Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:37, 06 Қыркүйек 2022

Тоғай өртенсе де, Торғай өртенбейді

None
None

«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Сұлтан Бейбарыс» туралы фильмнің бір тұсында мынадай сөйлем бар: «Арамызда сұр жыландай сумаңдап, жансыз жүр.

Ол біздің әміршіміз Құтузды өлтірді», деп келеді. Сондай жансыздар біздің елде де емін-еркін тайраңдап жүрген болуы мүмкін. Соңғы жағдайлар біздің ойды соған жетелейді. Жансыздың жаны жоқ: Отаны да, ұлты да болмайды. Тапсырма берілді ме, тап-тұйнақтай орындайды.

Торғай даласының күлін көкке ұшырған алапат өрт – сондай жансыздардың ісі болуы әбден мүмкін. Әлеуметтік желі, дәйекті-дәйексіз пікірлердің дені осыған саяды. Қызыл жалынның бір уақытта сегіз жерден тұтануын басқаша қалай түсіну керек? Ұлт ұстазының 150 жылдық торқалы тойы өтетін тұста, күзгі егін пісіп, орақ күтіп тұрған уақытта ойламаған жерден тұтанған өртке басқаша баға беру қиын.

Егер бұл жансыздардың тірлігі жоспарлы түрде жасалған қастандық болса, онда бұл жаудың ісі! Жаудың аты – жау: ол іштегі дұшпан болуы мүмкін немесе сыртқы күштер. Қайсысы болса да, қазаққа тілеуі қарсы, ниеті бөтендердің қылғаны. Әлеуметтік желі де жанып жатыр. Өрт қойғандар Ресейдің жансыздары деген болжам көп. Көбі қисынды. Соңғы кездері теріскейдегі көршімізбен қырғиқабақ болып жүргеніміз рас. Қазақтың ниетінен емес, орыстың империалистік пиғылынан. Украинадағы соғыс басталғалы бері Мәскеудің әсіре ұлтшылдары қазақ жеріне көз алартуын үдете түсті. Мәскеудің ниеті белгілі. Марқұм айтыскер ақын Оразәлі Досбосыновша қайырсақ:

«Павлодар менің өз жерім,

Павел бабам барған жер.

Усть-Каменогорск да менің өз жерім,

Өскен орыс жатқан жер», – деп жүргелі қашан. Оның үстіне, Ресей-Украина соғысы басталғалы бері 1,5 млн орыс Қазақстанға кіріп алды деген де ақпар айтылады.

Путиннің «пулеметі» жирен Жириновскийдің тірі кезінде Мәскеудің мәмілесін біліп отырушы едік. Ол да уақытсыз уақытта өле қалды. Әйтпесе, Торғай тоғайларының аяқ астынан өртке орануын, бірдей уақытта сегіз жерден тұтанатынын Жирекең алдын ала ескертер ме еді. Ескертпесе де, күнбұрын қағынып тиіскен кезінде түсінер едік.

Бұл сыртқы жаудың ісі дегенге келетін тағы бір қисын. Көршіміз Ахмет Байтұрсынұлының кім екенін жақсы біледі. Қазақтың рухын көтерген ұлт көсемі, рухани ұстазы екенін таниды. Ондай тұлғаның мерейтойын тойлау – қазақ рухының оянуы, намысының тірілуі деп қауіп қылады. Сондықтан да мысықтілеу Мәскеу тойдың туталақайын шығарғысы келген болуы да мүмкін.

Ал ішкі дұшпандардың ісі деген әңгіменің де жаны бар. Жасыратыны жоқ, Қаңтар қырғынынан бері ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстан соғысы жүріп жатыр. Үнсіз соғыс. Бірақ өте қауіпті, қатерлі қақтығыс. Қазақстандықтардың алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың абырой-беделін түсіргісі келген ескі Қазақстан есіріктерінің ісі болса ше? Ол да бір нұсқа. Өткен аптада ғана Мемлекет басшысы өз жолдауын жариялады. Іле-шала Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық торқалы тойын өткізу үшін Торғайға қарай жол қамына кірісті. Жолдау, ұлт ұстазының тойы. Осының бәрі ескі жүйені жұлынқұрттай жұлындырып жіберді-ау! Егер солардың тірлігі болса, онда өз Отанын өртегендер жазасыз қалмас! Тақ үшін таластың жақсысы жоқ. Алайда қымбатшылық қысып тұрған уақытта, әлемде бидай тапшылығы күн тәртібіне өткен қысылтаяң шақта, биліктің өзімен-өзі қырқысып, бірін-бірі өртеп «ойнағаны» – аш қазаққа ауыр.

Айтпақшы, тілсіз жау қаншама ауылды шарпып жатыр. Тіпті аң-құс түгілі, адамдар да қаза болған. Орман орнында күл қалды, бидай жанып атыз қалды. Іштегі жаулар тоғай өртенсе де, Торғай өртенбейтінін түсінбеген сияқты. Қай дұшпан болса да, Әулиекөлге от қойып, астананың рухын өшіреміз дегендер – қазақтың намысын тұтандырып алды-ау!

Тегтер: