Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 31 Мамыр 2021

«Төбелер көп, таулар аз...»

None
None

Осыдан үш жыл бұрын Түркияға барған іссапарымда ескі танысым, Қазақстанның немісі ­­­­- Иван Экортты «Ататүрік» әуежайында кездейсоқ кездестіріп қалдым.

Иван Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тумасы, мамандығы инженер-құрылысшы. Ұзақ жылдар бойы өзі туып-өскен ауданда №42 жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесінің бастығы болып, шалғай жатқан өңірдің қанатын кеңге жаюына, өркендеп-өсуіне үлкен үлес қоса білді. Атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевпен жақын араласып, сыйласқан азаматтың немісшесінен қазақшасы найза бойы артық. Сол кездегі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Жамбыл облысына ресми сапармен келгенде Жазылбек ағасына арнайы ат басын бұрып, сәлем беретін. Димекең Мойынқұмға келген әр сапарында құмның ішінде гүлді мекенге айналып, құрылыс кең етек алған сәулетті ауылдарға сүйсіне көз тастап, әрқашанда Жазекеңнің жанын табылатын Иван Экорттың арқасынан қағып, «Жарайсың, Иван!» деп алғыс сезімін білдіруші еді.

     «Тау мен тау жалғаспайды, адам мен адам кездеседі» деген ­- осы. Дәмдес, сыйлас болған азаматпен түрік жерінде кездесіп тұрмын. Қазақстандық немістің елді, жерді, бірге өскен жолдастарын, жерлестерін қатты сағынғаны айтпаса да қатты аңғарылады, бәрін тәптіштеп сұрап жатыр. Сағынышқа толы осы кездесу жалғаса берер ме еді, Иванның Алманияға ұшатын ұшағына отырғызу басталып, жерлесім асығыс жинала бастады.

— Бауырым, егер біздің жаққа жолың түсіп жатса міндетті түрде кел, қуана-қуана қарсы аламын, — деді Иван маған мекенжайы жазылған қағазды ұсынып жатып. – Қап, уақыттың тар болып тұрғаны-ай, әйтпесе саған айтар әңгімем көп еді. Қайда жүрсек те, қазақ халқының бізге, немістерге жасаған қамқорлығы мен жақсылығын ешқашанда ұмытпаймыз. Өзім де қазақтардың арасында өстім, өндім. Қазақ бауырларым шетінен ақ жүректі, ақпейіл жандар ғой, «сен неміссің» деп өмір бойы шеттеткен емес, еңбегімді бағалады, абыройлы болдым. Менің ұлтым неміс болғанымен, жаным ­- қазақ. Шынымды айтсам, Мойынқұмнан көшіп келгеніме қатты өкінемін. Сыртта жүрсем де, Қазақстанда не болып жатқанын біліп отырамын, әрқашанда тілектес жанмын. Ғаламторға шұқшиямын, кейде қазақ тілінде шығатын газет-журналдарды алдыртып, әр хабарына дейін мұқият оқып шығамын. Бір жаманы — соңғы кезде кейбір басылымдар не болса соны шатып-бұтып жазатын болыпты. Жарты әлем таныған Қазақстанның суығына тоңып, ыстығына шыдаған, Қазақстан компартиясын ширек ғасыр басқарған Димекең — Дінмұхамед Қонаев туралы жөнсіз жазылған мақалаларды оқып, төбе шашым тік тұрады. Не деген масқара?! Тырнақ астынан кір іздеп, жаппаған жаласы, жақпаған күйесі қалмапты. Ол аз болғандай, тегіне тиісіпті оңбағандар. «Қонаевтың ұлты — татар» деп көкиді әлгі жазғыш. Ұлтым неміс болса да, қазақтың шежіресін кез келген қазақтан кем білмеймін. Жаны жәннатта болғыр Жазылбек ағам қоймен бірге ой бағатын парасатты жан еді. Димекеңнің жеті атасы емес, он екі атасына дейін жақсы білетін.

     Доқтырхан-ау, сен де қолыңа қалам ұстап жүрген жазушының бірісің ғой, жаңағы мен айтқан бейбастыққа барып жүргендердің көбісі ақындар мен жазушылар. Ел үміт күтетін зиялы жандар осындай қиянатқа барса, қарапайым халық не болмақ? Ежелден текті халық едіңдер ғой. Өз асылдарыңды, өз жақсыларыңды жерден алып, жерге салғандарың қалай? Не болды сендерге, қазақтар?

     Басқа елде, басқа құрлықта тұрып жатқан қазақстандық неміс Иван Экорт бұл сөздерді жан дүниесі астан-кестең болып күйзеле айтты. Ал мен болсам төмен қарап, қарсы бір ауыз сөз айта алмадым.

    … Біраз жыл құлағымыз тынышталып қалып еді. Жала мен бәленің түтіні қайтадан пайда болып, бықси бастады. Димекеңді орынсыз қаралау, кемсіту, жала жабу, «қазағым» деп соққан кіршіксіз жүрегіне қара күйе жағу белең алды. Мүйіздері қарағайдай Мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері Сәбит Досанов пен Несіпбек Айтовтың жазғандарына тоқталып әуре болмайын. «Айтылған сөз — атылған оқ» деп қазақ атамыз бекер айтпаған. Оған көзіқарақты қазақ оқырмандары әлі де лайықты бағасын бере жатар.

      Менің айтайын дегенім, қасиетті қазақ жерінде төбе көп, ал асқар таулар аз. Қонаев пен Тәшенов қазақ ұлты үшін талай рет бастарын бәйгеге тіккен арыстарымыз, асқар тауларымыз. Екеуінің де қазаққа сіңірген еңбегін дұрыс бағаламау, орынсыз жала жабу әбестік болады, ағайын! «Анау жақсы еді, мынау жаман еді» деп, екі алыпты бір-біріне қарсы қойғанда біз ештеңе ұтпаймыз, ұтыламыз. Хрущевпен болған жер үшін шайқаста Димекеңнің Жұмабекті жалғыз қалдырды, нақты айтқанда, сатып кетті деу еш қисынға келмейді. «Елім» деп еңіреп өткен ұлылар үшін қызмет, атақ, мансап, дәреже түк те емес, олар үшін ар мен намыс, ұлттың болашағы бірінші кезекте тұрады. Қазақтың басына қатер туғанда олардың бірінің құрбандыққа баруы заңды ақиқат. Тәшеновке, Қонаевқа жасалған небір қитұртқы, жымысқы әрекеттерді қылышынан қан тамған зәлім тоталитарлық заманды басқарып тұрған Хрущевтен, оның жандайшапы Юсуповтан іздегеніміз жөн болар.

      Хрущев қазақ десе, қазақтың жері десе, еліміздің біртұтастығы десе Қонаевтың жанын салып арпалысатынын білді. Жымысқы жоспарын іске асыру үшін Қазақстан компартиясының бірінші хатшылығына Юсуповты тағайындады. Бір жағында — Хрущев, екінші жағында — Юсупов. Қонаев екі оттың ортасында жүрді. Жаралы жолбарысша екеуімен де арпалысты, шайқасты, небір қатерге басын тікті. Егер Димекең және оның ұлт десе құрбандыққа баратын серіктестері болмаса, Қазақстан әлдеқашан бөлшектеніп кетер еді. Алматы ұйғырлардың автономиялық республикасының астанасы болып кетер еді. Міне, осындай қиын күндерде Дінмұхамед Қонаев нағыз табандылық, жігерлілік, ерлік көрсете білді. Мың өліп, мың тірілген қазақ ұлтына Жаратқан иеміз Алла тағала оң көзімен қарады. Осындайда Димекеңнің үлкен саясаткерлігіне, ұлтжандылығына, қайраткерлігіне қалайша бас имейсің? Достық деген — үлкен ұғым. Қиын-қыстау күндерде Қонаевты қолдап, қазақтың тағдырын шешуге үлкен жанашырлық, қолдау көрсеткен Димекеңнің досы Леонид Ильич Брежневке мың да бір рақмет.

     «Жұлдыз» журналының 2021 жылғы №3 және №4 санында жазушы Әбілдәбек Салықбайдың «Наркескен» атты туындысы жарияланыпты. Жазушы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің образын ашу жөнінде біршама еңбектенген. Шығарманың тілі жатық, ел деп туған үлкен тұлғаның күреске толы өмірінен көптеген құнды деректер береді. Алайда жазушының артық қыламын деп, тыртық етіп алатын тұстары да кездеседі. Сөзім нақты болу үшін туындыдан үзінді келтірейін.

     ...«ҚХР-дың құрылғанына он жыл толуына арналған мерекелік шаралар аяқталған соң, екі жақ бірігіп дүниежүзілік социализмнің қордаланған шаруаларын шешуге кірісті. Дәл осы сын сәтте екі қошқардың басы бір қазанға сыймай, текетірестері қайта қозды.

     Өз дегенін өткізерде бетіне көн керіп алғандай бедірейетін Мао Цзе дун:

­     — Кеңес Одағы — сөз жоқ, ұлы ел, ал біз ұлы Қытаймыз, — деп, таластың көрігін қыздыра түсті. КСРО-ның дәрежесі кеміп қалғандай көрінген Хрущев:

  — Солайы солай ғой, бірақ СОКП дүниежүзілік коммунистік қозғалыстың авангарды емес пе? — деді. Мао Цзе дун да қалысқысы келмей:

   — Бірақ Қытайда коммунистер КСРО-ға қарағанда көп екенін ешкім де жоққа шығара алмайды, — дегенде, Хрущевтың аузына айғақты сөз түспей, тосылып қалды.

     Сонда Жұмабек Тәшенов өз басшысының сөзден тосылуын жуып-шайғандай:

— Революцияны Кеңес коммунистері жасады емес пе? Олар кейін Қытай коммунистерінің билікке келуіне көмектесті. Тіпті сіздерге комсомолды құрысып, жасақтап берген де СОКП емес пе? — деп, тығырықтан жол тауып кетті. Бұл уәжге қытай жағы жауап қата алмай, аузына құм құйылды...» — деп жазады Әбілдәбек.

     Өкінішке қарай, айтулы үзінді шындыққа сай келмейді. Ол жазушының қиялынан шыққан нәрсе. Үлкен мемлекеттік дәрежедегі дипломатиялық қабылдаудың бұлжымайтын өз тәртібі мен ережесі, шеңберден шықпайтын әдеп пен этикасы болады. Қазақта «Әкесі тұрғанда ұлы сөйлегеннен без, шешесі тұрғанда қызы сөйлегеннен без» деген мақал бекер айтылмаған. Сондықтан да делегация мүшесі Жұмабек Тәшеновтің осылай сөйлегені шындыққа келмейді. Автор кейіпкерін дәріптеймін деп, оны ыңғайсыз жағдайға қалдырады.

     Енді Әбілдәбек Салықбайдың «Наркескен» повесіндегі мына үзіндіге назар аударайық:

     ...«Бұрын жылы шыраймен қарсы алатын Хрущев бүгін қабағын қарс жауып алыпты. Бұлар отырар-отырмастан-ақ ол үнемі әлденеге асығып жүретін әдетімен төпелеп ала жөнелді:

— Кадр мәселесін кейінірек қарастырамыз, қазіргі кезектегі және шұғыл шешетін мәселе — республиканың жер көлемі, жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын.

     Мәймөңкені білмейтін Тәшенов сөзбұйдаға салмай, бірден төтесіне көшті.

  – Никита Сергеевич, сіздің меңзеп отырғаныңыз Тың өлкесін Ресейге қосу мәселесі ғой, мен дұрыс түсіндім бе?

  — Айна-қатесіз дөп бастыңыз. ­- Хрущев енді не дер екенсің дегендей көзін сығырайта сынай қарады.

   — Тың өлкесі туралы пікірі мынау: Мен Ақмолада туып-өстім. Он екі  жыл Солтүстік Қазақстан облысында қызмет еттім. Ата-анамның, ата-бабамның жаны осы қасиетті мекенде жай тапқан. Енді бұл жерді Қазақстанның құрамынан алып, Ресейге қоспақсыздар! Мұндаймен бірде-бір қазақ келіспейді… — дей беріп еді, Хрущев Тәшеновтің сөзін бөліп:

   — Қалайша бірде-бір қазақ келіспейді дейсің, қасыңдағы Қонаев келісіп отыр ғой! — деді мысқыл аралас мырс етіп.

   — Қонаевтың жөні басқа, ал мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын! Айтқаным айтқан: Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейді.

     Жазушы өзінің шығармасында Тәшеновті асқақтатып, ал Қонаевты құзға қарай құлдыратқысы келеді. Бұл заманда саудагерді де алдауға болады. Ауылдың әкімі ауданның әкімін алдайды, ал ауданның әкімі болса облыстың әкімін алдайды. Облыстың әкімі премьер-министрді алдайды. Өздеріңіз білетіндей, бас уәзір патшаны алдайды. Иә, бәрін де алдауға болады. Бірақ халықты алдай алмайсың! Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстанға қазақ халқына сіңірген еңбегін ел біледі. Осыны қолына қалам ұстаған әріптесім ұмытып кеткен сияқты. Қазақ тарихында алтын әріппен жазылған көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірін аспандатып, екіншісін төмендеткенді мақсат тұтқан жазушының мақсаты не, көксегені не? Әлі де басы бірікпей жүрген қазақтың арасына от тастау ма, әлде жіктеу ме? Республикамызда Қонаевтың көзін көрген, парасаттылығына куә болған көнекөз қариялар әлі де бар. Қазақстанның бес облысын Ресейге беруге ешқашанда келісімін берген емес. Димекең осы үшін  бірінші хатшылықтан кетті емес пе? Бұл тарихты бұрмалау болып табылады.

     Қаламгердің:… «Жұмекең орыс-қазақ демей, айналасындағы басшылардан айбыны асып, мерейі тасып, оқ бойы озық тұратын. Содан ба екен, Тәшенов қатысса, алғашында Димаш Ахметұлы да мәжілісті жөнді жүргізе алмай, білгенінен жаңылып қала беретін. Сол кезде әріптестерінің көбі бірінші басшы әсіресақ та ұстамды Қонаев емес, шешімтал да өткір Тәшенов болатын шығар деп ойлайтын. Сөйтсе, Алланың қалауы мен тағдырдың таңдауы мүлдем басқаша болады екен», ­- деп  жазуында да үлкен шалағайлық жатыр. Әбілдәбек мырза бұл тұста да асыра сілтеп жіберген. Жазғаны шындыққа жанаспайды.

        Атақты қой өсіруші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев туралы ертеректе очерк жазғаным бар. Жазекең көп сөйлейтін адам емес, нағыз істің адамы. Сөйлесе де ойлы сөйлейтін. Дала академигі атанған майталман шопанның: «Жүз жылқыдан бір жүйрік, мың жылқыдан бір тұлпар, жүз бір құстан бір қырғи, мың бір құстан бір сұңқар шығады. Бір қазақ қана емес, бүкіл алаштың біртуар ардақтыларының бірі- жарты әлем таныған Дінмұхамед Қонаев. Ол тұла бойына бар жақсы қасиет қонған абыз» деп айтқаны әлі есімде.

     Иә, Иван Экорт досым айтпақшы, қазақ даласында төбелер көп, ал таулар аз. Қонаевтай парасатты мемлекет басшысымен өмір бойы сыйласып өткен Иван Экорт өте орынды айтады. Таулар алыстаған сайын биіктей түседі емес пе? Жұмабек Тәшеновтің де Қазақстанға, қазақ халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Олай болса, игі жақсыларымызды бөліп-жармай, қастерлейікші ағайын! Димекең де, Жұмекең де мың жылда бір рет дүниеге келетін тұлғалар. Бірін  асқақтатып, екіншісін құлдыратып, бір-біріне қарсы қойғаннан біз не ұтамыз? «Болар елдің ұлдары бір-бірін батыр дейді...» деген қанатты сөзді ұмытпайық! Сонау 18 ғасырдың аяғында ұлы Абай: «Біріңе қазақ, бірің дос, болмасаң істің бәрі бос» деп шырылдап өтті емес пе? Маңғыстаулық арқалы ақын Сабыр Адай «Әрбір қазақ- жалғызым» деп босқа жырламайды, ағайын. Мейірімді, кеңпейіл, сөзге тоқтаған текті халық емеспіз бе? Тырнақтың астынан кір іздеп, бір-бірімізге қатігез болмайықшы. Аға толқынның буындары біздер білместік жасап, сүрініп жатсақ, соңымыздан еріп келе жатқан кейінгі толқын жастарға не болмақ? Қандай өсиет, қандай тәрбие қалдырамыз? Әрқашанда рухымыз асқақ болсыншы, оны өз қолымызбен сындырмайық! Жан-жақтан: «Шоқ, шоқ, қазақ. Бірің өліп, бірің қал» деп анталап отырған дұшпандарымыз аз емес қой...

      Жақында Алманиядағы жолдасым Иван Экорт телефон соғып, әдеттегідей елдің хал-жағдайын сұрады. Қазақ жерін, қазақ елін сағынғанын айтпаса да байқауға болады, жүрегі елжіреп тұр. Ел бірлігі мен ынтымағын шолақ ойлайтын кейбір ағайындардың ұлт мақтанышы Дінмұхамед Қонаев туралы өрескел сөздер айтып жатқаны туралы естімесе керек, ол жайында сөз қозғамады. Мен соған қуандым. Иван: «Оу, қазақтар, сендерге не болды?»- деп сұраса, айтар уәжім де, сөзім де жоқ еді.

Тегтер: