Тоғызыншы соғыс, Трамп және Tomagawk

Дональд Трамп Ақ үйде Владимир Зеленскийді қабылдады. Тағы сол кездесу, тағы сол көрініс.
Бар үмітін арқалап барған, ардың-гүрдің жүретін, ала-құла сөйлейтін Трамптың енді қай жағынан шығып қалам деген ішкі толқынысын қанша тырысса да жасырып қала алмаған, ең алпауыт державаның президентіне жәутеңдей қарайтын, соғыстан қажыған Зеленский; көп нәрседен үмітті Зеленскийді арқаға қағып, әр қадамын нұсқап, алдымен қасына тұрғызып қойып, суретке түсетін, сосын алдына салып ап дедектеткендей қылып Ақ үйге алып кіріп кететін, сопақ бөлмеде көңілі соқса бірер ауыз «мақтау» айтатын, «шапанын» сөз қылатын, көңілі соқпаса дүрсе қоя беретін Трамп...
Бұл жолғы кездесуден де Зеленскийдің тауы шағылып қайтты. Оның бар үміті – Трамп емексітіп қойған Tomagawk зымыраны енді жоқ. Қолға түсіп тұрғандай еді. Трамп арқырай сөйлеп отырды да, кесіп айтты: «Томагавкысыз да соғысты аяқтауға болады деп ойлаймын». Одан өзге сөзі де Зеленскийді тығырыққа тіреді де отырды. Бір күн бұрын ғана Путинмен сөйлескенін айтты. «Ол да соғысты аяқтағысы келеді деп ойлаймын», деді. «Тоқтатқысы келеді» деген жоқ, «деп ойлаймын» деді. Кремльді келіссөз үстеліне әкеледі деп сеніп жүрген бүкіл әлем осы бір ләмінен-ақ Трамптың Путинге сөзі өтпегенін ұққан.
Кездесу кезіндегі ерекше назар аудартқан бір оқиға – Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Донбассты Ресейге беру туралы айтқаны және оған Трамптың бас изеуі. Кездесудің жабық есік жағдайында өткен бөлімі туралы әлемдік БАҚ түрлі ақпарат таратып жатыр. Соның бәріне ортақ нәрсе – Ақ үй құрамы мен Украина делегациясының келісе алмағаны. Зеленскийді «оталдырып» жіберген Уиткоффтың сөзін Трамптың үнсіз қоштап қана қоймай, соғысты тоқтату үшін менің айтқаныма көнесің, болмаса, Путин Украинаны жояды деп ультиматум қойғаны; Зеленскийдің «үй жұмысын» (арнайы жасап алып барған соғыс картасы) ысырып қойып, Путин айтқан гәпке көбірек мән беріп кеткені; Путиннің Запорожье бен Херсонды толық сұрап отырғаны айтылған. Бірақ, Трамп кездесуден кейін журналистерге берген жауабында аунап түсіп, шарасыз кейіпте сөйледі. Донбассты беру туралы сөз болмапты, жағдай өте күрделі екен, бөліс мәселесі (мына жер менікі, ана жер сенікі болсын) бойынша келісімге келу өте қиын екен. Сондықтан соғыс осы тойғандарыңмен тоқтаңдар деген келісіммен, қазіргі майдан шегінде аяқталуы тиіс.
Трамп әлемде бейбітшілік орнатам, Нобель алам деп жүріп, қызды-қыздымен Украинаны жығып беруден де тайынбайтын түрі бар. Ол Херсон мен Запорожьені Ресейге түгел кесіп берсе де, соғыс тоқтаса болды дейтіндей. Өйткені соғысты бір күнде тоқтатам деген уәдесінен бері жарты жылдан көп уақыт өтті. Сегіз соғысты тоқтаттым деп жүр, бірақ, күні кеше ғана келісімге келген Израиль түрлі сылтаумен Газа секторын әлі бомбалап жатыр, негізгі қырғын – Украина майданында әлі өзгеріс жоқ. Қанша тырысса да ілгерілемей қойған соң, соғысты әділетті аяқтау туралы ойлауға да мұршасы қалмағандай.
Айтпақшы, «Томагавк» туралы сөз басталғалы Кремль тарапы да бірнеше мәлімдеме жасады. Путиннің өзі де, итаршылары да деміл-деміл Трамп «Томагавк» зымыранын берсе де бұл соғысқа ешқандай өзгеріс әкелмейді (біздің де қаруымыз мықты), керісінше, АҚШ пен Ресей арасындағы эскалация асқынады (халықаралық текетірес, жанжал) деп жатыр. Украина делегациясы үмітін алдына салып АҚШ-қа енді жеткенде Трамптың Зеленскийден бұрын Путинмен телефон арқылы сөйлесуі басқыншыға емес, басқыншылыққа ұшыраған елге тілеулес болып отырған әлем үшін қисынсыз жағдайдай көрінген. Рас, сөйлесуді ұсынған Кремль екен, десе де Трамптың кездесу алдындағы бұл құбылуы Мәскеуге емес, Киевке қысым жасағандай жағдай еді.
Зеленский қайтті? Онікі «жазған құлда шаршау жоқ» деген кеп. Ол Ақ үйден шыққан соң журналистерді аз-кем күттіріп қойып (шыға салып Еуроодақ елдері басшыларымен сөйлесіпті, ендігі сөзіміз қалай болады деп ақылдасқаны болса керек), баспасөз жиынына шықты.
Украина президенті «Томагавкыдан» үміт үзе қоймапты. Оның мына бір сөзіне мән беру керек: «Путиннің Украинаны ала алмағаны ниетінің жоқтығынан емес, шамасының жеткені осы». Тәпсірлесек, Путинге дәл қазір қысымды арттыра түсуіміз керек еді, бәрі керісінше болып жатыр. Өзі қиын жағдайда тұрғанда онымен санасудың керегі жоқ еді деген ләм. Әрине, «Томагавк» туралы келіссөз жалғасады» дегені – әшейін өзін алдарқату емес, әлемнің назарын осы қаруға аудара түсу. «Болмайтын болды» деп, ұмытып кетпеңдер, айта түсіңдер, Трамптың есіне салып отырайық» дегені. Және Трамптың құлағына жете берсін дегені болар, АҚШ-қа үміт артатынын, себебі, Ресеймен сөйлесіп отырған, оған сөзі өтетін жалғыз адам Трамп қана екенін баса айтты. Және, келісімнен кейін Путин қайыра соқпайтындай аса сенімді қауіпсіздік кепілі керек деді. Мұның бәрі Трамптың бетін бері қарату үшін жасалған жандалбаса амалға ұқсайды.
Трамп мың құбылтып айтқан «осы жерден тоқтау» келісімін Зеленский де айтты. Және Трампты алдыға сала сөйледі: «Трамп дұрыс айтады, осы тұрған жерімізде тоқтауымыз керек. Мәселе бізде емес, Путинде болып тұр». Бірақ, Зеленскийдің «тоқтауы» Трамптың «тоқтауына» ұқсамайды: «Бірінші ұрыс тоқтасын, содан кейін нақты келіссөз жүруі керек». Бұл қандай келіссөз? Бұл жоғарыда Трамп айтқан қиын шаруа – сенікі, менікі жер бөлісі. Яғни, ол бәрі осымен бітті деп отырған жоқ, осы уаққа дейін төгілген қан, қираған қала, ширыққан жүйкенің өтеуі – Ресей басып алған жерді беріп құтылу дегенге көнбейді. Көнсе, артындағы елі «жұртыңа жаулық сағынғандағы бар жеткенің осы ма?» дейтінін біледі. Ал Путиннің «референдум» өткізіп, өзіне қосып алған аймақтарды қайта қарап, Зеленскийдің ұрыс тоқтағаннан кейінгі (тоқтаса!) шарттарын талқылап, ырғалып-жырғалып отырғысы жоқ. Ол Будапештегі саммитте де Зеленскийге «Ресейдің жерінен» әскерін толық алып кетсін деп сәлем айтып, қарап отырады.
Зеленскийдің алыпұшып жеткен көңілін түсіріп жіберген тағы бір мәселе – Трамп бастап, Виктор Орбан қостап, кездесудің нүктесі қойылар-қойылмастан әлем назарын аударып әкеткен Венгриядағы кездесу. Бұл жерде Зеленский тағы да шетқақпай көрді – кездесу Трамп пен Путин арасында ғана өтеді. Үшінші, негізгі тарап Украинаның бұл форумға қатысуы туралы мәселе мүлде қараусыз қалғандай әсер қалдырды. Зеленский бұған қатысты бүкіл әлемнің құлағы үйреніп қалған сөзін тағы бір қайталады: «Украина жерінің тағдыры Украинасыз шешілмейді».
Трамп та құлақ жауыр болған сөзін тағы бір қайталады: «Мен президент болғанда бұл соғыс басталмас еді».
Ештеңе шешілмеген, екі президент те жорта «достық рәуіште, жылы өтті» деген кездесудің соңғы сөзін Трамп айтыпты: «Келер аптада не боларын көрерміз». Қазақ айтатын «шығарып салма сөз» деген осындай-ақ болар.
Ал АҚШ-тың бірнеше қаласында наразы халық шеруге шығып жатыр. Халқы бейбітшілік көгершіні Трамптың ішкі саясатына риза емес.
Олжас СЛАМЖАН