Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Тимур Сүлейменов: Базалық мөлшерлеме 2026 жылдың ортасына дейін төмендемеуі мүмкін

Тимур Сүлейменов
Фото: akorda.kz / depositphotos

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешімнің себептерін түсіндіріп, кемінде 2026 жылдың бірінші жартысында оны төмендету екіталай екенін айтты.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, инфляцияны тежеу және тұрақты дезинфляциялық үрдісті қалыптастыру үшін алдағы жарты жылда қатаңдау ақша-несие саясатын сақтау қажет. Осы болжамға әсер еткен бірқатар проинфляциялық факторлар бар.

Соның бірі – қаңтар айынан бастап күшіне енген жаңа салық нормаларына бизнес пен халықтың бейімделуі. Сүлейменовтің айтуынша, заңнамалық өзгерістердің экономикада нақты қалай жұмыс істейтіні бірден көрінбейді.

"Кодексте бір нәрсені бекіту бір бөлек, ал іс жүзінде бизнес пен азаматтардың оған қалай бейімделетіні — мүлде басқа мәселе. Әсіресе микробизнес үшін ҚҚС-қа бейімделу уақытты талап етеді. Бұл процесс бизнеске де, бізге — реттеуші орган ретінде де оңай емес, - деді ол.

Сонымен қатар сәуір айынан бастап тарифтік-бaғалық реформаның қайта жандануы да инфляцияға қысым түсіруі мүмкін. Мораторий аяқталғаннан кейін реттелетін қызметтер бағасының қаншалықты өсетіні әзірге белгісіз.

"1 сәуірден кейін тарифті реформа қайта басталады. Қандай параметрлерде, қанша пайызға дейін өсіруге рұқсат берілетіні бізге де, үкіметтегі әріптестерге де нақты мәлім емес. Бұл сәуір-мамыр айларында инфляцияға әсер етуі мүмкін. Сондықтан алғашқы жарты жылда жағдайды мұқият бақылауымыз қажет, - деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.

Сүлейменов сондай-ақ жаһандық нарықтардағы тұрақсыздықтың да Қазақстан экономикасына ықпал ететінін атап өтті. Сауда соғыстары мен халықаралық қақтығыстардың ушығуы шикізат бағасы мен қаржы нарықтары арқылы ел ішіндегі инфляциялық қауіпті күшейтуі мүмкін.

Еске салайық, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені екінші рет қатарынан 18 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. .