«Тілім үшін тілімделсем, арман жоқ!»
Бала кезімде КСРО құрамындағы аттың төбеліндей азғана ұлттың өкілдері тұратын Дағыстан автономиялық республикасының азаматы, авар халқының адал сүтін емген арда ұлы, Социалистік Еңбек Ері Расул Ғамзатовтың: «Егер ертең тілім болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген өлең жолдарын оқып, «япыр-ай, туған тілі үшін жанын құрбан етуге әзір осындай да жандар болады екен-ау» деп таңданғаным бар.
Кейін өсе келе сөздің парқын түсінетіндей халге жеткенде ол таңданыс көңілімді алғыс сезімге бөлеп, зор ризашылыққа ұласып, менің бойымда ұлтжандылық қасиеттің қалыптасуына игі әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес.
«Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілінің бағы ашылатын шығар» деп үміттенгенбіз. Біздікі жай есекдәме екен, ана сүтімен дарыған ана тіліміздің бағы ашылмақ түгілі маңдайының соры қалыңдай түскен сияқты. Елі боданның тілі де бодан болып, патшалы Ресей, одан бергі кеңестік кезеңде тіліміз шетқақпайлық көріп, барлық жерде іс-шаралар орысша ұйымдастырылып, орысша өткізіліп, орысша «протөкөлденіп» жататын жағдай тәуелсіз Қазақстан тұсында да жалғасын тауып жатты. Мойындауымыз керек, құжаттарды орысша рәсімдеу қазір де бар. Және барлық деңгейде. Президент аппараты, үкімет кеңсесінен бері қарай... Соны көріп-біліп отырып қазақша толтырылған кейбір құжаттарды бетперде етіп, «іс-қағаздары қазақша жүргізіліп жатыр» деп өзімізді-өзіміз жұбатқандай боламыз.
Ал жоғары-төменді мінберлерден сөз сөйлеген шешендеріміздің қазақшаға қақалып, орысша қамшы салдырмай сайрағандарына күнде куә болып жүрміз. Мен осы мәселе туралы айтқалы отырмын.
Сәл шегініс. Еліміз тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезекті бір сессиясында мемлекеттік тіл мәртебесі туралы мәселе қаралған бір отырыста «Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ және орыс тілдері болсын» деген пікір айтылып, заңмен бекітуге ұсынылған. Оны жағымпаз жалпақшешейлер қуана қолдаған. Өйткені ана сүтімен ауызданса да, тілдері орысша шыққан дүбәра, дүмбілез, қазақша қақпайтын шенеуніктерге сол тиімді еді. Олар үшін осы қолайлы.
Сонда ғой, шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның үлкен мінберден: «Айыр тіл жыланда ғана болады!» деп кесіп айтып, кесек сөйлегені. Қазақ үшін, қазақтың теперіш көрген тілі, ділі, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы, басқа да ұлттық құндылықтары үшін жанын беруге бар, оны қызғыштай қорғайтын, қайран Шерағам, сендей ұлт мүддесі қақында қанын сорғалата сөйлейтін қамқор тұлға қайда қазір! Бар да шығар? Бар болса, олардың Шерхан сияқты шаңқ еткен қыран даусы неге естілмейді? Неге? Әлде, тыңдайтын құлақ, еститін ел болмай, сөздері жетімсіреп жүр ме екен?
Олай дейтінім, қазір өзі қоғамдағы кейбір кереғар құбылыстарға зерделі көзбен қарап, көркем сөзбен көптің көңілінен шығатындай көрікті ой айта алатын ешкім жоқ сияқты. Сондықтан шығар, кейбіреулер ана тілін ардақтамай, оны шетқақпай етіп, қалаған тілдерінде сайрап жүргені. «Әркімнің өз қалауы ғой» дей салуға болар еді, егер мемлекеттік тіл мәртебесі бар қасиетті қазақ тілін мемлекет тізгінін ұстап отырған тұлға керексінбей, көкіректен итергендей менсінбей, әлемнің айтулы мемлекеттерінің басшылары, президенттері мен премьер-министрлері, жоғары лауазымды қызметкерлері бас қосқан халықаралық басқосуда басқа тілде сайрамағанда. Ондайға немқұрайлық таныта алмадық. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, айтуға мәжбүрміз. Біз айтпасақ, кім айтады?!
Жуырда Астанада халықаралық беделді ұйым Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті болып өткен. Ұйымның мәртебесін арттыра түсетіндей етіп басқосу маңыздылығына қарай «ШЫҰ+» форматында өтті.
Бірақ әлем көз тіккен осы саяси жиынның басынан аяғына дейін орысша жүргізілгені әрбір азаматтың жанына жара салғандай. Әйтеуір, өзім басымнан сондай күй кештім. Қолыма қалам алғаным да сондықтан.
«Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді қазақ. Ол ханның қырық уәзірі болатынын, әр істі солармен ақылдасып, кеңесіп шешіп отыратынын меңзеген сөз болса керек. Бізде де президенттің кеңесшілері, баспасөз хатшысы, басқа да ақылгөйлері бар ғой. Тым болмаса солар қазақша жүргізу керек деп айтпағаны ма? Әрине, біздің билікте не болып, не қойып жатқанынан, оның ішкі «асүйінен» хабарымыз жоқ қой. Қалай дегенмен де, кең көлемде халықаралық деңгейде осындай іс-шара болғалы жатқанда алдын ала кеңесу болған шығар-ау жоғары жақта. Сонда алқалы жиынды қалай, қай тілде жүргізу туралы бір ауыз сөз болмағаны ма? Мүмкін емес.
Саммитте жоғарыда КСРО-ның шекпенінен шыққан мемлекеттер, ішінде Ресей де бар, басшыларының бәрі де орыс тілінде сөйледі. Олардың да қасаң болған қалыптан шыға алмағаны да. Ал олардан бөлек Қытай, Үндістан, Иран мемлекеттерінің өкілдері, тіпті бақылаушы ретінде қатысқан Моңғолияның басшысы да өз тілдерінде сөйледі. Олардың сөздеріне тележүргізуші ілеспе аударма жасап отырды. Бәрі де түсінікті, ұғынықты.
Қойшы не керек, «сол ұл сен боларсың» деген долбармен сол кезде мемлекетті басқарып тұрған Н.Назарбаевқа бағыттап, «президентке өкпем қара қазандай» деген тақырыпта жазған мақалам сол өзім жазған нұсқада, бір әрпі де түзетілмей, республикалық «Жас Алаш» газетінің 2006 жылғы 18 мамырдағы нөмірінде жарқ ете қалған. Қысқаша айтқанда, мақаламда сол кезде биліктің бишігін үйіріп отырған қазіргі экс-президент Н.Ә.Назарбаевтың дәл осы саммит сияқты алқалы жиындарда қазақ тілін бір шетке ысырып қойып, орысша сайрағанына өкпе-назымды білдіріп, «балық басынан шіриді, елбасы неге қазақша сөйлемейді» деген сыңайда сүйкегенмін ғой қаламымды. Онда Жамбыл аудандық «Шұғыла»-«Радуга» газетінің бас редакторымын. Авторлығыма біреу таласатындай соңына лауазымымды толық жазыппын. Мақаланы оқығандардан «арыстан айға шауып мерт болыпты», «өлетін бала молаға жүгіреді» дегендер де табылған.
Енді, міне, қазақ тілінің қағажу көргеніне қаным қайнап, қызуым көтеріліп қолға қалам алдым «тілім үшін тілімделсем, арман жоқ» деген ұстанымда. Шындығым да, жүрек сөзі де – осы. Ал алда-жалда осы айтқандарым нысанаға дөп тиіп, қазақ тілінің көш-керуені түзеліп, көсегесі көгеріп жатса, арман не!
Осы жасыма дейін жақсылы-жаманды атқарған қызметтерімде басшылыққа бағынғаныммен, жағынуды білмеппін. Онда да биліктің алдыма қойған талап-тілегі дұрыс, тапсырмасы ел игілігіне пайдалы болса. Әйтсе де, турасын айтып туғаныма жақпаған кездер де болғанын несіне жасырайын. Ондайда менің мінезімнің көлеңкелі жақтары көп көрініс беретін.
«Президентіміз мәртебелі жиындарда мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлесе екен» деген ақ тілегім, адал ниетті ұсынысым бар.
Оны оқырман да құп көретін шығар?!
Болат ЖАППАРҰЛЫ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жамбыл облысы
Тараз қаласы