Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:52, 11 Қараша 2022

Тоғжан Қожалы: Әділ сайлау болмаса, халық сенім білдірмейді

None
None

Сайлау – елдегі саяси жүйені жаңартып, саяси билікті заңды түрде қалыптастыратын ереже.

Ал мемлекеттің жаңарып, экономикасы мен әлеуетінің өсуі үшін қашан да әділ президент қажет. Жеті жылдық кезектен тыс Президент сайлауы биыл қалай өткізіледі? Оған қандай дайындық қажет? Әрі  жылда өткізіліп жатқан өзге де сайлауларда кетіп жатқан олқылықтар қандай деген сұрақтар төңірегінде «ХАҚ» қоғамдық қайырымдылық қорының атқарушы директоры Тоғжан Қожалы өз ойымен бөлісті.

— Тоғжан ханым,  алда ел президентінің кезектен тыс сайлауы өткізіледі. Сайлауды өткізуге дайындық қалай? Әрі сайлауды өткізуде қандай да бір қиындықтар бар ма?

— Сайлауды өткізудегі ең негізгі қиындық – елімізде тәуелсіз бақылаушылардың жоқтығы болып отыр. Ал бақылауды ұйымдастыру үшін әжептәуір қаражат керек. Мысалға, Қазақстанда биыл 12 мыңнан астам сайлау учаскесі ашылады. Әр учаскеде кем дегенде екі тәуелсіз бақылаушы болуы керек, яғни жалпы 24 мың бақылаушы қажет деген сөз. Әрі біз сайлау учаскелерінің кем дегенде 70 пайызын  қамтуымыз керек.  Сол себептен, кем дегенде бір учаскеге 2 адам алынуы тиіс. Өйткені бақылаушыларға таңғы 7.00-ден түнгі 12-ге дейін жүру ауыр болғандықтан, екі адам кезекпен ауысып отыруы керек болады. Не болмаса, тамақ ішу керек дегендей бір жағдайлар болып жатса, бір-бірімен орын алмастырып отырады.

Осы орайда, тағы бір мәселе қаржыға келіп тіреледі. Себебі бақылауға бару үшін былтыр мәжіліс сайлауында бір адамға 14 құжат беруіміз керек еді. Ал 14 құжат 40 беттен тұрады. Мың адамға құжат беру үшін 40 мың беттен тұратын құжат дайындадық. Сөйтіп, бір мың адамға 40 мың қағаз үлестірдік. Ал егер 12 мың учаскіге бақылаушы жіберу үшін қаншама адам, қанша қағаз керек. Негізгі мәселе – осы.

— Тәуелсіз бақылаушылардың сайлау барысындағы негізгі міндеттері қандай?

— Жалпы елімізде бақылаушы болу өте қиын. Қаражат жағы қысады. Сосын ұйымдастыру бар дегендей. Үшіншіден заңнама жағы да өте күрделі. Сол себептен, әр сайлау әділ өтуі үшін, әрі сайлаудың өткізілу тәртібінде кемшілік пен заңсыздық болмауы үшін оны тәуелсіз бақылаушылар қадағалап отырады. Тәуелсіз бақылаушылардың аздығының себебінен былтыр аяқасты өткізілген сайлау кезінде жалған бақылаушылар пайда болды. Жалған бақылаушылар сағат 22.00-де бақылау учаскесі жабылған кезде кетіп қалады. Дауысты санау процесіне тағы қатыспайды. Бұл енді  дұрыс емес. Бақылаушы сайлауға бастан аяқ қатысуы керек!    

— Тәуелсіз бақылаушы мен жалған бақылаушыны қалай ажыратуға болады?

— Жалған тәуелсіз бақылаушы хаттаманы талап етпейді – осы негізгі критерий. Ал тәуелсіз бақылаушы дауысты санау хаттамасын міндетті тұрде алуы керек. Бұл хаттамаларды бермейді көбіне, сол үшін кәдімгідей күрес болады. Күрес сайлау учаскелері жабылып, дауыстарды санау басталған кезде, кешкі ондарда басталады. Мұндай сәтте өтірік бақылаушылар кетіп қалады да, тәуелсіз бақылаушы хаттаманы қолына алғанға дейін соңына дейін сонда қалады. Заң бойынша әрбір сайлау учаскесі дауыстарды санау хаттамасын іліп, жариялауы тиіс. Біз сол хаттаманы бақылаушы алған хаттамамен салыстырамыз. Алайда көбінесе сайлау учаскелері хаттамаларды жарияламайды. Себебі бұл да заңды бұзу болып табылады.

— Ал биылғы сайлауда сіздің тұжырымыңыз бойынша кім жеңеді?

— Осы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетеді. Былтыр да мәжіліс сайлауы кезінде «Нұр Отан» жеңіске жеткен. Бірақ сол өткізілген сайлауларда бақылаушылардың жұмысына көп кедергі жасалды. Бұл дұрыс емес. Сол себептен, бұл жолы да Жигулилер емес, Тоқаев жеңіп шығады. Өйткені сайлауға түсушілердің арасындағы ең танымал тұлға Тоқаев қана болып отыр. Осылай болса, онда неліктен бақылаушыларға кедергі жасап, жұмыстарын қиындатады? Бақылаушыларды, керісінше, көбейтуі керек қой. Ал бақылаушылар – елімізде демократия болуы үшін, сайлау таза және әділ өтуі үшін керек. Әрбір елде Мемлекет басшысынан бастап, ауыл әкімі, мектеп басшылары сайлау арқылы келіп, сайлау арқылы кетеді. Мұндай әділ сайлаулар – Грузияда, Молдавияда, Украинада өтіп тұрады.

Егер басшы халықтың арқасында әділ сайланса, оның билікке деген көзқарасы да, сенімі де болады.  Әділ сайлау деген – сайлау нәтижелерін бұрмалауға жол бермеу. Ал бұрмалауға жол бермеу үшін жоғарыда айтқанымдай бақылаушылар керек. Барлық демократиялы елдердің барлығында әрбір сайлау учаскелерінде бақылаушылар өте көп болады. Мысалы, Украинада 2004 жылдан бері сайлаулардың барлығы көп бақылаушылармен өткізіледі. Сол үшін олардың сайлаулары таза, әділ өткізіліп келе жатыр. Украина халқы Зеленскийді сол себептен қандай жағдай болмасын қолдап отырады. Өйткені ол өздерінің сайлаған президенттері. Таза сайланған адам болса, үнемі халықтың қолдауымен жүреді. Ал сайлау таза болмаса, ондай адамға халық сенім білдіріп, қолдамайды. Сондықтан еліміздің демократиясын дамыту үшін бақылаушылардың көп болғаны керек. Бақылаушылар тек демократияның сипаты емес, қоғамның дамуына себепкер болады. Мәселен, Американы алатын болсақ, Америкада бақылаушыларды мектептің кезінен бастап дайындайды. Яғни мектеп төрайымы, мектеп комитеті құрылады. Біздің елімізде де бақылаушыларды мектептен бастап дайындап, мәдениет, тәртіпті қалыптастыруымыз керек. Бірақ әзірше бізде ондай сайлау тәртібіне қатысты ештеңе жоқ.

— Әңгіме барысында қандай сайлау болмасын әділ өтпейтінін айтып қалдыңыз. Жалпы сайлаудағы жалған бақылаушылар, өтірік берілген дауыстар халықтың сенімін жоғалтып жібермеді ме? Сенімін жоғалтқан халыққа берер кеңесіңіз қандай?

– Бірнеше жылдан бері келе жатқан «Байкот» мәселесі Қазақстандағы дұрыс емес мәселелердің бірі. Өйткені әр байкот пен әр сайлауға  немқұрайды қарау – бүкіл дүниежүзіндегі адамзат тарихында тек қана авторитаризмге әкелетін. «Байкот», «байкот» деп біз де елімізді таза авторитаризмге әкелдік. Онымен қоймай, қарапайым халықтың сайлауға деген сенімін жоғалттық. Сондықтан байкот пен авторитаризмді жақсы көретін адамдар бір-біріне сыбайлас деп ойлаймын. Жалпы «байкот», «сайлауға қатыспаймын» дегенді қою керек. Біздің халқымызды мемлекетті басқаруға ынталандыру қажет.

Халқымыз азаматтық қоғам құрып, митингілерге шығуға қорқып жатады. Жарайды, шықпай-ақ қойсын. Бірақ елімізде бірдеңе істейміз десе, сайлауға келіп, бақылауға келіп, заңды түрде рұқсат етілген позициясын көрсетіп, жүзеге асырсыншы. Осындай позицияны барынша насихаттау керек бізге. 

Сонымен халыққа адал қызмет етемін десеңіз, сайлауға келіп, бақылаудан бастаңыз. Сайлаудың қалай өтіп жатқанын өз көзіңізбен көріңіз. Сонда ғана не болып жатқанын білесіз.

— Ал енді сұрақты сіз басқаратын орталыққа қарай ұйыстырсақ, алдағы уақытта «ХАҚ» қоғамдық қайырымдылық қорының сайлауға қатысты қандай жоспарлары бар?

— «ХАҚ» қоғамдық қайырымдылық қоры барлық өңірлер бойынша оқыту курсын ұйымдастырғалы жатыр. Орталықтан дайындалған бұл бақылаушылар кәсіби бақылаушылар болады. Сондай-ақ Тәуелсіз бақылаушы мандаттарды тек тәуелсіз бақылаушы сертификатын алған бақылаушыларға беріледі. Өткен сайлауда біз 1000 бақылаушы дайындағымыз келді, бірақ сайлау учаскелеріне тек 500 адам жетті. Өйткені бізге кедергі жасалды. Өңірлерде бізге бақылау жүргізуге тыйым салынды. Барлық өңірлерде филиалдар болуы керек деп түсіндірді. Сонымен қатар полиция бізден бақылаушылардың мандаттарын алып алды. Біз оларды  кешкі тоғызда қайтара алдық. Бір сағаттан кейін дауыс беру аяқталды. Әрине, біз мандаттарды таратуға үлгермедік, 300 мандат алып кетіп, жоқ болып кеткен адамдар да болды.Енді сайлау әділ өтуі үшін қолдан келгенін істейміз. Алдағы уақытта біз 10 қалада бақылау ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені әр қаладан «Біз бақылаушы болайықшы» деген ұсыныс көп түсіп жатыр. Халықтың осы процеске қатысқысы келіп, ұсыныс тастап жатқаны қоғамда қызығушылық бар дегенді білдіреді. Бұл өте жақсы үрдіс деп санаймын.

Тегтер: