Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:16, 12 Желтоқсан 2023

Тіл мәселесін түбегейлі шешу үшін қатаң заң, қатты талап керек

Аятжан Ахметжанұлы
Фото: из открытых источников

Қазіргі жобалардың көпшілігі – заңдастырылған жемқорлық. Біздің елімізде мәдени жемқорлық дамып кеткелі қай заман? 

Мемлекеттік бағдарламалар ұсынады немесе министрлік бұйрықтар шығарады, сосын оны тендерге қояды, ұтып алады. Міне, осы схеманы заңдастырылған жемқорлық деп атауға болады. Осы тұста мұндай жобаны жасап жатқан орындаушылардың ниеті, мақсаты қандай деген мәселе де маңызды. Әлбетте, сәтті шығатын, мықты нәтиже көрсететін жобалар да бар. Оны жоққа шығаруға болмас. Бірақ ондайлары саусақпен санарлық. Дегенмен қарауға ұялатын сәтсіздері де көп. Жай ғана ақша шашу үшін істелетін мұндай дүниелерді реттеу үшін ашықтық керек. Кейбір жобалардың мемлекеттік бюджеттен қаржы алатынын қоғам да, азаматтар да білмейді. Одан санаулы адам ғана хабардар. Дәл сондай бағытта мемлекеттен бір тиын алмай жұмыс істеп жатқандар да бар. Контент болсын, өнім болсын, бірі өз күшімен бизнес жасайды. Бірі мемлекеттен қомақты қаржы алып жасайды. Бұл дегеніңіз – тіпті бизнестің дамуын қолдан тежеу. Шынайы бәсекелестікке де соққы бұл. Ал осы мәселелерді шешудің бір ғана жолы – ашықтық. Мемлекеттен кім, қашан, қалай, не алып жатыр, мақсаты, орындалуы бәрі қоғамға ашық, түсінікті жариялануы керек. Сонда қоғам оны талқылай алады, әділ не әділ емес екенін бағамдауға мүмкіндігі болады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қайбір авторлардың кітабына миллиардап ақша бөлінген деп шу болған еді ғой. Тура сол секілді барлық ақпарат ашық болса, нақты айтылса, түбінде түзелер едік. Ал жабулы қазан жабулы қала берсе, бұл мәселені шешетін басқа альтернатива жоқ.

Кейде жобаның идеясы жақсы болғанымен, соңында аударма нашар, тағы бірдеңесі кемшін шығып, ақырында нәтижесіз аяқталады. Жобаларды бастап, жақсы мақсат қойған кезде де біліксіздік, жауапсыздық мәселелері шығуы мүмкін. Кадр мәселесі өте маңызды. Сондықтан шама-шарқына қарап, көтере алатын шоқпарды белге байлау керек. Білмейтін, қолдан келмейтін, шеберлігі жетпейтін маман өзі біліп құзыреті жетпейтін жобалардан бас тартуы керек және ондай мамандардың жұмысын қадағалау жағы да мықты болуы тиіс. Мысалы, маған оқулық жазсаңызшы деп көп айтады. Мен оқу-әдістемелік жазамын, бірақ оқулық жазбаймын деп бас тартамын. Өйткені күн-түні, бір-екі жылдап жанымда дизайнер ұстап, басқа да мамандарды алып отырып кітап жазатын бюджетім де, басқам да жетпейді.

Кезінде уикипедияны қазақшалау деген жобалар болды. Сол кезде ғаламторды қазақша сөйлету бастамасы өте жақсы еді. Біршама жақсы нәтижесі де болды. Қазір әлем әдебиетін қазақшалап, қазақша балалар контентін жасап жүргендер көп. Бірақ оның қайсысы шынайы жұмыс жасап жатыр, ал қайсысы мәдениетті жемқор екенін ажырату қиын.

Тіл мәселесін түбегейлі шешу үшін бір ғана нәрсе керек – мемлекеттің қатаң шешімі. Басқа жасап жатқандарымыз қазіргі қалыптасқан проблеманы шеше алады деп ойламаймын. Қатаң заң, қатты талап керек. Мемлекеттік тілді білмегендер айлық ала алмаса, қызмет ала алмаса, құжат жинаудың бәрі қазақша болса, әркім өзі үшін үйренеді. Қанша жерден нені аударып, неше контент жасағанмен, орысша контенттен асып көп жасай алмаймыз. Ол шешім емес. Заңдық қолдау, тірек болмаса, орыс тілді контентпен бәсекелесу күрделі дүние. Әйтпесе, қазаққа қазақша дүниені аударып беріп отыратын күнге жетеміз. Оған жетіп те қойдық па деймін. Себебі елімізде сен дұрыс аударма жасамадың деп ешкімге ешқандай шара қолданылмайды. Оны ойлап бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Осы себептен аударма сапасы да өспей келеді.

Аятжан Ахметжанұлы