«Тіл – әр халықтың байлығы» форумы

2025 жылдың 21 тамызында Бейімбет Майлин ауданында Тілдер күніне орай «Тіл – әр халықтың байлығы» атты форум өтті.
Аталған іс-шара еліміздегі түрлі этностар арасындағы достықты, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, мемлекеттік тілді насихаттау, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Форум жұмысына Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, тіл жанашырлары, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, мұғалімдер мен оқушылар, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар тілдің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді сақтау жолында тілдердің біріктіруші рөл атқаратынын атап өтті. Форумда мемлекеттік тілді дамытудағы жетістіктер, этностардың тілі мен мәдениетін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндамалар оқылды, пікір алмасулар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ форум аясында Бейімбет Майлин ауданының мәдени өміріне белсене атсалысып жүрген, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын нығайтуға, этносаралық келісімді сақтауға және бейбітшілік идеяларын насихаттауға айрықша үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан алғыс хаттар табысталды.