Тиын тұратын батарея алуға миллиондап қаржы бөлген
Жамбылда мемлекеттік сатып алу кезінде арзан тұратын батарея алу үшін әр данасына 901 700 теңгеден, яғни 10 батарея алу үшін жалпы сомасы 9 миллион 17 мың теңге бөлгендердің ісі әшкере болды.
Қазына қаржысына қол салу, қол салғанда да мол салуды ойлағандардың жымысқы әрекеттерін әшкерелеген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс істеген жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы шынашақтай батареяның әр данасын 901 700 мың теңгеге бағалап, осындай 10 батареяны сатып алуға 9 миллион 17 мың теңге бөлген.
Департаменттің ұсыныс хатынан кейін бағалар қайта қаралып, батареяның әр данасы 300 теңгеден сатып алыныпты. Сонымен қатар білім бөлімі де компьютерлер үшін 300 мың теңгенің орнына бір данасын 380 мың теңгеге алмақшы болған. «Жоспарды оңтайландырғаннан кейін осы сатып алудың біреуі арқылы 16 миллион теңге үнемделді», – деп атап өтті сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкері.
Жалпы алғанда, мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралғаннан кейін бюджет қаражатынан миллиард теңге үнемделіпті.