ТМД қазаққа қажет пе?
Интернет кеңістігінде белсенділер Владимир Путиннің 12-14 қазанда Астанаға келуіне байланысты жаппай қарсылық білдіріп жатыр.
Себеп – Украинаға ашқан соғысын айыптауда. Соған қарамастан, ертең президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) кеңесінің отырысы мен «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтпекші. Одан не күтуге болады, мақсат қандай, нендей мәселелер талқыланбақшы? Бұл туралы сарапшылардан сұрап көрдік.
Ерлан Сайыров, парламент мәжілісінің депутаты:
Өздеріңізге белгілі, қазір дүниежүзінде турбулентті жағдай болып жатыр. Қазақстанды тұрақсыздық доғарысы айналшықтап тұр деуге болады. Өйткені Ресей мен Украинаның арасында, Армения мен Әзербайжанның арасында, Қырғызстан мен Тәжікстан арасында жағдай өте шиеленісіп тұр. Оны өздеріңіз көріп отырсыздар. Ресей мен Украинаның арасында ашық соғыс болып жатыр.
Бүгінгі таңдағы ең негізгі мәселе – осындай қым-қиғаш заманда Қазақстанның тәуелсіздігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының президенті еліміз тек қана Біріккен ұлттар ұйымының принциптері мен жарғысына сәйкес қадам жасайтынын айтқан болатын. Ол, яғни, пайда болған кейбір квазимемлекеттік құрылымдарды мойындамау және бүгінгі таңда сыртқы саясатты барлық елдің территориялық тұтастығы принципі тұрғысынан жүргізу.
Сондықтан бұл ертең болатын іс-шарадағы ең негізгі мәселе деп ойлаймын. ТМД елдерінің ішіндегі бір-біріне деген сенімді қалыпқа келтіру. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің өз ұлттық мүдделері бар. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде халықаралық құқық аясында жұмыс істей отырып, мемлекеттердің өзара іс-әрекетінің тиімділігін арттыру өте маңызды.
Жангелді Шымшықов, белгілі экономист:
Ресейдің қазіргі жағдайы өте ауыр. Өйткені бүкіл әлемді өзіне қарсы қойды. Украинаға ешбір қисынсыз шабуылдап, оны екі-үш күнде жеңіп аламын деген Путиннің сандырақ қиялы. Ол қиял неден туғанын айтып өтейін. 1922 жылы, яғни жүз жыл бұрын 30 желтоқсанда Кеңестер одағы құрылып, сонда бірнеше одақтас республикалар келісімшартқа қол қойған. Сол биылғы жүз жылдыққа орай Путин өзінше Кеңес одағының бүкіл республикасын біріктіре алмаса да, бірнеше республиканың басын қосамыз деп жанталасып жүр. Еуразиялық одақты да соған байланысты құрған.
Ал Украина көнбегеннен кейін, «оны екі-үш күнде басып аламын, содан кейін Қазақстанды жаншып бағындырамын, кейін қалған республикаларды, шамам келгенше, желтоқсанға дейін біріктіремін» деген ойы болған. Өйткені тарихта Путин Ресей империясының жинаушысы ретінде қалғысы келіп, әрекет жасап жүр. Бұдан ештеңе шықпайтынын аңғару қиын емес. Екі-үш күнде тізе бүктіремін деген Украинаны ала алмай жатқанына қазір 277 күн болды. Алмақ түгілі, Украина Ресейдің территориясына дейін оқ жаудырды.
Путин күні кеше Киевте жарылыс жасап, бейбіт халықты қырып, үлкен қылмысқа барды. Сондықтан тығырыққа тірелген Ресей енді жан-жақтан өзіне жақтас іздейді. Әуелдегі райынан қайтты, жақтасты біз жақтан іздемекші. Украинаға тісі бата алмағаннан кейін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанды шабуылдап алу оған өте қиынға түсетіні белгілі. Қаншама қару-жарағынан да, әскерінен де айырылды. Мынау мобилизация нені көрсетеді? Бұл оның жауынгерлерінің таусыла бастағанын байқатады.
Мынау кеңестерінің де бір тиынға қажеті жоқ. Ауғанстанды, уахабистерді сылтау қылады. Қаншама адамды қырып тастаған жендетті отырысқа қалай қарсы аламыз? Шындап келгенде, ұйымдастырылып жүрген кеңестер мен саммиттер жетпей жатыр ма? Бұл менің ойымша, Путиннің бос әуресі. Түк шықпайтын нәрсені әртүрлі жолмен «әйтеуір өткіземін» деген амалы. Мұның барлығы жүзеге аспауы керек. Өйткені ешқандай да бірігу жоқ.
Кезінде Кеңес одағының ыдырағаны қайғы сияқты көрініп еді. Бірақ бірте-бірте қарап отырсақ, ешқандай қайғы да, қасірет те жоқ. Қайта оның орнына еркін, экономикалық тәуелсіз республикалар ақырын-ақырын дамып келе жатыр. Осыдан кейін ескіні аңсауды қойған дұрыс. Тарихтың жолы бір басқа, сенің ойлаған қиял-ғажайып ертегің бір басқа дегенді түсіндіретін Путинге ақылшы бар ма, жоқ па деген сұрақ бүгінгі өзекті мәселе. Ол қанша тырысқанымен, әлем бұрынғы қалпына келмейді. Ресейдің дүркіреп тұрған дәуірі аяқталды. 19 ғасырда ол бүкіл Еуропаның жандармы болған. 20 ғасырда да ол КСРО атымен Венгрия, Чехословакия, тағы басқа елдерде ойран салған. Енді Украинаны жаулап, Грузия, Молдоваға тіс қайрады. Ол аздай, Орталық Азияға қол салмақшы. Оны әрине, әуелі жымысқы саясатпен жасайды. Тіпті мобилизациядан осында қашып келіп, қалып жатқандар ертең «Владимир Владимирович, бізге тиісіп жатыр, орысша сөйлетпей жатыр. Кел, әскеріңді жібер» деп шақыратыны сөзсіз. Мұның бәрі осылайша дайындалады.
Ал біздің талабымыз – әрірек жүру керек. Бұрыннан келе жатқан көпвекторлы саясатымызды ұстанғанымыз жөн. АҚШ пен Жапониямен қарым-қатынас орнатуымыз керек. Еуразиялық одақ бұған мүмкіндік бермейді.
Басқа елдермен интеграция экономикасы бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірін толықтыратын, технологиялық жағынан бір-біріне жалғасатын болуы тиіс. Мысалы, Жапониямен бізде керемет ынтымақтастық болар еді. Бізде бүкіл табиғи ресурстар бар, ал оларда жаңа технология, ғылым дамыған. Орыспен бұл тұрғыда айырмашылық бар, оларда бар мұнай бізде де бар, оларда бар бидай мен ет бізде де бар. Яғни, екі елдің экономикасы тек қана бәсекелес болып отыр. Тіпті Белоруссиямен де интеграцияға баруымыз тиімді. Оларда белорусь тракторлары сияқты ауыр автомобильдер шығарылады, ал бізде ондай техника шығарылмайды. Өзбекстан да бізді көкөніспен қамтамасыз етсе, біз оларға бидай, ет сияқты өнімдерді жібере аламыз. Ал Ресей бізді тек тұншықтырып жатыр. Өйткені мұнайымыз түгілі, шекарадан арағымызды да өткізбейді. Ал бізде ең жақсы арақ. Себебі бидайдан жасалады, Ресейдікі синтетикалық спирт.
Жалтақ үкіметіміз Ресейдің ыңғайына көніп үйреніп қалған. Біздің биліктегілер бұдан әрі билікте қаламын десе, өз еркімен әрекет жасайтын тәуелсіз жолға түсуі керек. Мәселен, кезінде Ресейден уақытында бөлініп кеткен 4 жарым миллион халқы бар шағын ғана мемлекет Финляндия дүниежүзіне әйгілі неше түрлі тауарлар шығарады. Тұрмыс жағдайы қандай тамаша! Бөлек кеткен Польша қалай дамып отыр? Балтық елдері – Литва, Латвия, Эстония шағын ғана болса да, керемет дәрежеге жетті. Мұның бәрі нені көрсетеді? Саяси-экономикалық тұрғыдан болсын, Ресейден аулақ жүру керектігін дәлелдейді. Әйтпесе, қайтадан сол Ресейдің бодандығына түсуіміз ғажап емес. Әртүрлі айла-тәсілмен соған алып бара жатыр.
Қырғыздар ОДКБ жаттығуларын өткізуден бас тартып, қандай тамаша шешім жасады?! Мінез бар. Әлихан Бөкейхан: «ұлтшылдық – мінезден» деп бекер айтпаған ғой. Халық мінезді болуы тиіс, көнбіс бола беруге болмайды.
Меруерт Махмұтова, белгілі экономист, Public Policy Research Center директоры:
Менің ойымша, қазіргідей жағдайда, Ресей Украинадағы бейбіт халықты өлтіріп жатқанда, онымен кездесуден бас тарту керек. Қазір Белоруссияны да Украинаға қарсы соғысқа жұмылдырмақшы. Путиннің мақсаты – Қазақстанды да, Орталық Азиядағы басқа елдерді де Украинаға қарсы соғысына қосып жіберу.
Ресей қазір террорист мемлекет болып отыр, сондықтан дәл осы жағдайда онымен кездесулерден бас тартқан дұрыс деп есептеймін.
Өткенде Еуразиялық экономикалық одақтың кездесуінде қазан айында ортақ газ нарығы талқыланатыны айтылған. Ал ортақ газ нарығының бізге мүлдем қажеті жоқ. Себебі – ортақ газ нарығына ұсынатындай, экспортқа жұмсайтындай газымыз жоқ. Сондықтан Ресей Батыс елдерінің бәрін газ бойынша өзінің шантажымен мазалағандықтан, олар Ресейдің газынан бас тартып отыр. Сол себепті ол енді бұрынғы Кеңес одағында болған елдердің нарығына өзінің газын ұсынбақшы. Бізге дәл сол ортақ газ нарығының мүлдем қажеті жоқ. Ресейдің газ бағасы өте қымбат болады.
Біз ондай нарыққа қосылып жатсақ, ішкі нарықтағы бағаны қымбаттатуға тура келеді. «Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа» демекші, біздің биліктің Путинмен достасып жүргені бүкіл елімізге қауіп тудырып отыр.