған үлестердің иелері:
-
«Евроазия Констракшн» ЖШС (Аскар Аубакиров, Қайрат Қырымов),
-
«Позитив-А» АҚ (Жұмабике Жилбаева),
-
«FCI Management LLP» ЖШС (Раушан Сәгдиева).
«Кристалл менеджмент» Қызылорда облысындағы Сұлутабан кен орнында барлау жұмыстарымен айналысады. Алайда жоба әлі белсенді өндіру кезеңіне өткен жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Құлыбаевқа тиесілі бірнеше басқа компания да қаржылық көрсеткіштердің нашар болуына байланысты дивиденд төлемеген еді. Сонымен қатар, соңғы уақытта ақпарат құралдарында оның мұнай-газ саласынан кетуі мүмкін деген сөз пайда болған.