ТМҰ-ның кеңесі бітпейді

21 мамыр күні Мажарстан астанасы Будапеште Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті.
«Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» деп аталған жиналысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қатысты.
ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД сияқты ресейшіл одақтар мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты Қытайға бейім альянстарға мүше болып отырған Қазақстан үшін ТМҰ – тың бағыт саналады. Бұл ұйымды Қазақстан халқы сырттай сүйеніш көретіні жасырын емес. Жұрт көңілінде күндердің күні түркі әлемі біріксе, үлкен күшке айналамыз деген әлсіз үміт бар. Ал билік ТМҰ-ны өктем көршілеріне (Ресей мен Қытай) қарсы бетжүздік ретінде пайдалана ала ма, бұл өзі құрылып бола алмай жатқан ұйым дәтке қуат, сыртқа айбар болатын деңгейге қашан жетеді?
Бірақ Астананың түркі мемлекеттерімен жақын жүргені Мәскеуге де, Бейжіңге де ұнамайды. Мысалы, 2024 жылы Қазақстан ғаламдық мәселелерді шешетін басты ұйым – БҰҰ деген желеумен Ресей мен Қытайдың Батысқа қарсы одағы БРИКС-ке кіруге ынта танытпағанда Кремль маңындағылар қатты ашуланған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров көне әдетіне басып, Астананың Түркияның бастамасымен күшейіп келе жатқан, бес мемлекет мүше ТМҰ-ға мүше болуы БҰҰ-мен қарым-қатынасына кедергі келтірмегенде, біздің одаққа кіргені кедергі бола ма деп тулаған. Тіпті ол «бұл ұйым одақтастарымыз бен Орта Азиядағы стратегиялық серіктерімізге ерекше көңіл бөліп отыр» деп ТМҰ-ның дамуына алаңдаушылық танытты. Ал қытайлық БАҚ «Ердоған Осман империясын тірілткісі келеді, оның әрекеті Бейжің мен Мәскеудің мүддесіне қайшы» деп шулады.
Түркі мемлекеттері ұйымы 2022 жылға дейін символикалық мәнге ғана ие ұйым болатын. Бірақ Ресей Украинаға шабуыл жасаған соң бұл ұйымға деген көзқарас тереңдей түскендей көрінді. Бұрын ұйым саммиті жылына бір мәрте өтсе, 2023 жылдан бері жылына бір рет ресми, бір рет бейресми саммит ұйымдастырылып келеді. Ұйымның биылғы ресми саммиті күзде Бакуде өтеді.
Әу баста өзара мәдени байланысты дамыту мақсатында құрылған ұйым қазір сыртқы саясат, сауда, цифрлы трансформация, жасанды интеллект сияқты 35 бағытта дамып жатыр. Қазір Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы, Түркітілдес елдердің парламент ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы одағы және Түркі инвестициялық қоры жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ мемлекет басшыларының саммитінен бөлек, ТМҰ сыртқы істер, ішкі істер, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуі өтіп тұрады.
ТМҰ қандай ұйым?
Ұйым 2009 жылы Түркі кеңесі деген атаумен дүниеге келген. Бірақ оған дейін де Түркия және КСРО-дан тәуелсіздік алған түркі елдері ұйым немесе одақ ретінде емес, серіктес ретінде байланыста болған. 1992 жылы 30 қазанда сол кездегі Түркия президенті Тұрғыт Озалдың бастамасымен Анкарада Түркітілдес мемлекеттердің бірінші саммиті өтті, оған Тұрғыт Озал, Абульфаз Эльчибей, Ислам Кәрімов, Нұрсұлтан Назарбаев, Сапармұрат Ниязов және Асқар Ақаев қатысты. 2008 жылға дейін мұндай саммит 8 мәрте ұйымдастырылды. Ал 2009 жылы 3 қазанда Нахчыван келісімі (Әзербайжан) негізінде Түркі кеңесі құрылды. 2021 жылы ол Түркі мемлекеттері ұйымына айналды. Ұйымға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан (2019 жылдан бері) және Түркия мүше болып отыр. Ал Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие. Сондай-ақ 2020 жылы Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Эмине Джеппар Украинаның ұйымға бақылаушы болғысы келетінін айтқан.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жалпы халық саны – 175 миллион адам, жер аумағы – 4,5 миллион шаршы шақырым. Ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі 2,1 триллион доллардан асады. Әрине, ТМҰ-дағы ең ықпалды ел – Түркия. Олардың ЖІӨ-сі – 1,3 трлн доллар. Қазақстан (292,5 млрд доллар) мен Өзбекстан (112,6 млрд доллар) екінші және үшінші үлкен экономика саналады. Ұйымға ресми мүше емес, бірақ 2018 жылдан бері бақылаушы ел болып отырған, биылғы бейресми саммитті өткізген Венгрияның экономикасы – 228,8 млрд доллар.
ТМҰ 200 миллионға жуық адамды қамтып отырған үлкен нарық болғанымен, өзара сауда айналымы 45 миллиард доллар шамасында ғана. Бұған ұйымға мүше мемлекеттер (Түркиядан басқа) экономикасының шикізатқа тәуелді болуы, ұйымға мүше 4 елдің Еуропадан алыс Орта Азияда орналасуы және Ресей мен Қытай факторы сияқты геосаяси кедергілер кері әсер етіп отыр. Қазақстанның ТМҰ-ға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард доллар болған, бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Астана сыртқы саудасының 20-25 пайызы ЕАЭО елдеріне (оның 92 пайызы Ресеймен) бағытталғанын ескерсек, ТМҰ-мен барыс-келісіміз тым таяз екенін аңғаруға болады.
Осы олқылықтың орнын толтырып, өзара сауданы жандандыру үшін Түркі инвестициялық қоры құрылған. Қордың жарғылық капиталы – 500 млн доллар. Ұйымға мүше 5 мемлекет қорға 70 млн доллардан құяды (350 млн доллар), ал қалған 150 млн доллар акция шығару арқылы тартылады деп жоспарланған.
Сайын Борбасов, саясаттанушы:

– Тұран одағы туралы идея айтылып жүргеніне көп болды. Тәуелсіздіктен бастап осы әңгімені сөз етіп жүрміз. Бұл негізі жақсы идея. Алаш арыстары да осы идеяны қолдаған, халыққа жат емес. Бірақ бұл идеяны іске асыру барысы көңіл көншітпейді. Тіпті Назарбаев кезінде Өзбекстанмен, Түркіменстанмен қарым-қатынасты жақсартуға үлкен ниет болған жоқ, нақты қадамдар жасалмады. Бұл идеяны жүзеге асыруға Түркия президенті Ердоған ниетті болып отыр. Бірақ бізде бір үлкен трагедия бар. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрінде авторитарлық режим салтанат құрып тұр. Түркияда да авторитарлы режим орнаған. Ал авторитарлық билік осындай үлкен ынтымақтастық жағына келгенде орашолақ болады. Өйткені алдымен өзін, өзінің билігін ойлайды. Ұйым өз билігіме зияны тиіп кете ме деп қорқады. Бұл бір жағы.
Екіншіден, біздің елге Ресей факторы күшті. Тұран мемлекеттерінің әскери-экономикалық одаққа айналып кетуіне Ресей ашық та, жасырын да кедергі жасап отыр. Кейінгі кезде Ресей соғысқа, экономикалық санкцияға байланысты кішкене әлсіреп қалды. Соған орай қазір Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдер осы идеяға біршама ден қойып жатыр. Ал Әзербайжан бұл идеяға біржола бет бұрып, Түркиямен одақтастыққа қол жеткізіп отыр. Соның нәтижесінде жерін де қайтарып алды. Бізге қарағанда өзінің айтары бар, беделді елге айналып келе жатыр. Биыл Ресейдің парадына да барған жоқ. Біз де осы жолға түсуіміз керек. Еліміздің саяси тәуелсіздігін нығайтатын факторлардың бірі – осы Тұран одағы. Ұйымның экономикалық қуаты, демографиясы ешкімнен кем болмас еді. ТМҰ шын мәнінде құрылып, жұмыс істесе, әлем елдерінің бәрі санасатын күшті одақ болар еді. Мұндай ұйым қазаққа да, өзбекке де, түріктерге де керек. Қазіргі мәдени-экономикалық келісімшарттарды кеңейтіп, болашақта әскери одақ құрып жатсақ, жаман болмайды деп ойлаймын.
Мажарстандағы саммитте не айтылды?
Саммит алғаш рет ұйымға мүше емес, бақылаушы елде әрі Еуропа аумағында өтіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Біріншіден, мажарлардың бейресми саммитті өткізуі олардың ұйымға толық мүше болуға ынталы екенін білдіреді. Будапешт ТМҰ-мен одақ құру арқылы арзан энергия мәселесін шешіп алмақ. Мұны Виктор Орбанның өзі айтып отыр. Қазба байлығы мол Орта Азиямен одақтастық Мажарстанның өз нарығын толтырумен қатар Еуропаға газ жеткізетін үлкен қақпаға айналуына мүмкіндік береді.
Екіншіден, Мажарстан – Еуропа елі, Еуроодақ мүшесі. Ол қатарға қосылса, ТМҰ-ның географиясы кеңейіп, саяси салмағы мен беделі артады. Мысалы, биылғы саммит жайлы жазған шетелдік БАҚ негізінен Венгрия мен Түркия басшыларының не айтқанын талқылап жатыр.
Кипр проблемасы. Будапештегі жиында ұйымның бұған дейін жасалған экономикалық, мәдени бағыттағы келісімдерін жалғастыру, жандандыру жайы сөз болды. Саяси тұрғыда үлкен жаңалық жоқ. Тек бір түйінге баса назар аударуға болады. Саммит қорытындысы бойынша қабылданған Будапешт декларациясының бесінші және алтыншы тармағында Солтүстік Кипр түрік республикасын қолдау туралы айтылады. Бұл елді Венгрия және Түркіменстанмен бірге «түркі әлемінің ажырамас бөлігі» деп атаған. Сондай-ақ Солтүстік Кипрдің ұйымға қосқан үлесін жоғары бағалап, «Кипр дауына кипрлік түріктердің тең құқығын ескере отырып, өзара қолайлы және тиімді шешімді талап ететіні» айтылған.
Әрине, бұл жерде Солтүстік Кипрді тәуелсіз ел ретінде тану жайлы сөз жоқ. Бірақ Кипр түріктеріне ұйым ретінде қолдау білдіреміз деп отыр. Бұл Қазақстанның БҰҰ жарғысына сілтеме жасап, үй ішінен үй тіккен мемлекеттерді қолдамайтын ұстанымына қайшы болуы мүмкін. Солтүстік Кипрді әлемде Түркия ғана мойындаған. ТМҰ елдері Анкараның әсерімен бұл мемлекетті мойындаса, сыртқы саясаттағы ұстанымдарына үлкен өзгеріс енгізуге тура келеді.
Транскаспий бағыты. Тағы бір маңызды мәселе – бұған дейін де айтылып жүрген Орта дәлізді дамыту жоспары. Бұл жоба жүзеге асса, Орта Азия елдерін, әсіресе Қазақстанды логистика бойынша Ресейге тәуелділіктен құтқаруы мүмкін. Қытайдың «Ұлы Жібек жолы» идеясына сай келетіндіктен, дәл осы мәселеде Бейжің ТМҰ-ны қолдайды. Қазір еліміздің Еуропаға шығатын шикізатының 80 пайызы Ресей аумағындағы Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы өтеді. Бұл Кремльдің қолындағы көзірге айналып, Астананы жіпсіз байлап отыр. Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағыты көп сұраққа нүкте қояр еді.
Сондай-ақ Каспий теңізі арқылы газ құбырын тартуға мүдделі мемлекеттердің бәрі ТМҰ-ға мүше. Бұл жоба бақылаушы Түркіменстанның түнде түсінен, күндіз есінен кетпейтін арман. Жоспар жүзеге асатындай болса, Ашхабад еш ойланбай ұйымға толық мүше болары анық. Газ құбыры Баку үшін де батпан құйрық болмақ. Орта Азия газын Еуропаға сатуда Әзербайжан бірінші терезе атанып, әрі қарай Түркия, Венгрия арқылы Еуропаға жол ашылады. Орта Азия елдері, Каспий теңізі мен Оңтүстік Кавказ аймағы арқылы өтетін Орта дәліз Түркі әлеміне экономикалық тұрғыда тиімді. Бірақ бұл жобаның қиындығы шаш-етектен. Біріншіден, жоба өте мол қаржы талап етеді, екіншіден, геосаяси кедергілерді еңсеру оңайға соқпайды.
Аймақтық қауіпсіздік. Декларацияда халықаралық дағдарыстар, соның ішінде Газада жалғасып жатқан соғыс мәселесі де сөз болды. Ұйым мүшелері Газадағы ауыр гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық танытып, тараптарды атысты тоқтатуға және тұтқындарды босатуға үндеді. Палестина мен Израиль қақтығысында Анкара Палестинаны қолдайтынын ескерсек, ТМҰ ұстанымы да соған жақын болуы мүмкін. Сондай-ақ ұйым Ауғанстанға қатысты мүше мемлекеттердің біртұтас ұстанымын әзірлеуге ниетті. Ұйым мүшелері терроризммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен және аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін киберқылмыспен бірлесе күресуге ниеттеніп отыр. Декларацияда Қазақстан бітімгерлерінің БҰҰ миссиясына жеке күш ретінде қатысқаны да айтылған.
Экономика. Түркі мемлекеттерінің әлеуеті мен мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, барлық саладағы ынтымақтастықты нығайту жайлы көп айтылды. Ұйым ішіндегі сауда-саттықты жандандыру мақсатында 2022 жылғы 11 қарашада Самарқанда қол қойылған Түркі мемлекеттер ұйымының үкіметтері арасындағы жеңілдетілген кедендік дәліз құру туралы келісімді күшіне енгізу мәселесі талқыланды. Дәл осы шешім күшіне енсе, ТМҰ ішіндегі сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс басқа арнаға бет бұруы мүмкін.
Бұған дейінгі саммиттерде Ердоған үнемі қозғайтын ортақ әліпби мәселесі бұл жолы ескерусіз қалды. Дәл осы тақырыпқа келгенде Орта Азия елдері көп ештеңе айта алмай, күмілжіп қалатын. Қазақстанда экс-президент кезінде латын әліпбиіне өтеміз деген үлкен науқан жүрген. Тіпті бас-аяғы түгенделмеген шала әліпбиді мемлекеттік органдардың маңдайшасына жазып үлгердік. Бірақ бұл ұран уақыт өте сейіліп, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Бір ұлтқа арнап әліпби жасаудың өзі осынша сарсаңға салып жатқанда, тұтас одаққа ортақ жазу ойлап табу мүмкін емес деген шығар.
ТМҰ идеясын халық қолдауы мүмкін. Тіпті осы ұйымға үлкен сенім артатын жұрт та аз емес. Биыл көктемде башқұртстандық Ay Yola тобы шығарған Homay әні түркітілдес елдер арасында үлкен танымалдыққа ие болды. Бұл жағдай түркітілдес халықтар арасында әлі де ортақ құндылық бар екенін аңғартқандай болды. Бірақ бұл жағдай Ресейді қатты тіксіндірген сыңайлы, Z-патриоттар Homay әнін тыңдағандарды пантюркизм жақтасы деп айыптап, пантюркизмді экстремизмге жатқызуды сұрап, шу шығарған.
Қалай болғанда да, бұл әлі күнге идея күйінен аспаған ұйым болып тұр. Жыл сайын жиналады, жыл сайын ақылдасады, жыл сайын келіседі... Президенттер кездеседі, құшақ айқастыра суретке түседі, қатар жүріп видеоға түседі. Біз соған-ақ мәзбіз. Ағайынымыз бар – айбарымыз бар деп, артынып-тартынғанымыздың өзін дәтке қуат қылып қашанғы жүрер екенбіз...
Толғанай Үмбетәлиева, Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының кандидаты.

– Түркі ұйымы Қазақстан мүше болып отырған басқа интеграциялық ұйымдардан ерекшеленеді. Бұл – халықаралық аренада біздің болмысымызды, төл келбетімізді айқын білдіре алатын саяси құрылымға айнала алатын ұйым. Азияда да, Еуропада да орналассақ та, Еуразия мен Орта Азияның бір бөлшегі болсақ та, түркілік болмыс – біздің мәдениетімізді, дүниетанымымызды дәл көрсететін ұғым. Сондықтан ұйымның әлеуеті өте жоғары. Түркияның Солтүстік Кипрді қолдауы, әскери блок құру туралы бастамалары – өте маңызды әрі өзекті тақырыптар, бұл аталған ұйымға деген қызығушылықты арттырады. Себебі бұл «квазимемлекеттерді» мойындау мен әлемдегі жаңа әскери блоктардың құрылуы – барша жетекші елдердің назарын аударып отырған тақырыптар. Оның үстіне Түркия мен Венгрия халықаралық аренада жиі талқыланатын және ұстанымдары қызу пікірталас тудырып отырған елдер. Аталған мемлекеттердің Түркі ұйымына мүше болуы – ұйымға көп адамның назарын аударып отыр. Сондықтан осындай бастама стратегиялық тұрғыдан дұрыс қадам деп есептеймін. Өйткені әлемде өзіне назар аударта алмайтын, тіпті аймақтық деңгейдегі проблемаларға әсер ете алмайтын ұйымдар бар. Сондықтан Қазақстан үшін бұл ұйымның ықпалды ойыншысы болуы өте маңызды.
Біз БҰҰ Жарғысына сай әрекет етуге тырысамыз. Орта Азия және Еуроодақ елдерімен бірге Солтүстік Кипрді мойындамау туралы меморандумға қол қойғанбыз. Бұл да түсінікті – біз әзірге Ресейдің ұстанымын қолдап, Еуропа елдеріне қарсы шығатындай түр танытқымыз келмейді. Бірақ Түркі ұйымының шеңберінде бұл проблеманы шешудің өзге құқықтық жолдарын талқылауға болады. Шын мәнінде, БҰҰ Жарғысының осы нормасында қайшылық бар. Сол қайшылықты қалай шешуге болатынын бірлесе ойласуға болады. Түркия бұл мәселені күн тәртібіне бекер қойып отырған жоқ, сондықтан Түркияның ұстанымын елемей қою – дұрыс емес. Керісінше, оны талқылап, шешу жолдарын іздеп, БҰҰ сессиясында ортақ позиция ретінде ұсынуға тырысқан жөн. Украинадағы соғыс аяқталған соң, бұл тақырып міндетті түрде БҰҰ-да талқыланады. Сондықтан алдын ала дайындалып, ықтимал шешімдерді қарастырған дұрыс. Халықаралық құқық саласындағы заңгерлерді тарту қажет болады. Мен бұл ұйымның өзін де, болашағын да жоғары бағалаймын.
ТМҰ егер өзін саяси ұйым ретінде көрсетіп, халықаралық саяси мәселелерді талқылауға дайын болса, халықаралық саясатта өз орнын таба алады деп ойлаймын. Қазақстан басқа ұйымдарға көбіне экономикалық прагматизм тұрғысынан қатысып жүр. Ал бұл ұйым – Қазақстан алғаш рет саяси ұйым ретінде қатысатын және халықаралық саясатқа атсалысуға мүмкіндік алатын алаңға айналуы мүмкін. Мұнда біз өзіміздің саяси ұстанымымызды өзге серіктестермен бірлесе талқылай аламыз. Орта Азиядағы серіктестерімізбен бірге стратегиялық қадамдар жасауымызға болады. Ердоған мен Орбан – халықаралық деңгейде танымал болған саясаткерлер, олардан үйренетін нәрсе көп. Қазір біз бейтарап позиция ұстанып келеміз, қарапайым тілмен айтқанда – көзге түспеуге тырысамыз. Бұл ұстаным әзірге бізге пайда әкеліп отыр, бірақ алдағы уақытта бізге басқа позиция қажет болуы мүмкін. Сондықтан дәл қазір осы ұйымда түрлі саяси стратегияларды сынақтан өткізіп көруге болады.
Қуаныш Қаппас