«Титанның» жұмбақ апаты. Батискафтың корпусы мерзімі өткен өнімнен жасалған болуы мүмкін
Ғасырдан астам уақыт бұрын мұхитқа 3800 метр тереңдікте батып кеткен аты аңызға айналған «Титаник» кемесінің қалдықтарына саяхатқа шыққан «Титан» батискафы апатқа ұшырады.
Сүңгуір қайық суға батқаннан кейін 2 сағатқа жуық уақыттан соң байланысын үзген.
Батискафтың апатқа ұшырағана 3 апта өтсе де, оған байланысты түрлі болжамдар айтылып жатыр.
Мерзімі өткен өнім
Washington Post апатқа қатысты сенсациялық ақпаратты жариялады. Қираған қайықтың ішінде болған OceanGate компаниясының бас директоры Стоктон Раш журналист Арни Вайсманға берген сұхбатында «Титанның» құрылысында мерзімі өткен өнімдерді пайдаланғанын мойындаған.
Раш апаттан аз уақыт бұрын Travel Weekly бас редакторы Арни Вайсманмен сөйлескен. Бір қызығы, Вайсман да апатқа ұшыраған батискаф ішінде болуы мүмкін еді. Алғашында журналист мамыр айында экспедицияға қатысуға келіседі, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл сапар болмайды. Журналист жоспардың өзгеруіне байланысты кейін апатқа ұшыраған маусым айындағы экспедицияға қатыса алмайды.
Арни Вайсман WP тілшісіне «Титан» апатының алдында Стоктон Рашпен сөйлескенін айтты. Ол Раштың әңгіме барысында «ұшақтарда пайдалану мерзімі өтіп кеткен» көміртекті талшықты Boeing-тен жеңілдікпен сатып алғанын айтқанын еске алды. Вайсман «алдағы уақытта бұл мәселе тудырмай ма?» деп сұрағанда компания басшысы «бәрі жақсы болады» деп жауап берген.

Стоктон Раш пен Арни Вайсман «Титан» ішінде. Фото: Travel Weekly
"Өкінішке қарай, бұл оның мінезі. Қоғам бұл қадамды орынды сынға алды. Өйткені ол істегені үшін жауап беруі керек", — дейді журналист.
«Титанды» мұхиттан алып шыққан «Одиссей»
Батискафтың қирағаны белгілі болғаннан кейін оның қалдықтарын шығару жұмыстары басталды. Бұл үшін қашықтан басқарылатын «Одиссей» сүңгуір қайығы пайдаланылды. «Титанның» қалдықтары Атлант мұхитының 3600 метр тереңінен, «Титаниктен» 500 метр қашықтықта табылды.

Құтқару операциясына «Одиссей» қатысты. Фото: PELAGIC RESEARCH SERVICES
АҚШ Океанографиялық институтының ғылыми қызметкері Энди Боуэннің айтуынша, Титанның қалдықтарын алу үшін су бетіндегі кемеге құтқару батискафы қосылған. Кабельді су астындағы қоқыстарға бекіту үшін робот та жұмысқа тартылған. Боуэн мұндай тереңдіктен батискаф қалдықтарын алу өте қиын жұмыс екенін айтты.
Бейне ойындарға арналған қашықтан басқару құралы
Көптеген адам апатқа ұшыраған «Титанды» бейне ойындарға арналған Logitech F710 қашықтан басқару құралымен басқарғанына таң қалды. 2010 жылы шығарылған және bluetooth арқылы жұмыс істейтін мұндай қашықтан басқару құралын интернет-дүкендерден 30 долларға сатып алуға болады.

Раш тіпті қашықтан басқару құралын көрсеткен
Сондай-ақ батискафта қарапайым құрылыс құбырлары балласт ретінде пайдаланылды, ал кеменің іші қарапайым компьютерлік дисплейлермен жабдықталған.
Микрожарықтар
Мұхит түбіндегі жарылып кеткен батикафты зерттеген мамандар оның корпусынан бірнеше микрожарықтардың табылғанын айтты. «Титанның» корпусы, ең алдымен, көміртекті талшықтан жасалған, жоғарыда аталған Boeing-тен арзан бағаға сатып алынған және ұшақта пайдалану үшін жарамдылық мерзімі өткен. Плимут университетінің доценті Джаспер Грэм-Джонс бұл жарықтар Титанды көп рет пайдаланғандықтан пайда болды деп болжайды. Қайық суға түскен сайын жарықтар ұлғая берген. Жарықтардың пайда болу себебі, оның корпусы су астындағы үлкен қысымға төтеп бере алмаған.
Доценттің айтуынша, апатқа электр қуатының бұзылуы, коррозия, өрт немесе басқа нәрселер себеп болуы мүмкін. Жарықтар қайық корпусының материалының төтеп бере алмауынан болған.
«Микроскоппен тексергенде материалдағы жарықшақтардың бағытын көруге болады», — дейді ғалым.
Айта кетейік, «Титаник» батқан жердің 3800 метр тереңдігінде қысым 400 атмосфераны құрайды. Бұл шаршы дюймге шамамен 2700 кг қысымды білдіреді.
Батискафтың корпусы су түбіндегі қорқынышты қысымға төтеп беретін арнайы сенсорлармен жабдықталған композициялық материалдан жасалған. Аустралиялық сарапшы Эрик Фузилдің айтуынша, мұндай қорғанысқа қарамастан, кез келген болмашы ақаудан оның 40 миллисекунд ішінде жарылуы мүмкін.
Ескертулер еленбеген
«Титанның» қауіпсіздік талаптарына қайшы келетін басқа да көптеген ақауы бар делінген. Мысалы, Би-Би-Си батискафтың сыртынан толығымен болттармен бекітілгенін атап өтті. Яғни, ол шынымен су бетіне көтерілген кезде де адамдарды шығару үшін болттар сырттан ашылуы керек. Мұндай жағдайда су түбінен көтерілген экипаждың ауа жетпей өлуі де ғажап емес.
2018 жылы Мұхиттың операциялары жөніндегі директоры қызметін атқарған Дэвид Локридж кеменің қосымша қауіпсіздік сынақтарынан өтуі керегі туралы есеп дайындайды. Онда «Титан» қажет тереңдікке түскенде, экипаж үшін қауіпті болады делінген. Сондай-ақ, сүңгуір қайықтың бақылау терезесі 1300 метр тереңдікке дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беретіні аталған.
Осы хабардан кейін компания Дэвид Локриджді жұмыстан шығарды. Сол жылы Америка теңіз технологиялары қоғамының 38 мүшесі OceanGate бас директоры Стоктон Рашқа сүңгуір қайықтың қауіпті екенін айтып хат жолдаған.

Қаза болған 5 адам. Фото: Yahoo
Қауіпсіздік талаптарын ұнатпаған Раш
«Титанда» қаза тапқан OceanGate зерттеу компаниясының басшысы Стоктон Раш қауіпсіздік талаптарының тым көп болуы инновацияға кедергі болатынын бірнеше рет айтқан. Оның айтуынша, әртүрлі стандарттар кемелерді классификациялау процесін баяулатады.
Оның бортында болған саяхатшыларға батикафтың мемлекеттік лицензиясы жоқ екендігі ескертілген. Салдарынан компания директорынан бөлек британдық миллиардер Хамиш Хардинг, француздың теңіз ардагері Поль-Анри Нарджоле және пәкістандық кәсіпкер Шахзада Дауд пен оның 19 жастағы ұлы Сүлейман қаза тапты.