Тоғжановтың әулеті әуелей бере ме?

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті басқару кезінен бері биліктен қол үзбей келе жатқан ескі кадрлардың бірі – 59 жастағы Батыс Қазақстан облысының тумасы Ералы Тоғжанов.
Еңбек жолын оқытушылықтан бастаған ол өткен жылғы қыркүйектен Ақтөбе облысының әкімі. Үкіметтің жұмысын қатырмаған қызметкер енді облысты жарылқайтынына үміт бар ма?
Өткен жылы шілденің ортасында Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Басқарушы кеңестің төрағасы Олжас Құдайбергенов Ералы Тоғжановтың вице-премьер кезіндегі жұмысын ашық сынға алды.
Мемлекеттік басқару жүйесінде әлі сол баяғы бюрократия екеніне, шешім қабылдаудан қорқу, өз балалары мен туыстарын қажетті қызметке көтеру жағдайлары сақталғанына қынжылған экономист: «Мәселен, премьер-министрдің орынбасары Тоғжанов, жалпы, ел тарихындағы өз қызметін орындай алмайтын ең нашар орынбасар. Оған ауылды да сеніп тапсыра алмайсың. Тағы да бір осындай шенеуніктер бар. Олар өз креслосы үшін алаңдамайды, алайда өзгелерге әртүрлі лауазымды беруге атсалысып жүр. Олар барда Жаңа Қазақстан артық мүмкіндіктерге қол жеткізе алмайды», – деп шүйліккен еді.
Осы сыннан соң бір жарым айдан кейін Тоғжанов қызметін ауыстырып, Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Қызметке туысын әкелу демекші, Ералы Лұқпанұлының өзінен екі жасқа кіші туған інісі Тоқжанов (тегінде бір әріптен айырмашылық бар) Марат Лұқпанұлы да 2018-2020 жылдары дәл осы өңірде әкімнің орынбасары болған. Бірақ бауырының Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Сапарбаевтың орынбасары болып тағайындалуына өзінің қатысы жоқ екенін айтып ақталған. Шынымен солай ма? Ал қазір Марат Тоғжанов Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданының әкімі лауазымында отыр.
Қазақ отбасыларының біразында он шақты, не одан көп баладан болған ғой, оны көп көрмейміз, әлбетте. Сол сияқты Ералы Тоғжановтың да туыстары аз емес көрінеді. Мәселен, 2019 жылы region-eurasia.com интернет-порталының бас редакторы Жанар Дәулетова фейсбуктегі парақшасында оралдық бизнесмен Арыстанбек Тоғжановтан қысым көріп жатқанын жанұшыра жазған. Сөйтсек, Ералы Лұқпанұлының 1951 жылғы Мақсұт Лұқпанұлы есімді тағы бір бауыры бар екен. Яғни, бизнесмен Тоғжанов Арыстанбек Мақсұтұлы сол азаматтың баласы екен ғой деп топшыладық. Арыстанбек Тоғжанов Alem Group Kazakhstan жауапкершілік шектеулі серіктестігінің бас директоры. Мұнай компанияларына шетелдік жұмыс күшін жұмылдыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық схемасы туралы үкімет басшысына хабарлап хат жазған, президентке үндеу жолдаған журналист Жанар Дәулетованың үстінен Alem Group Kazakhstan компаниясының басшысы Арыстанбек Мақсұтұлы сотқа шағым түсіріп, 700 миллион талап етіп, шу туғызған. Сол кезде бизнесмен өзінің мәртебесін пайдаланып және Ералы Тоғжанов, Марат Тоғжанов сияқты шенеунік туыстары арқылы судьяға ықпалын тигізе ме деген қауіп болған. Журналист өзінің хатына байланысты тексерулер жүргізіліп, ондағы дәлелдердің расталып жатқанын жазған. Алайда ақыры, немен аяқталғаны белгісіз.
Сол 2019 жылы тағы бір қызық оқиға орын алған. Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарып жүрген Ералы Тоғжанов орынбасары Нұрдәулет Қилыбаймен кикілжіңге келгені туралы мамыр айының соңында WhatsApp-та хабарлама таралып кеткен. Алайда содан кейін әкімдіктің баспасөз қызметі ақпаратты жалған деп атады.
Сол жылдың тамызында үлкен пара алды деген айыппен Ералы Тоғжановтың бірінші орынбасары Серік Аманғалиев сотталды. Одан жалпы құны 115 мың еуро ақша табылып, тәркіленді. Аманғалиевке 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызмет атқару өмір бойына шектелген. Соның бәрін алдын ала болжағандай, 2019 жылдың маусымында Тоғжанов отставкаға кетіп, сол жылдың қыркүйегінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы атанды. Қызметкері парамен ұсталған басшыны отставкаға арыз жазуға міндеттейтін ереже 2019 жылғы қарашада бір-ақ бекітілгеннен кейін орнын босатуына мәжбүрлік тумаған сыңайлы. Әйтпесе, орынбасарының айыбы үшін әкім де жауапкершілікке тартылуы тиіс еді ғой?
Сонымен қатар, Ералы Тоғжановтың тоғыз жылдай тапжылмай, қызмет еткен жері Қазақстан халқы ассамблеясында да туыс қарындасы басқарма басшысы болып отырғаны туралы сыбыс бар. Ендеше, осы аталған жағдайларға қарап, мұны біздің қоғамда дертке айналған трайбализмнің көрінісі деп айтуға келмей ме?! Өйткені өзі де 2008-2017 жылдары Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі болған. Демек, артынан туысын да ерте келген болып тұр ғой?