Тіл ғалымы Ж.А.Манкеева зерттеулеріндегі жаңалықтар

Қазақ тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан, білікті ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкееваның зерттеулері құрылымдық лингвистика, антрополингвистика, этнолингвистика, тілдегі этноцентристік бағыттарға арналған.
Соның ішінде сөз мағыналарын ашу, этномәдени атаулардың бойындағы мәдени кодты ашу, тарихи түбірлерде сақталған мағынаның сақталу ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған. Ғалымның зерттеулеріндегі теориялық жаңалықтарға тоқталатын болсақ:
Бірінші жаңалық. Ж.Манкеева зерттеулері қазақстандық неогумбольдтық бағыттың жалғасы іспетті. Себебі профессор В.Гумбольдтың «халық – тілді жасаушы, тіл – халықтық рухтың жемісі» тұжырымын басшылыққа алған Э.Сепир, Б.Уорф, И.Вейсгербер ілімін қазақ тілінде жалғастырып келеді. Ж.Манкееваның зерттеуінде: «Салт-дәстүрлер жай қолданбалы нәрсе не науқандық, мерекелік көрнекі құрал емес. Олардың шығармашылық сипаты – ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Демек, ұлттың дүниетанымымен сабақтас қалыптасқан материалдық өндіріс пен тұрмыс күйі де әркімнің жеке басының жағдайына байланысты күй емес. Ол – халықтың әлеуметтік-психологиялық, мәдени, тұрмыстық, дүниетанымдық негізін – ұлттық санасын қалыптастыратын құбылыс. Оның негізгі бір сипаты – оның тұрақтылығы. Ол оңайлықпен өзгере салмайды, тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Сол арқылы ұлт өмірінің желісі үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. Әртүрлі ұрпақ өкілдері бір ұлтты құрайды», – деп көрініс тапқан тұжырымынан «тіл – халық өмірінің көрінісі» деген түйінді аңғарамыз.
Екінші жаңалық. Қазақ тіл білімінде тілдің қарым-қатынас қызметінен тыс кумулятивтік (мұрагерлік) қызметі бар екенін дәлелдеп көрсеткен ғалым – Жамал Манкеева. Тілді антропоцентристік бағытта зерттеу қазақ лингвистикасында 1998 жылдан бастап қалыптаса бастады. Әсіресе профессор К.Ш.Хұсайын басқарған жылдары Тіл білімі институтында жас ізденушілер мен аспиранттарға «Когнитивтік лингвистика», «Лингвоелтану», «Лингвомәдениеттану», «Психолингвистика» салаларынан диссертациялық тақырыптар ұсынылды. Осы жылдары ғалым қазақ тілінің мәдениеттанымдық бағытын қалыптастырды. Оннан аса диссертациялық жұмыс қазақтың ұлттық материалдық және рухани мәдениет атауларын жаңғыртты, ондағы мәдени кодты ашты. Осы тұста ғалым Жамал Айтқалиқызы тілдің кумулятивтік қызметінің мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда маңызды екенін жіті түсіндірген болатын: «Тілдің ішкі формасы мен мазмұнын, халқымызға тән рухани қазынасын бойына сіңіріп, сақтаған тілдік деректердің бүгінгі ұрпаққа жеткізілген құдіреті – тілдің кумулятивтік (мұрагерлік) қызметімен байланысты. Зерттеу негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениеттің тіл арқылы танылуының теориялық мәні тарихи лексикология мен тарихи морфологияға, этнолингвистика мен лингвомәдениеттану және елтануға тікелей қатысты болса, ал түсіндірме, этимологиялық, екі тілді аударма сөздіктер жасауға, олардың мазмұнын неғұрлым сапалық жағынан жетілдіре түсуге, сонымен бірге мұражайлардағы коллекциялар мен этнографиялық экспонаттарды түсіндіріп, паспорттауға, елтанытушылық қызмет пен қазақ тілін оқытып, үйретуге қатысты бұл бағыттың практикалық құндылығын бағалауға болады. Сайып келгенде, тілдің тек танымдық-мазмұндық жағы ғана ашылып қоймай, сонымен бірге мемлекеттік мәртебеге сәйкес қазақ тілінің бұрын толық көрінбеген қырлары да ашыла түседі».
Ғалымның зерттеулерінде тілдің мағынасын ашу, тану арқылы сол тіл иелерінің өмірін, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін анықтау этнографиялық экспедиция жасаудан әлдеқайда тиімді, бірақ күрделі екенін байқауға болады. Себебі ғалым Ж.Манкеева тілдің бойындағы мағынаны анықтауда алдымен тарихи-этимологиялық зерттеуге сүйенеді: «Қазақ тілі лексикасының қалыптасуын тарихи тұрғыдан қарастырсақ, қазақ халқы жеке ел болып, халық ретінде қалыптасқанға дейін-ақ халықтық» тілдің қалыптасу нышандары, оның тарихи негіздері мен арналары өз бастауларын көне дәуірден, атап айтқанда, жалпы түркілік кезеңнен алады» деген ұстанымын бірінші қояды. Мысалы ғалым зерттеуіндегі «іč ton «іш киім» (штан), kedim ton «бір киер қонақ киім», qulaq ton «қысқа жеңді киім», tulton «жесірдің киетін қаралы киімі» т.б» талдаулар «тарихтан қазіргіге қарай», «көнеден жаңаға қарай» әдісін қалыптастырғанын аңғарамыз».
Сонымен қатар, ғалым тілдің кумулятивтік қызметін зерттеудің иерархиялық жолын көрсетеді. Ұлттың тұтастығын сақтайтын да, тілдің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілу тетігі, яғни мұрагерлік қасиетін сақтайтын да этнолексемалар мен мәдени атаулар екенін дәлелдеген болатын. Оған мына тұжырымдары нақты дәйек бола алады: «Халқымыздың рухани өрісімен сабақтас қалыптасқан, кумулятивтік қызметі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып беріліп келе жатқан ана тіліміздің мәдениетке қатысты ұшан-теңіз қазынасының тілдік табиғатын зерттеу негізінде олардың ұлттық болмыс-мазмұнын анықтау – қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселелердің шешімін табуы мынадай міндеттердің орындалуын қажет етеді:
а) төл мәдениетіміздің өткен дәуірлерінен елес беретін көне тамырлы, ұлттық бояуы қалың алуан түрлі атаулар мен ұғымдарды эпостық жырлардан, ақын-жыраулар шығармаларынан, фразеологиялық тіркестер мен диалектілік және кәсіби лексика құрамынан, паремиологиялық жүйеден, прецедентті, сакральды атаулардан т.б. жиып көрсету;
ә) этнолексика түрінде сақталған осындай ұшан-теңіз байлықты кез келген жеке тілдік фактіге байланысты емес, белгілі бір қарым-қатынастар мен байланыстардағы кәсіби, әлеуметтік, гендерлік т.б. мағыналық-тақырыптық топтарға жіктеу;
б) эпостағы ия ақын-жыраулар өмір сүрген дәуірдегі, не фразеологиялық т.б. тіркестер мен диалектілік ия кәсіби лексикадағы қолданылу өрісіне байланысты семантикасы өзгерген сөздерге функционалды-семантикалық, ономасиологиялық талдау жасау;
в) семантикалық, грамматикалық даму барысында, қолданылу аясында көптеген өзгерістерге ұшыраған мәдениетке қатысты этнолексикаға жасалған тарихи-лингвистикалық реконструкцияны мәдени реконструкциямен сабақтастыру;
г) мәдени атаулардың этногенездік тарихи көздерін жаңғыртуды көне түркі ескерткіштері мен түркі тілдері жүйесінің тарихи қабаттарын тіл аралық салыстыру арқылы анықтау;
ғ) кейбір мәдени атаулардың архетиптерінің өзегін құрайтын тарихи туынды түбірлерде «сүрленіп» қалған «өлі» түбірлерді фоно-морфо-семантикалық құрылым негізінде диахрондық тұрғыдан сипаттап, уәждік негізін тарихи деривация мен номинация шегінде анықтау;
д) мәдени атаулардың номинативтік және этимологиялық қырларының қалыптасу қағидаларын анықтау».
Үшінші жаңалық. Ғалымның М.Қашқари сөздігінен заттық мәдениет атауларын тізбектеп жинақтап, олардың мәдени кодын ашуы лингвомәдениеттанымдық сөздік құрастырудың алғашқы жұмыстары деп тани аламыз. Мысалы, jalma – желбегей, küp – күбі; küpik – күпі; qajyiq – қайық; say – сабау; tariy – тары, üzänü – үзеңгі; tan – елек < tanla – таңда; japtač – жабу, jetän – мақта мен жүнді тарайтын құрал; joyurt – ашыған сүт, joyuryuč – оқтау, joyurqan – көрпе, jörgömäč – iшекке орап, өріп пісірген тағам; kerim – кілем, kerki – кішкентай балта; kesgü – кесуге арналған құрал; kepäz – мақта; kön – иленген тері, susyay – ожау; tusiq – шелек; tukän – есекке артылған жүктің бір жағындағы қоржын; sayir – сусын дайындайтын ыдыс; könäk – мес; közägü – көсеу; közgü – айна. Қазіргі кезде бұл атаудың (көзгі) сақталмауын оның жаңа атаумен (айна) алмастырылуымен түсіндіруге болатын сияқты. Örgän – жуан арқан; qašuq – жылқының терісінен жасалған торсық; tükäk – жүкті ерге байлау үшін жіптің ұшына бекітілген ағаш сақина > tük // tüj; učan – екі желкенді қайық; ujma – аяқ киім жасайтын киіз > uj «нығыздау»; ugurmak – түйенің арқасына бекітіліп, отыратын орындық ретінде пайдаланылады; ükäk – жерлеуге апаратын зембіл; ükäk – мұнара; sin – төсек; sütük – ірі қара малдың сүйегінен жасалған бұйым; tar – үрленген тері қаптардан, бөренелерден және қамыстан құрастырылған сал; tartiy – буып-түйетін қайыс; ustam – қайысқа не ерге алтыннан ия күмістен салынатын әшекей; ütük – үтік; uzänü – үзеңгі; tim – шарап толтырылған мес; tolqug – үрленген қап, мес; torqu – жібек, қазақ тілінде: торғын//торқа; torpig – егеу; qaqurjan – май жағып, пешке пісірген нан.
Төртінші жаңалық. Қазақ тіліндегі заттық мәдениет атауларының жіктелімін жасады. Қазақтың материалдық мәдениетінде ұлттық киім-кешек атаулары мен ұлттық ас-тағам атауларынан бастап, ат-әбзел атаулары, жиһаз атаулары, мата атаулары, зергерлік бұйымдар мен әшекейлер атауы, қару-жарақ атаулары, ұлттық ыдыс-аяқ атаулары, ою-өрнек атаулары, қолөнер атаулары, еңбек құралдары атауы, киіз үй құралдарының атауы, музыкалық аспап атаулары деп ажыратып көрсеткен болатын. Соның ішінде ұлттық киім-кешек атауларының өзін баскиім, сырткиім, аяқкиім атаулары деп жіктеп көрсетті, ал зергерлік бұйымдарға келгенде де баскиімге тағылатын зергерлік әшекей бұйымдар,сыpт киiмге, бойға тағылатын зеpгеpлiк әшекей атаулаpы деп, ажыратып берді. Ұлттық киім атауларын жас ерекшелікке, әлеуметтік жағдайына (тұрмысқа шыққан келіншек), ру-тайпалық ерекшелігіне, жергілікті, аймақтық ерекшелігіне, салтанатты/тұрмыстық ерекшелігіне (біркиер), мезгіл ерекшелігіне (жазғы, қысқы) қарай айқындады.
Бесінші жаңалық. Қазақтың көркем шығармалары тіліндегі лингвомәдени атаулардың ұлттанытушылық қызметін жаңғыртты. Ғалым Ж.Манкееваның еңбектеріндегі материалдық және рухани мәдениет атаулары түгел дерлік көркем шығармалардан алынған. Жамал Айтқалиқызы халық ауыз әдебиеті жырларынан бастап, Дулат, Шернияз, Ақтамберді, Махамбет, Абай шығармалары, М.Жұмабаев, М.Дулатов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, М.Мағауин, Ә.Кекілбай, Ш.Мұртаза шығармаларымен қоса қазіргі көркем поэзия Е.Раушанов шығармаларындағы этномәдени атаулардың мағыналық қолданысын, семантикалық түрленімін талдап көрсетеді. Этномәдени атаулардың тұрақты тіркестерде, мақал-мәтелдерде жиі қолданылу себептерінің бірі – қазақ жазушыларының ұлттанытушылық ұстанымның басымдығымен түсіндіреді. Оған дәлелді дәйек келтірсек: «Тұpақты тipкестеpдiң түpлеpi жыpаулаpға тән дидактикалық кең мазмұнға және ұмытылмай ауыздан ауызға таpауға ыңғайлы нақыл сөз, толғау pетiндегi фоpмаға сай келедi. Кең далада тipлiк еткен көшпендiлеpдiң шұpайлы тiлi белгiлi бip ұғымды ия затты атау үшiн өлеңдi сөзбен тipкестipе бейнелеп өpдi. Жыpаулаp өмip сүpген жаугеpшiлiк заманға сай ол көбiне әскеpи лексикаға қатысты атаулаp болды. Дегенмен, қаpу-жаpақты бейнелеп атағанда ия хан, қолбасы, батыpлаpды мадақтағанда қолданған тipкестеpдi құpап тұpған сыңаpлаpдың көбi – ұлт мәдениетіне қатысты атаулаp. Солаpдың тұpмыста қолданылатын мағынасы обpаздылық үшiн паpаллель pетiнде пайдаланылды. Немесе ұлт танымына сәйкес ассоциация туғызды. Себебi «күйкi өмipдiң қамы туғызған, отбасы, ошақ қасының жайы жыpау назаpынан тысқаpы жатады» да, жыраулардың кешенді тілдік тұлғасы, әлеуметтік мәртебесіне сәйкес туған философиялық толғауларында қолданылған күнделiктi тұpмысқа қатысты сөздеp номинативтік емес, символикалық сипатқа ие болады».
Қорыта келгенде, қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың басты ерекшелігін, оны зерттеу, талдау әдістерін ұсынып, оның кумулятивтік, ұлттанытушылық қызметін айшықтап көрсеткен ғалым Ж.Манкееваның зерттеулері 2000 жылдары қазақ лингвистикасына лингвомәдениеттану мен этнолингвистика салалаларын этноцентристік, антропоцентристік бағытта жаңаша зерттеуге жол салар құнды еңбектер болды.
Профессор Ж.Манкееваның зерттеулері қазақ тілінің сөздік қорын толықтыруда, ескіліктерді жаңғыртуда, этномәдени атауларды мектеп оқулықтарына ұсынуда, ең бастысы тілде сақталған ұлттық құндылықтардың мәдени кодын ашудың тәсілдерін үйренуде пайдасы мол құнды еңбектер болды.
Айгүл Әмірбекова
филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор