Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:33, 22 Маусым 2022

Тоғжановтың қиялы...

None
None

Қашпаған сиырдың уызын қашанғы дәметеміз?!

Айтып айтпай не керек, біздің үкімет елді емексітіп, халықты дәмелендіріп, небір жобаларды ұсынып, қияли мәлімдемелер жасауға тым үйір. Өткен жұма күні үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов бір қызық мәлімдеме жасады. Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, 2025 жылға дейін елде су шаруашылығын нақты дамыту керек. Осы мақсатта «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында жаңа су қоймаларын салу, каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау көзделген. Хош делік, «Жасыл Қазақстанға» айнала берейік. Бұл да «Жаңа Қазақстанға» жеткізетін бір қадам шығар. Бірақ Қазақстанды жасылдандыру жобасын «жарнамалап» тұрып, Тоғжанов былай деді: ««Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жер» мемлекеттік және салалық бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде, бүгінгі күні сумен жабдықтау қызметімен халықтың 96 пайызы қамтылды». Тоғжановтың бұл мәлімдемесіне біраз жұрт аң-таң болды да қалды. Сонда ол айтып отырғандай, «халықтың 96 пайызы қай кезде сумен жабдықталған». Демек, бұл арада үкімет басшысының орынбасары әлі де ауыз суға жарымай, қаңсып отырған ауыл-аймақтардың жетіп артылатынын білмейді немесе білгісі келсе де есепке алмайды. Рас, Қазақстанда халықты таза сумен қамтамасыз ету бағдарламалары 2002 жылдан қолға алына бастады. 2002 жылы «Ауыз су» бағдарламасы қабылданды. Аталмыш бағдарламаны орындау үшін мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінді. Бірақ «Ауыз су» арқылы халықты толыққанды сумен қамти алмадық. Бұдан соң, «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданды. Жоспарлы түрде бұл бағдарламаның орындалуына жыл сайын 90 миллиард теңге бөлініп отыруы тиіс болатын. Нәтижесінде, осы бағдарламаның да шарапатын толыққанды көре алмадық. Қазірде алыс, шалғайдағы ауылдық жерлерді қойып, Алматының іргесінде тұрып жатқан қаншама ауыл-аймақтың халқы «ауыз суға жарымай отырмыз», деп зар еңіреуде. Ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау үшін «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасын да қолға алдық. Егер осы бағдарлама нақты нәтижесін берген болса, қанекей?!

 2022 жыл болды халықтың көпшілігі әлі құдық қазып, шелектеп су тасып, «дамыған Қазақстанды» күтіп жүр. Ал енді «2025 жылға қарай тұрғындарды 100 пайыз таза сумен қамтамасыз етеміз», деген үкімет өкілінің сөзіне бүгінде ел сенбейді. Сенбейтіндей жөні бар. Себебі соңғы кезде Тоғжанов сөзінен жиі жаңылып жүр. Мәселен, өткенде үкіметте Ералы Тоғжанов халықтың табысын арттыру бағдарламасын таныстырды. Бағдарламада 1 миллионнан астам жұмысшының еңбекақысын көтеру көзделген. «Бұған қоса, бағдарлама аясында 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады», – деді ол. Сөйтіп, «аталмыш бағдарлама ойдағыдай жүзеге асар болса, Қазақстан халқының аузы 2025 жылға қарай аққа тиіп, молшылықта өмір сүретін болады», деп біз қашпаған сиырдың уызынан дәмеленіп жүрміз. Бірақ сарапшылар үкіметтің мұнысын ақиқаттан гөрі аңызға балап отыр. Мамандардың пайымдауынша, үкімет әлі күнге дейін бір ғана қымбатшылыққа тосқауыл қойып, елімізде күні бүгінге дейін салауатты тамақтандыру жүйесін қалыптастыра алмай келеді. «Мұндайда алдағы үш жылда елдің аузы аққа тиіп, уызға жариды» деп, нақты сеніммен тағы айта алмаймыз, дейді сала мамандары. Бұдан бөлек, мамандардың пайымдауынша, қазіргі қалыптасып отырған жағдайда үкімет, ең алдымен, халықтың құнсызданған жалақысын, жәрдемақысын, зейнетақысын көтеру жағын ойлауы керек еді. Әттеген-айы, бұған келгенде де атқарушы билік халықты емексітіп қоюдан әрі аса алмай отыр. Бұған қатысты Ералы Тоғжановтың «үкімет ана мен балаға барынша, жағдай жасап, қолдап-қолпаштап отыр. Осыған байланысты бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де жыл сайын өседі. Егер осы бағытта тағы қаражат бөлінер болса, ондай сценариймен 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығы бұзылады», – дегені есімізде.

Демек, мұқтаж жандарға қаражат бөлгенде, әлеуметтік сақтандыру қорының тұрақтылығы бұзылады екен де, ал үкіметтің Ұлттық қордан қайсыбір тиімсіз жобаларды қолдауға көл-көсір қаражат алып жатқаны тұрақтылықты бұзбайды екен. Жалпы, біздің үкімет түрлі жобаларды халыққа ұсынудан әсте шаршаған емес. Тәуелсіздік алғалы бері қилы-қилы жобаларды да, мәлімдеме жасағанда да, шектен тыс қиялдап кететін шенеуніктерді де көріп келеміз. Тіпті шенеуніктердің арасында Қазақстанды Ұлыбритания, Италия, Сингапур елдерімен салыстырып, халықтың жағдайына күлгін көзілдіріктің артынан қарайтындар да бар. Осындайда еріксіз, шенеуніктер өз қиялдарын ұштай бермей, бір мезгіл елдің жағдайын түсініп ақиқатқа тура қарауды да үйренсе етті, деп ашынасың...

Тегтер: