Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 14 Мамыр 2024

Тіл саясаты ұстамдылықты талап етеді

тіл
Фото: из открытых источников

Даусыз, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Дегенмен өткен тарихымызды және басқа да мәселелерді ескере келе, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан бүкіл диаспораның ана тілін үйренуіне, дамытуға қамқорлық жасалады.

Конституциядағы осы нормаларды шала түсінген кей азаматтар «Қазақстанның ресми тілі – орыс тілі» деген қате пайымды бетке ұстап алған. Бірақ ресми түрде тең қолдану мен ресми тіл екі бөлек ұғым. Бірінші жағдайда кез келген тіл ресми түрде тең қолданылуы мүмкін. Кеңес өкіметі тұсында жаппай отарландыру саясаты жүргізіліп, орыс тілін күштеп үйреткендіктен, халықтың көпшілігі орысшаны мәжбүрліктен үйренді. Бірте-бірте ана тілімізді білетіндер қатары сиреді. Бұған статистика да дәлел. Тәуелсіздік алған кезде Қазақстанда қазақша сөйлейтіндер 37 пайызды ғана құраған. Құдайға шүкір, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 80 пайыздан асып жығылады.

Осы себепті де орыс тілінің ресми түрде тең қолданылуы тарихи қажеттіліктен туған себеп. Оның үстіне, Кеңес Одағынан қалған көптеген мұра да негізінен орысша жазылды. Мұның бәрін бір күнде өзгерту мүмкін емес. Сондықтан екі тілді қатар қолдану арқылы мемлекеттік тілді біртіндеп дамытуға ден қойылды. Ол – нақты бағдарламалар, бюджеттен бөлінген қаражат, қаншама ауқымды құжаттар, сөздіктер, тіл курстары және басқалар.

Ресми тіл мәселесіне келсек, дәл қазір Қазақстанда ресми де, мемлекеттік те тіл атануға лайық бір ғана тіл бар. Ол – қазақ тілі. Алда-жалда біреуін мемлекеттік, екіншісін ресми тіл деп бекітсек, кез келген азамат орысша да, қазақша да жетік білуге тиіс болатын еді. Дегенмен елімізде мұндай талап жоқ. Орысша білмей-ақ түрлі лауазымды қызмет атқара алады. Ал қазақшаны білмейтін адамның өрісі тар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында тіл мәселесін «аса шетін мәселе» деп атап, оның дұрыс шешілуі елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықтың кепілі екенін айтты. Одан басқа жиындар мен кездесулерде де қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айналады деп айтып жүр. Мәселен, Қостанайға барған сапарында тілге қатысты мәселеде даурығудың қажеті жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Ата заң нормасына сай әр азамат өзіне ыңғайлы тілде сөйлеуге қақылы екенін еске салды.

Қазақстанда тілге қатысты мәселе көбіне тұрмыстық түсініспеушіліктен туындап жатады. Яғни қарапайым ғана агрессия, сабырсыздықтың соңы тіл мәселесіндегі дау-ренішке ұласуы мүмкін. Иә, біздің қоғамда түрлі көзқарастағы адамдар бар. Бірі келмеске кеткен Совет Одағын көксейді, бірі тап-таза қазақы ұлттық мемлекет болғанын армандайды. Бірақ қазіргі статус-кво басқа, оны біз таңдағанымыз жоқ, қазіргі көпэтносты қоғам – өткеніміздің мұрасы. Яғни біз осыны түсіне отырып, ортақ ережелерге бағынуымыз керек. Бұл түрлі ықтимал кикілжіңнің алдын алу шарты. Біз бұл жерде велосипед ойлап тауып отырғанымыз жоқ. Батыс елдері, Сингапур, Скандинав елдерінің өткен тәжірибесінен алынған сабақ осындай.

Бұған қоса, елдегі аға ұрпақ өкілдерінің көбі совет дәуірінде орысша білім алғаны шындық. Оларға дәл қазір «қазақ тілін үйрен» деп талап ету қиын. Тілдің ең басты міндеті – коммуникация жасау емес пе? Ендеше, әркім өзіне ыңғайлы тілде сөйлеп, бастысы өзара түсінісе алса болғаны. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көптілді мемлекет, болашақта да солай болып қала береді.

Осы орайда ескере кететін тағы бір мәселе бар. Қазақстан этносаралық татулық пен келісімге басымдық береді. Сол себепті титулды ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттаудан бөлек, өзге диаспораларды назардан тыс қалдырмайды. Ана тілін үйренуіне, дамытуға, өткенінен қол үзбеуге қамқорлық жасайды.

Жоғарыда келтірілгеннің бәрі тілге қатысты саясаттың заңнамалық жағы. Алайда Конституцияға жазу мен халықтың ол тілді меңгеруі екі түрлі дүние. Әлем елдерінің тарихына көз жүгіртсеңіз, көптеген мемлекетте екі не одан да көп тіл ресми мәртебеге ие екенін аңғарасыз. Мысалы, Канадада француз және ағылшын тілдері ресми тіл ретінде елдің конституциясына жазылған. Бельгияда ресми үш тіл бар: нидерланд, француз және неміс тілдері. Ирландияда заң бойынша ирланд және ағылшын тілдері танылған.

Аталған мемлекеттерде тілге қатысты дау болмайды. Мұның себебі онда тілдің негізгі қызметін, яғни қатынас құралы екенін жақсы түсінген. Айтпақшы, Пәкістанда ресми тіл ретінде ағылшын және урду тілдері белгіленген. Бірақ халықтың көпшілігі оларды екінші не үшінші тіл ретінде үйренеді. Көпшілігінің ана тілі – басқа.

Осы жерден басқа мәселенің құлағы қылтияды. Сонау адамзат пайда болғалы тіл қатынас құралы ретінде саналған. Ендеше, қоғамда кімнің салмағы басым, соның ана тілі жаппай қолданылады. Азаттық алған елең-алаң тұста Қазақстанда түрлі диаспораның саны көп еді. Бұған Кеңес өкіметінің мәжбүрлікпен орыс тілін үйреткенін қосыңыз. Нәтижесінде, халық негізінен орысша сөйлейтін.

Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Қазақша сөйлейтіндер саны күн санап артып келеді. Жастар арасында да, диаспоралар ішінде де қазақ тілін меңгеру сәнге айналды. Ал агрессивті тіл саясатын жүргізген елдердегі қазіргі ахуалға қарап, мұндай тәсілдің соңы жақсылыққа апармайтынын көріп отырмыз.

Ендеше, Қазақстан таңдаған ұстамдылық пен толеранттық жолы өміршеңдігін, жемісті екенін дәлелдеді. Қазақ тілі табиғи жолмен де қанатын кеңге жайып келеді. Соңғы жүргізілген халық санағына сүйенсек, қазақ халқының үлесі 70 пайыздан асқан. Ал қазақша сөйлейтіндер 80 пайыздан асып жығылады. Кей сауалнамаға сүйенсек, мемлекеттік тілді білетіндер саны тіпті 92 пайызға жеткен деген дерек бар.

Соңғы жылдары қазақ тіліне сұраныс күрт артты. Бұған дәлел жетерлік. YouТube, Instagram, Telegram, Tiktok секілді әлеуметтік желілерде қазақша контенттің саны да, сапасы да артқан. IT, қаржылық сектор, биржа, мәдениет-өнер мен жұлдыздар өмірі, дизайн, ғылым секілді салаларда да мемлекеттік тілдің өрісі кеңейіп келеді. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы YouТube аудиториясы 12 миллион адамды құрайды. Соның 8 миллионы қазақ тіліндегі роликтерді тамашалайды екен. Орташа есеппен әрбір қазақстандық YouTube-те кемінде 50 минут уақытын жұмсайды. Демек, дәл қазір қазақ тіліндегі контентке сұраныс өте жоғары. Сондықтан шығар, соңғы бес жылда түрлі подкасттар ашылып, сұхбаттар жарық көріп, көпшілік құлшына тамашалайды.

Қысқасы, Қазақстан ұстанған стратегиялық ұстамдылық пен толерантты болу саясаты оң нәтижесін көрсетіп отыр. Тіл мәселесіне келгенде агрессивті тәсіл қолдануға болмайтынын, табиғи жолмен, эволюциялық тұрғыда дамыту қажет екенін сөзбен емес, іспен дәлелдеді.

Аиша Жасұланқызы