Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 03 Сәуір 2024

Тобық Жармағамбетов. Бозторғай (әңгіме)

Бозторғай
Фото: из открытых источников

Тобық Жармағамбетов жас кезінде жазған «Отамалы» әңгімесімен-ақ қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелгендей болды.

Әңгіме құрылымы алабөтен, баяндау тәсілі бөлек, тілі шұрайлы әңгімені қазақ оқырманы сүйсіне оқыды, бір-біріне сүйіншіледі. Әдебиет сыншылары мақтауын асырды. Амал не, жазушы қазақ әдебиетінің жарық жұлдызына айналып келе жатқан шағында, 39 жасында өмірден өтіп кетті. Биыл – жазушының 90 жылдығы.

Жуырда Ziyat баспасы жазушының кітабын жарыққа шығарды. Кітапта «Отамалымен» бірге «Қара жаңбыр» және «Нәзік бұлттар» повестері бар. Сонымен қатар бұрын еш жерде жарияланбаған «Сәния», «Бозторғай» әңгімелері жарияланды. Оқырман қауымға жаңа кітаптан тәбәрік ретінде «Бозторғай» әңгімесін ұсынып отырмыз.

***

Мен бір кішкентай бозторғайдың тағдыры туралы айтайын деп отырмын. Кішкентай бір бозторғайдың таңғажайып және қайғылы тағдырын айтайын деп отырмын, достарым!

Адам болсын, құс болсын, әйтеуір тірі жан болған соң тағдырлары бір-біріне ұқсас болып келе береді екен. Дүниеде таңғажайып заттар көп екен. Соның бірін айтайын сіздерге, оқушым!

Мен ол кезде семьялы едім. Үйім Украинаның батыс жағында. Шекараға жақын деревняда болатын. Семьяда менен бөтен әйелім және бүлдіршіндей үш балам бар еді. Семья құрғанымызға, сүйіктім Ленамен қосылып өмір сүргенімізге, бақыт пен рахаттың құшағында еркін де шат өмір сүргенімізге он бір жыл болып қалып еді ол кезде. Адам деген қызық-ау, алтындай жалтыраған сары шашты, биязы Ленаға ғашық болғаным, соңынан жас балаша жүгіргенім әлі есімде. Үйленген кездер, бақытты өмір. Жақсылыққа, бақытқа, қызыққа тоймайтын көрінеміз ғой. Әйтеуір не керек, сөйтіп жүріп, он бір жылдың қалай өтіп кеткенін де білмей қалдым. Алғашқы жылы әдемі бір үй салып алдым. Үш балалы болдық. Алғашқысы — Коля, ортаншысы — тұлымшағы желбіреген, томпақ бетті Наташам, кішкентайым — өзімнен аумай қалған Сережкам.Үйіміздің жанында үлкен бақ, әдемі гүлдер өсетін орын бар еді. Онда жазды күндері неше түрлі қызғалдақтар, пион, лилия, тағы басқа гүлдер өсіп тұратын. Тереземіздің тұсынан өрмелеген шырмауықтың ұшар басы карнизге ілініп, тереземізді жауып, үйдің ішін қоңыр салқын қылып тұратын. Бақта неше түрлі қызыл, сары, ақ түсті алмалар өсіп, жандарынан кішкентай ғана арықшалардың арнасында зәм-зәм су тербелетін. Сол ағаштардың араларында түсті кілемдей құлпырып, жұмсақ, биязы, жоңышқа өсетін. Ағаштардың арасында қолдан жасаған бірнеше отырғыштар және бір беседка бар еді. Үйіміз, міне, осы бір көк мауыты оранып, әп-әдемі болып тұратын. Көршілер Ленаның өсірген гүлдерін деревняның сәні дейтін. Оған шаттанған Леночка гүлдерін одан сайын аймалап, өзінің бауырынан шыққан баласындай күтетін. Сөйтіп біздің өміріміз осы бір қызғалдақтай құлпырып, шешек атып келе жатыр еді, біз қайғы, мұң дегенді білмейтін едік, бізге олар жат еді, біз тәй-тәй басып, түрегеліп тұрғаннан бастап, маңдайымызға күн тимей өскен адамдар едік. Ленаның да, менің де әке-шешелеріміз бар еді, олар көрші облыста тұратын.

Мінеки, біз сөйтіп, шатты өмір сүре бердік.

Айтпақшы, енді торғай туралы. Бейшара бозторғайдың тағдыры туралы, бишара бозторғайдың қайғылы тағдыры туралы айтайын, достарым.

Бұл торғай алғаш үй салған жылы кездесті. Үй салып болып, бақ егіп, алма ағаштарының біреуін көміп жатқанымда жаңағы торғайым жаңа ғана егіп қойған ағашымның қу бұтағына келіп қонды, бұтақ торғайдың салмағымен сәл тербеліп кеткені әлі көз алдымда. Бұл менің торғайды ең жақыннан көруім еді. Кіп-кішкентай денесі бір орында тұрмай бір жоғары, бір төмен түседі. Әлсіз, жіп-жіңішке аяқтарымен әлгі қу бұтақты орай қысып алыпты. Торғайды еске сақтауға бір себеп болған нәрсе оның оң аяғында едәуір қажалған белгі бар екен. Мінеки, менің бұл торғайға көзім түскені осылай басталды. Мүмкін, мен бұл жағдайға мән берер ме едім, бермес пе едім, егер әлгі аяғында қажалған белгісі бар торғайым келесі жылы да, онан кейінгі жылы да әлгі ағашқа келіп қонбаса. Бақсам, ол біздің осы баққа ұя салып жүр екен ғой. Міне, осы уақыттан бастап, торғай біздің ауладан шықпайтын болып алды. Ұясын әлгі өзі қонған ағаштың түбіне салыпты. Әр түрлі кішкене құстардың жүнінен, шөп қоқымынан жасалған ұя да мұндай әдемі болады екен-ау. Барып көргенімде ұя маған сондай ұнады. Келесі бір қарағанымда ішінде көгілдірлеу бірнеше жұмыртқа жатыр екен. Мінеки, осыдан бастап сол торғайдың тұрағы ағаштың бұтағы, ұясының орны сол алма ағашының түбі болып алды. Біз таңертең ерте тұрып, баққа жуынуға шықсақ та, шырылдап тұрған осы торғайдың үнін естуші едік, кешке ағаш түбінде беседкада отырсақ та осы торғайдың шырылын естуші едік, күндіз балапандарына жем әкеліп жүрген осы торғайдың шиқылын естуші едік.

Біздерге торғай үні бейне бір таныс заттай, солай болуға керекті заттардың біріндей болып кеткені соншалық, ақырында біз оны өзімізге дос санап кеттік. Осы торғайдың тұсында біз бақытты өмір сүріп тұрдық, осы торғайдың тұсында бала сүйдік, осы торғайдың тұсында біз қайғы, көз жасы дегенді білмедік. Осы торғайдың тұсында біздің үш баламыз өсіп, ер жетті. Адам өмірін сәндендіретін, оған сәуле, нұр беретін, бақытпен қатар жүріп отыратын бір зат болады, бір себеп болады деуші еді, сол сияқты бозторғай да біздің бақытымыздың себепшісі сияқты көрінетін. Сондықтан да біз бозторғайды әрдайым күтіп, оған қамқорлық жасап отыратынбыз.

Ол да біздің адал көңілімізді, достық жүрегімізді түсінгендей болатын. Тіпті ол ақырында бізден қашатындай болды. Лена балапандар ұясының жанына нан түйіршіктерін, ірімшік, тағы басқа тағамдар апарып қоятын. Оған әсіресе сарыауыз балапандардың ауыздарын ашып, жемге қарай ұмтылып, шыр-шыр ететіндері өте ұнайды. Кейде балапандарды көтеріп алып, сүйгім келіп кетеді дейтін. Тіпті оны біздің «бақыт торғайымыз», біздің қасиетті құсымыз дейтін. Мен жорта қалжыңдап, «бозторғай қайғы құсы ғой» дегенімде, ол сәл дір етіп, жылы сөздермен мені қайырып тастайтын. Жамандыққа бастама, олай болуы мүмкін емес дейтін. Неге екенін білмеймін, сөйтіп біз осы торғайды, торғай бізді жақсы көріп кетті.

Өмір деген қызық-ау! Неткен таңғажайып зат дерсің бұл өмір.

Құс пен адамның шынайы достығын мен өз өмірімде көрмеп едім. Торғай да осыны сезгендей болатын. Ол кей күндері ашық тұрған, форточкадан, я есіктен ішке кіріп, үстелдің үстіне қонатын, далада балаларымыздың қасына келіп, қолдарынан дән алып жейтін. Бәріміздің де иығымызға қонатын, ұшса үйіміздің төбесін айнала шарықтап ұшып, тағат таппайтын. Сондай бір қадірлі, ардақты құс еді. Ең аяғы кішкентай Сережкамызға дейін осы торғайға тимеу керектігін, оған махаббатпен, жылылықпен қарау керектігін ешкім айтпай-ақ түсінетін.

Қазір бәрін ойлап отырсаң, өзі бір өте жүрек толқытарлық та, көзге жас әкелерлік те нәрсе екен.

Мінеки, достарым, көрдіңіздер ме, адам мен құстың қалай достаса алатындығын? Менің айтайын деп отырғаным, осы біздің дос торғайымыздың, осы біздің... бақыт торғайымыздың тағдыры еді достарым.

Жаздың бір тамаша таңы атып келе жатты. Мұндай таңдар адам өмірінде мәңгі бақи сақталады. Ауа қасиетті електен өткізгендей мөлдір де таза. Күншығыс жақ алқызылдаған екен. Мен далаға шығып, осы таза ауаны рахаттана жұттым да, мұп-мұздай сумен беліме дейін жалаңаштанып жуынуға кірістім.

Деревня әлі таңғы ұйқыдан ояна алмай ұйқысырап жатыр екен. Әр жерден өрген сиырлар мен бірен-саран шошқалар түседі көзге. Бір-екі үйдің мұржасынан аспанға көтерілген түтін көрінеді. Бейбіт, тамаша, жарқын таң. Осы бір таң саясы планетадағы барлық жанға рахат себуші, шипалы, қасиетті зат сияқты.

Кенет біздің үйдің есігі ашылып, сыртқа Елена шықты. Үстінде жеңіл көйлегі бар. Топ-толық бұрымдарын әлі өріп үлгермеген, бір жақ кеудесін толық жауып тұр. Жүзінен әлі ұйқы ізі кете қоймаса да, ол осы сәтте жайнап, құлпырып кеткен екен. Екі беті атып келе жатқан таңдай алаулап, жүзінен самал ескендей. Бейне бір ертектегі қор қызындай, я теңізден шыққан русалкадай көрінді маған ол. Артынан балалар да өріп шықты, оятып алып келе жатыр екен. Біз бүгін деревня сыртына серуенге шығамыз деп ұйғарған болатынбыз. Менің де, Еленаның да (ол оқытушы еді) демалыста жүрген кезіміз ғой. Әсіресе кішкене ұлымның қуанышы қойнына сыймады. Оның ойынша, біз бүгін машинамызбен Москваға барып келмекпіз.

Кенет, көзі қайдан түсіп кеткенін қайдам, ол шырылдап тұрған біздің торғайымызды көрсетті. Ол да шаттанғандай шықылық атып тұр екен.

— Семьяның барлық мүшелері де түгел екен! — деді Леночкам торғайға қарап, күле түсіп. Мен де кәстөмімді киіп жатып, қоштағандай басымды изей түсіп күлімдеймін. Торғайға қараймын. Балаларыма, бүлдіршіндей балапандарыма қараймын. Лена, Леночкама қараймын. Мына шығып келе жатқан алтын күнге қараймын. Мына өсіп тұрған ағаштарға, жасыл жапырақтарға қараймын. Ана гүлдеп, біздің шат өміріміздей шешек атып тұрған қызғалдақтарға қараймын. Қуаныштан тасып, күлгім, шаттанғым, жас балаша секіргім, ойнағым келеді. Мен де жас баладаймын-ау деймін. Неткен тамаша өмір, неткен бақыт! Осыны берген сен ғой, Леночкам! Осыны берген сен ғой, қуатты Отан! Осыны берген сендер ғой, жас бүлдіршіндерім, қызыл қызғалдақтарым! Леночкама қайта қараймын. Торғайға қараймын. Балаларыма қараймын. Балаларым да торғайға қарайды. Осы сурет, осы мезет әлі көз алдымда. Оны мен мыңдаған жылдар өтсе де ұмытпаспын, оны мен көрден суырып алып сұраса да, нақпа-нақ айтып берермін. Леночка екі қолын алға созып, бір аяғын ұшынан басып, аузы бүріле, бірдеңе, қуанышты бірдеңе айтайын деп ыңғайланып қалған. Кішкене ұлым сұқ қолымен торғайды нұсқап, анасына көрсетіп тұр. Наташамды Коля қолынан ұстап алған, екеуі де ұяға бара жатқан күйі, шіркін сәбилер, ойларында ештеңе жоқ, сол бара жатқан күйінде қалды көз алдымда. Наташамның қолында бір үзім нан — торғайға алып бара жатыр. Бейшара торғайым осы бір көріністің басты мүшесіндей, қанатын қомдап, өз тілінде бірдеме деп шықылықтайды.

Әттең егер суретші болсам, осы көріністі әлі күнге дейін айнытпай салған болар едім. Әсіресе кішкене ұлымның бет-әлпетін, мың түрлі қуаныш ойнаған көзіндегі ұшқындарды! Бетіне ойнап шыққан аққызыл сәуле мен қуаныш ойнаған көзіндегі ұшқындарды! Бетіне ойнап шыққан алқызыл сәуле мен қуаныш лебін! Колямның, Наташамның — егіз қозыдай екеуінің қол ұстасып бара жатқан кезін. Әп-әдемі, кіп-кішкентай аяқтарының қозғалысын!

Елена ше! Оның жүзіндегі сабырлы қуаныш пен бақыт тасқынының сәулесі ше!

Көңіліме осы сәтте қалай орала кеткенін, не себепті орала кеткенін қайдам, әйтеуір осы қуанышты шақты, біздің бақытты өмірімізді әлгідегі ғана атып келе жатқан жалқын да, жарқын, мөлдір де таза таңға теңеп едім.

Мінеки, менің өмірімдегі осы бір сәт, осы бір көрініс жүрегіме ойып салынған. Бояумен полотноға түспесе де, нәзік жүректе болат қанжардың ұшымен ойып салынған еді, достарым!

Тап осы мезетте, тап осы мен суреттеп отырған мезетте, оқушым әлемет бір қара тұман осы бір жарқын суретті түгел жауып кетті.

Өзім де шала-шарпы білемін, тек осы маңайда тұрған жанды-жансыз заттардың бәрін де қап-қара ауа, не түтін, әлде не зат екенін белгісіз бірдеме лап еткізіп, құшағына сүңгітіп жіберді. Тек талып, есім ауып бара жатып көріп қалғаным, менің бейшара торғайым, біздің бейшара торғайымыз қып-қызыл қанға боялып, шырылдаған 3-4 балапандарын қалдырып, бұтақтан төмен құлап бара жатыр екен. Ар жағын білмеймін, беттен соғып өткен осы бір әлемет қара түтін мені де естен тандырды...

Оқушым не екенін сезіп отырсыздар ма? Біліп отырсыздар ма, достарым? Бұл 1941 жылдың 22 июнінің таңы еді ғой. Бұл қара әлемет тұман — Гитлердің планетаға тастаған қара тұманы еді ғой. Жаңағы бізді жалмаған сол Гитлер фашистерінің біздің елге атқан алғашқы снарядтарының бірі еді ғой. Бұл снаряд сол қанды тырнақ жендеттердің арам ниеттерімен суарылып, біздің елге жіберіліп еді ғой. Осы ғой жаңағы менің бақытымды жалмаған снаряд. Сол ғой, менің Еленамды, бүлдіршіндей қызғалдақтарымды қойнына тартқан. Сол ғой, бишара бейбіт торғайды жалмаған.

Мінеки, менің тағдырым, мінеки, менің тарихым, оқушым!

Ар жағын айтпасам да түсінікті ғой деймін. Еленам, балаларым әп-әдемі гүлдерім, бақытты семьям жаңа ғана өзіммен бірге жүрген жүрекке жақын ең ыстық адамдарым жоқ болды. Өзім ауыр жарақаттанып, сонау алыстағы Қазақстаннан бір-ақ шығыппын. Бүкіл соғысты кроватта жатып өткіздім. Бір қолымнан айрылдым. Омыртқам мықтап зақымданды. Қазір денсаулығым жақсы. Қайта үйлендім. Әйелімнің аты — Мария. Екі балам да бар. Біріншісінің аты Коля, үлкен ұлымның атын Коляның құрметіне қойдым. Екіншісі қыз бала болып, оның атын Наташа қойдым (кішкентай ғана Наташам! Балапаным!). Егер үшінші баламыз ұл болса, Сережа қоямыз деп келісіп те қойдық.

Мінеки, көрдіңіздер ме, достарым, маған өмірімді түгелдей қайта бастауға тура келді. Қазір де жаман емеспін. Көңілді, шат тұрамыз. Өзімді бақыттымын деп есептеймін. Мария да, мен де бір-бірімізді сондай жақсы көреміз, сыйлаймыз. Бірақ өмірдегі осы бір кезең еске түскенде, жүрек түбін ащы бір у тырнап өтеді. Ғаламат соғысқа қарғыс айтамын. Соғыс атаулыны ит етінен жек көремін.

Бірақ ол тек қана бозторғайлардың тағдыры үшін емес...