Тоғжановты «тойындырған» кім?
Ералы Тоғжанов деген дөкей бар. «Отқа салса, жанбайтын, суға салса, батпайтын» дүрдің өзі.
Сол Ерекең бүгінде Ақтөбе облысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Тоғжановқа неге тоқталғанымызды таратайық.
Ералы Лұқпанұлы ескі Қазақстанның күн көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде атқа мінген ер еді. Экс-елбасының сенімді кадрларының бірі. Маңғыстау облысын басқарды. Біраз жыл атышулы Қазақстан халқы ассамблеясына да жетекшілік етті. Үкіметбасының орынбасары болды. Біреуін қарық қылған жоқ. Соңғы тоқтаған жері Ақтөбе облысы, яғни қазіргі қызметі.
Лұқпанұлын Назарбаевтың сенімді адамы дедік қой. Бізге жеткен инсайд ақпарат көздеріне сенсек, күні бүгінге дейін оны ұстап отырған күш Назарбаев пен Машкевич көрінеді. Машкевичті неге араластырып отырмыз мұнда?
Александр Машкевич – Қазақстанды 31 жылдан бері теспей сорып келе жатқан қансорғыш. Қазақ жерінің қызығын көріп отырған үштіктің бірі. Ақша – күш, ақша – билік деген ұғымға толық мысал болатын адам. Машкевичтің артында Назарбаев тұр. Ақтөбе облысындағы Хромтау Машкевичтің меншігіне айналғалы қашан?
Былтыр жыл соңында әлеуметтік желіде тараған әлгі бір бейнекөрініс естеріңізде шығар? Александр Машкевич пен осы Ералы Тоғжанов құшақтасып, ескі достардай, қауқылдасып келе жатқан видео туралы айтып отырмыз. Олигарх пен әкімнің кездесуі емес, құдды тоқсаныншы жылдардағы бандиттердің көшедегі жолыққаны сияқты. Сондай ерсі, сондай дөрекі. Осы көріністің өзі білген кісіге көп дүниені аңғартады. Әкім басымен қалбалақтап, қайдағы бір келімсекті көліктен күтіп алуының өзінде үлкен сыр жатыр. Бұл құпияның аты – «крыша» деп аталады. Демек, Ералы Тоғжановты Ақтөбе облысына әкім қылып тағайындаған да, өндірісті аймақта ұстап отырған да осы Машкевич пен Назарбаев.
Александр Машкевич Тоғжановты 25 жылдан бері білетінін, дос екенін ашық айтып жүр сұхбаттарында. Одан бөлек, әкім мен олигархты Ақтөбе облысындағы бірнеше жоба байланыстыратынын, сол жобаларға 3,3 млрд теңге бөлгенін айтыпты әкімнің «қандыкөйлек досы».
Тоғжанов сияқты жағымпаз, ақшаның исін жақсы сезетін сезімтал пысықай кімге болса да керек. Әсіресе, Назарбаев пен Машкевичке айтқанын екі етпейтін, отқа айдаса отқа, суға айдаса, суға түсетін көзсіз берілген кадр табыла бермейді. Тоғжановты білетіндер солай атайды екен.
Ералы Лұқпанұлы Маңғыстауды да қарық қылмай кеткен. Ақтөбені де сорлатып отыр. Маңғыстауға әкім болған жылдары ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Назарбаевты Маңғыстауға шақырып, күтіп алуы, шығарып салуының өзі үлкен әңгіме болған кезінде. Екі ай бұрын дайындалып, «ақсақал келе жатыр» деп Маңғыстаудағы мұнай компаниялардың бәрін «сауыпты». Одан кейін адайдың шалдарына Назарбаевты мақтату үшін арнайы сөз жазғызып жаттатпақ болған. Бірақ оған адайдың қыңыр шалдары көне ме? Қолдарын бір сілтеп, кездесуде Жаңаөзен қасіретін, Маңғыстау облысындағы әлеуметтік, экономикалық, экологиялық проблемаларды тізіп берген. Кездесуден Назарбаев көңілсіз шығады, бірақ Астанаға қайтқанша, Тоғжановтың не бергенін ит білсін, тұңғыш президент трапқа қош көңілмен мініпті.
Айтпақшы, Тоғжанов Маңғыстау облысына әкім болып тұрған жылдары орынбасары парамен ұсталды. Ералыға соның салқыны түгілі, көлеңкесі де тиген жоқ. Орынбасары парамен ұсталса, басшысы қызметінен кетеді деген талап Тоғжановқа жүрмейтініне жұрттың көзі жеткен. Содан кейін, Лұқпанұлын жақсы танитындар оның сөзге шешен, асқан жағымпаз, жаңбырлы күні құрғақ шығатын нағыздың өзі екенін айтады. Барған жерінде, ең алдымен, ақсақалдар мен кәсіпкерлердің көңілін табуға тырысатын, іске жоқ болса да, «тіске» бар адам екенін тілге көбірек тиек етеді.
Заң ғылымының кандидаты деген атағына сүйеніп, қоластындағыларды заңмен, сотпен қорқытып, дөрекі қарым-қатынас жасайтынын да инсайд ақпарат айтып отыр. Қол астындағылар демекші, қазіргі уақытта Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып қызмет етіп жүрген Ержан Байтанаевты Тоғжановпен не байланыстыруы мүмкін? Ғаламтор бетінде Байтанаевтың «Ералы Тоғжанов – мемлекеттің отымен кіріп, күлімен шығатын нағыз патриот» деген мақаласы жүр. Байтанаевтың Тоғжановқа қалай «кіріп-шығатынын» осы материалдан түсінуге болатын сияқты. Әкімдер командасымен көшіп-қонып жүрмеуі керек деген талап бар мемлекеттік қызмет нормасында. Ал Байтанаевты премьер-министр орынбасарының баспасөз хатшысы деген қызметтен аттай қалап, Ақтөбеге алып кетуінде қандай сыр бар? Өзін мақтатып, өзіне жарнама жасатып отыру үшін бе, әлде?..
Міне, осындай адам Қазақстанның донор аймағын басқаруға лайық па, немесе қаншалық құқығы бар? Ескі Қазақстанға бәрі жарасатын, бірақ бұл Жаңа Қазақстан! Мәсімовтер майысқанда, Тоғжановтар заң алдында жауап беретін күн де туар.