Тимурдың ақшасы мен Болаттың «бақшасы»
Тимур Құлыбаевтың қызметінен кеткені елеусіздеу өтті. Алты алашқа жар салып, сүйінші сұрайтындай-ақ жаңалық еді.
Неге? Өйткені Тимур – ескі Қазақстанның «елесі». Тимурлар тұрғанда, Әділетті Қазақстанның әдірем қалатыны даусыз әңгіме! Құлыбаев – Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі. Тіпті әлемдегі әйгілі миллиардердің санатындағы қалталы адам екенін доллар көрмеген дүмше де долбарлайды. Осындай адамның ың-шыңсыз қызметінен кетіп қалуы мүмкін бе?! Сенгің-ақ келеді, бірақ?..
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл өзгерісті былайша түсіндіріпті:
«Тимур Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығынан өз еркімен кетті. Біздің президент бұдан былай байлықта теңсіздікке жол жоқ екенін түсіндірді», – дейді. Байлықта теңсіздікке жол дегенді біз де өзімізше тәпсірлеп көрсек. Әрине, бұған дейін байлықта теңсіздік салтанат құрды. Отыз жыл бойы тұңғыш президенттің ет жақындарының бәрі есепсіз байлыққа кенелді. Тимур сол байлардың басындағы баһадүр. Forbes журналы былтыр қаңтарда Құлыбаев байлығын 3,1 млрд долларға бағалаған-ды. Әйелі – Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Назарбаеваның да байлығын солай шамалайды. Одан бері 1 жыл аунады. «Атамекенді» теспей сорған Тимур байлығын еселемесе, есе жіберген жоқ. Динара ханымның да қалтасы қалыңдағаны анық. Өткен аптада ғана ерлі-зайыпты миллиардерлер «Халық» банктегі 56,39 пайыз үлестерін сатуға шығарды.
Біз бұл жазбамызда Тимурдың қалай байығаны, қандай бизнестері бар деген тақырыптарға тоқталмаймыз. Ол туралы айтылып, жазылып жүр. Біздің айтпағымыз экс-елбасының аттан түскені рас па: жақындарының қызметтен кетіп, бизнестерін сатуы, Қазақстандағы ықпалдарының азайғаны шындық па, деген тақырыптарға ойша бағам жасап көру.
Отыз жылда Тимур мен Динара ғана байыған жоқ. Бұл әулетке ет жақындардың бәрі есепсіз қаржыға кенелді. Естен тандырарлық ертегідегідей өмір сүрді. Бұл туралы Amanat партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров мәлімдеді. Ол Болат Назарбаевтың меншігіндегі жер телімдеріне тоқталып, бір адамның мемлекет бюджетіне қанша қаржы зиян келтіргені туралы деректер айтты. Сөзбе-сөз берейік.
«Болат Назарбаев деген қазақстандық азамат бес жыл мерзімде Қаскелең, Талғар, Астана қалаларында коттедж қалашығын салуға, әкімшілік ғимарат, базар салуға 244 гектарды құрайтын 59 жер телімін алған деген ақпарат бар. Сол кісінің фамилиясына берілген қағаздар менің қолымда. Бұл жер телімдерінің нарықтық бағасы жүздеген миллион доллар тұрады. Ал цифрлық даму министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2 миллион азамат 10 сотық жер телімін ала алмай телміріп жүр. Бұл не деген әлеуметтік теңдік?! Конституциядағы теңдік принциптері қайда? Осындай әлеуметтік теңсіздік халықтың ашуын тудыратыны сөзсіз. Бұндай бұраудың міндетті түрде сұрауы болады» – дейді саясаттанушы.
Болат Назарбаевтың меншігіндегі жер телімдері бұл ғана емес екені баршаға аян. Е.Саиров: «Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бас прокуратура, жер ресурстары комитеті анықтағандай, жер телімдерінің басым көпшілігі заңсыз рәсімделген. Қазір бас прокуратура осы жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз бұл мәселені қоғамдық бақылауда ұстаймыз», – деп атап өтті саясаттанушы.
Бұдан бөлек, қоғамдық кеңеске Құлыбаев, Клебанов, «АрселорМиттал», «Халық» банкі, «Жусан» банкіге қатысты материалдар да түсіп жатқаны туралы айтылуда. Саировтың айтып отырғандары бергі әңгімелер ғана. Басқа дөкейлерді айтпағанда, «Қарасай ауданының батыры» деген ресми атағы бар Болат Назарбаевтың меншігіндегі жер телімдері ғана емес, әйелдері туралы әңгімелердің өзі бірер хикаяға бергісіз. Ал ол сылқымдардың иелігіндегі жылжымайтын мүліктердің есебін айтсақ, Қазақстанның отыз жылы сол әулет үшін ғана өмір сүргенін іштей мойындайсыз!..