Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:17, 05 Қазан 2021

Той көйлек

None
None

Дүние – бір қисық жол, бұраңдаған...

Алматының биылғы көктемі ерекше секілді.

Содан болар соңғы кездері Махаббат та студенттік жылдарын жиі еске алатын болып жүр.

Тура сондағыдай ауық-ауық бүркіп өтетін жылы жаңбыры «Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып, басылғандай» сөнген сезімін қайта қытықтай бастаған...

Тіпті кешкісін балконға шығып, жып-жылы түнде жымыңдаған жұлдыздармен жымдасқандай өзін өзі құшақтап ұзақ тұрып қалатынына қайран қалады.

Қай-қайдағы ойына оралып, өзі тұратын жерден онша алыс емес студенттік жатақханасына барып келудің ретін таппай дал.

Расы, жүрегі дауаламайды.

Бұл сезімнің соңы немен тынарын кім білсін?..

Тек, аяқ астынан төбелерінен жай түсіргендей болған мына оқиға дүниенің астан-кестеңін шығарды...

***

Жүк тасушы жігіттер буып қойған соңғы түйіншегін арқалап шығып кеткен.

Ол қаңырап қалғасын дағарадай көрінген үйінің ортасында состиып біраз тұрды.

Көз жасын тия алмаған күйі бақұлдасқандай әр бөлмеге бір барады. Бұрыш-бұрышында бар қуанышы мен жастық шағы жасырынып қалып жатқандай. Сосын барып көз жасына көлкіген алақанымен босағасын аялай сипалап, сылбыр басып сыртқа беттеді.

Кібіртіктеген күйеуі де не деп басу айтарын білмей дал. Мұның мұңлы жанарына жасқана жаутаңдап жүк мәшинесінің артынан жүргелі тұрған көліктің есігін ашты.

Қаланың сырт жағына қарай орналасқан екі бөлмелі ескілеу «жаңа» пәтерлерін бетке алған көліктің ішінде де жол бойы көз жасы бір құрғамады. Өзегін өртеп бара жатқан өкініштен енді ешқашан ажырамасын да ұққандай.

Төрт бөлмелі үйді айырбастап, үстіндегі айырма ақшасына нашақорлыққа салынып, әбден азып-тозған үлкен ұлдың қарызын жауып, қалған пұлға амалсыз алған қуықтай екі бөлмеге еті үйренгенше де не заман? Бір күн олай, бір күн былай бұлғақтаған дүние-ай, десеңші...

  Махаббат алғаш қолына осы пәтердің кілті тиген кез есіне түсіп кеткенде дүр сілкінгендей бір қомданып алды да, қайтадан көз жасына ерік берді. Сол күні қалай қуанды десеңші… Сенер-сенбесін де білмейді. Төрт бөлме!

Алматының ортасынан ойып тұрып демекші, ойламаған жерден реті келе кеткен төрт бөлмеге алғаш жүктерін кіргізген сәт! Бір бөлмелі жатақханада дүниеге келген үш балаға үй ішінде жүгірмек түгіл, орынсыз отырып-тұрудың өзі тарлық ете бастаған тұста тағдырының тарта салған сыйына таңырқағандай өзі де әрі-сәрі күй кешкен. Қанша жыл қабағын торлаған қалың қайғының бұлты енді-енді ыдырағандай, онда да: «Е, Тәңірім, маған берер сыйың әлі таусылмаған екен ғой!» – деп бір жылап алып еді. Үш баласы болса әр бөлмеге кезек таласып, «мынау – менің бөлмем, ал мынау – менің бөлмем» деп, бір-бір бөлменің есігін ішінен жауып алып, шаттанғандарын көрсең ғой, сондағы.

— У-у-һ-һ-һ!

   Еріндері дірілдей, көкірегін кере күрсінемін деп, кеңсірігіне кептелген көз жасына танауы ашына тыжырынған күйі өкси лоқсығанда кешелі-бергі үздіксіз жылаудан жарылуға шақ тұрғандай болған екі шекесі де солқ-солқ етті...

«Бәріне сен кінәлісің!» дегендей жүргізушінің жанында алдыңғы орындықта отырған күйеуінің солбыраған иініне желке тұсынан атып жіберердей жиіркене қарап қояды. «Осыған тиген күнімді қарғыс атсын!»  дегенін талай естіген құрбылары: «Қайтесің сонша таусылып, бір күні басылар», – деп басу айтқандарына қасарысқандай: «Осы өлді деп жұрт жылап жатса, мен билеп жүретін шығармын», – деп ашына түсетін де: «Ең болмаса екі күн бұрын алса екен осы албастыны, екі күн еркін күліп барып өлсем арманым жоқ, онсыз да мәнсіз ғұмыр кешуден шаршадым», – деп шаптыққанда Асқардың неге мұнша араққа салынғанын түсінуге тырысып та көрмепті. Әйтеуір, «Қалған көңіл – шыққан жанмен пара-пар» деп, тоң боп қатқан сезімі бір жібімей-ақ қойғаны.

       Енді, міне, үлкен ұлдың нашақорлыққа салынып, адамдықтан кеткенін де осыдан көріп келеді. Әке болып бір рет болса да, балаларын еркелетіп немесе ақыл айтып жатқанын көрмепті. Аузы арақтан босамайды. Аңдығаны – арақ.

Қалай десең де, Махаббаттың заты әйел емес пе?! Арқа сүйер азаматы болмаған соң, амалсыздан өзі екі-үш жерде жұмыс істеп, қаңыраған төрт бөлмені толтыруға кіріскен. Дүние қумаса да, төрт қабырғаны ырситып қойып қарап отыруға арланғандай күні-түні қолынан келетін жұмыс болса шапқылай берді. Мүмкін, осы жұмыстан рахат алғаннан гөрі шаршап-шалдығып, көп ойланып жатуға уақыты болмағанын қалаған да шығар?

       Алғаш жүрген жігіті Асхатынан айырылғасын, араға екі жыл салып барып артынан қалмай қойған Асқарға қалай келісімін беріп қойғанын өзі де аңғармай қалған. Енді қайтып Асхатындай ешкімді сүйе алмасын сезді ме, көңілі кет әрі болмағасын ба, әлде аттарының ұйқастығынан бір жылу іздеді ме, ол жағы өзіне де беймәлім. Керісінше, талай рет «Асхат!» деп атап қойып, таяқ та жей жаздаған. Сөйте тұра, араларын алшақтау етіп көтерген екінші қыздары дүниеге келген соң, біраз уақыт күйеуіне іші жылығандай болып келе жатыр еді, бұл, керісінше, ішімдікке әуестене бастады. Сондықтан да үшінші баласына аяғы ауыр кезде соңы не болар екен дегендей екіұдай күйге түссе де, «бәрі дұрысталар» деп үміттенгендіктен, түсік жасатқысы келмеген.

       Қалың ойдың құшағына қамалып отырып қалай жеткенін байқамаған ол мәшиненің есігін сыртынан ашып, демеп жібермек болып қолын ұсынған күйеуіне тыжырына бір қарап, өздігімен түсе сала жаңа қоныстарына қарай жылдам адымдады. Есік алдында отырғандарға жүзін бұрмастан жүре амандасқан күйі тезірек үйіне кіріп кеткенше асықты. Ізін ала жеңіл-желпі бір-бір түйіншектерін көтере кірген кіші ұл мен қызы да аналарының жүзіне жаутаңдайды.

      «Кедей болсаң көшіп көр» демекші, екі-үш мәрте қатынаған жүк мәшинесінің алдыңғы жолы әкелген өздерінің ескі төсектерінің үстінде үйіліп жатқан «боқташақтарын» ығыстырмастан, бұрышына таман бүк түсе жантайды. Жылай-жылай көз жасы да сарқылайын дегендей ме, қалай?..

Тек басы шыңылдап, мұрны бітеліп, кеңсірігі кептеліп қалғандай дем алудың өзі ауырлап бара жатқан аналарын айналшықтап шыға алмай жүрген қызы мен ұлына «бәрі дұрыс, маған алаңдамаңдар» дегендей ишара жасап, тағы бір жастықпен жартылай бетін тұмшалаған күйде талмаусырай берді. Тап осылай қанша жатқаны белгісіз, қызы:

— Анашым, тұршы...

— Бір кесе ыстық шай ішші, кешеден бері нәр татпадың ғой, – деп жалынғандай болғасын, зілдей басын әрең көтеріп отырып бірер кесе шай ішіп еді, шынында да, бойы жіпсіп, пора-порасы шығып терлегесін біраз жеңілдеп қалғандай.

      Әкелерімен бірге әлекке түсіп жүрген екі кішкентайы өздері-ақ үйдің ішін біраз ретке келтіріп тастаған сыңайлы. Терезеге қарап еді, қас қарая бастапты. Күнге талас жатпай-ақ қояйын дегендей, терең бір күрсініп алып:

— Қой, тұрайын. Тірі адам тіршілігін істейді, – деп, созалақтап орнынан көтеріле берген мұны қызы:

— Жо, жоқ, анашым, ештеңеге алаң болмашы, біз өзіміз… – деген күйі:

— Қазір сорпа істеп жатырмын, кішкене жата тұрыңыз. Дайын болған соң өзім айтамын, – деп есікті қапсыра жауып шығып кеткен.

      «Бала-бала деп қоямыз, қызым да ес біліп қалыпты-ау» деген оймен кешелі бері өзінің қас-қабағына қарап бәйек болып жүрген екі кішкентайын сырттай еміренген күйі ойды ой қуалап, енді Асхат жаққа ауысқанда алғашқы да соңғы, жалғыз махаббатының иті жоқ ауылға аттанғанына екі жылдан асып бара жатқанынан бұл бейхабар болатын.

Ол қайда екен қазір?..

* * *

    Көктем. Алматының ерекше құлпыратын уақыты. Әсіресе көкек, мамыр айларында жер жүзінде Алматыға жететін шаһар жоқтай. Түс ауа, күн сәл қыза бастаған сәтте бүркіп өте шығатын жеңіл жаңбырынан соң, жер-дүние түгел бусанғандай балбырап, жас көк пен жеміс ағаштарының сан алуан гүлдерінің араласқан хош иісі желпіп өткенде талай жастың буынына салмақ түсіретін бір ғажап күй пайда болады...

Бұлардың балконы жатақхананың арт жағына қарайтын. Бұл жақта не жоқ десеңші… Құдды бір кішігірім бақ сияқты. Жап-жасыл. Екінші қабаттағы бөлмелерімен қатарласа жатақты жанай өскен үлкен алма ағашының гүлдері желпіп өткен жеңіл самалмен-ақ ашық қалған балконның есік-терезелерінен ішке дейін төгіліп жататын. Бәлкім, сондықтан болса керек, бөлмелес құрбылары: Перизат, Алмагүл үшеуі үнемі осы жерде бірге отырып сабаққа дайындалғанды жандары сүйеді. Ал сол жерде қатарлас өсіп келе жатқан екі түп жиденің гүлдегендегі иісінен бүкіл жатақхана мас болғандай.

   Бұл жиденің де тарихы керемет. Тура бұлар тұратын бөлмеде бұдан үш-төрт жыл бұрын оқыған Бану есімді сұлуға ессіз ғашық болған қызылордалық бір жігіт сол аруға арнап ауылынан алып келіп отырғызған жиде ағашын кетер-кеткенше күтіп-баптаған екен.

— Сосын не болыпты, қосылып па екеуі? – деген сұрақты таласа қоятын «перваштардың» алатын жауабы да қанағаттанарлық:

— Иә!

— Қазір бір баласы бар. Осында, Алматыда тұрады екен. Ертең көресіңдер, жылда көктемде, жиде гүлдегенде кішкентайларын алып осында келіп тұрады, – деп тамсана тәмамдалатын әдемі әпсана талай қыздың жүрегін жұмсақ қытықтап өтетіні соншалық – қыз біткеннің бәрі де сондай бір кіршіксіз махаббат жолықтырсам деп армандайтын.

       Жатақхананың үш адамдық бөлмесіне алғаш ордер алған Махаббат тура терезенің түбінде орналасқан кереуетті таңдаған. Сөйтсе ол талайлар таласып жататын Бану сұлудың орны екен. Бұған бұйыра кеткен кішкентай бағына біреулер қызғана қараса, енді біреулері «ата-анаң атыңды бекер қоймапты, Бану сияқты сені де үлкен махаббат күтіп тұр» деп жағымды әзілдеп жататын.

       Алғаш оқуға түскен жылы жаз ортасы ауа бастағасын ба, соншалықты бір әсер ала қоймаса да, келер көктемде алма ағашы гүлдегенде қоса гүлдегендей қуанған Махаббат кейін жиде гүл жарғанда мүлдем елітіп қалғандай… «Менің махаббатым қайда?» дегендей, әлгі биік алма ағашы қалқалаңқырап тұратын қос түп жидеге үздіге қарайтын әдет тауыпты.

       Сондай бір көктемнің тамаша күнінде ауылына барып қайтпаққа жиналып жатқан бөлмелес құрбысы Перизат бұған:

— Екі күнге Ұзынағашқа барып қайтайық, демалыста іште құр жатқанда не қыласың, біздің жақтың даласы тіпті тамаша, – дегеніне желігіп тартып кеткісі келіп тұрса да, бір барғызбасы барғызбады. Өз-өзінен алағызып, біреуді күткендей қос түп жиде жаққа жалтақтауын қояр емес.

— Онда өзің біл, – дей сала, «пока, покалап», жеңіл жүгіре жөнелген Перизаттың соңын ала Алмагүл де: «Мен қазір...» – деп шығып кеткен.

       Бұл іште жалғыз. Ойы он саққа бөлініп, кітап оқыған құрлы болмады.

«Бағана неғып Перизатпен кетіп қалмадым екен?» деген ойын жиып та үлгермеді, біреу есік қаққан. 

         Ашса, Алмагүлді іздеп келіп тұрған ауылдас жігіті екен.

Махаббат құрбысына арагідік келіп тұратын Исатайды бұрыннан таниды.

— Кір, төрлет, отыра тұр, ол осында, – дегенінше болған жоқ, Алмагүл де келе қалды да, екеуі құшақтаса амандасып, апыл-ғұпыл жағдай сұраса жүріп шай қоюға шәйнегіне жармасқан Алмаға Исатай:  

— Не істейміз іште отырып, мынадай кеште үйде отырудың өзі күнә емес пе? Жүрсейші, біраз серуендеп қайтайық, құрбыңды да ертіп ал… Кеше айлық жалақы алғанбыз, сыртта дос балам тосып тұр, – дегені сол екен, Алмагүл мұны әй-шайға қаратпай, «давай-давайдың» астына алған.

— Онда біз сендерді далада тоса тұрамыз, – деп Исатай тысқа беттеген тұста:

— Мен не істеймін, бармай-ақ қояйыншы, – деп тартыншақтағандай болғанына бұртия қалған құрбысының көңілін қимағасын сыланып-сипанбай-ақ еріп шыға салғанына кейін өзі де өкінгендей.

— Асхат.

       Алдарынан шыққан ұзын бойлы, денелі, сырт сымбаты келісті жігіт таныспаққа қолын ұсынғанда жаңа ғана шыққысы келмеген Махаббат енді ыңғайсыздана күмілжіді… Міне, ол Асхатпен алғаш осылай танысқан.

      Жаңа ғана өзі оқыған Марк Твеннің «Бақ әрбір адамның есігін өмірінде бір рет болсын қағады, алайда адам осы уақытта «үйінде болмағандықтан» есіктің қағылғанын естімей қалады» деген сөзін де тура мағынасында ұғынып, сол күні Перизатқа еріп Ұзынағашқа кетіп қалмағанына бір қуанса, Алмагүлді іздеп келген Исатайды одан бері жақсы көріп кеткендей. 

Содан бастап қос түп жиденің де иісін ерекше сезінетін күйге түскен.

* * *

        Былтыр, бұл оқуға тапсырған жылы Асхат та политехқа құжат өткізіпті. Барлық емтихандарын ойдағыдай тапсырғанымен, конкурстан өте алмаған ол ауылға қайтып кетуге арланып, осында бір құрылыс трестіне жұмысқа орналасып қалып қояды. Сонымен, келесі жылға дайындалып жүрген беті екен.

       Қос түп жиде туралы аңызға малданып жүріп Асхатқа ессіз ғашық болып қалғанын енді ұққандай болған Махаббат Банудың махаббатын мен де жолықтырдым деп ойлаған. Бақытты күндер басталды. Кей кездері түрлі себептермен екі-үш күн кездеспей қалса алағызып, өзі іздеп баруға да арланбайтын күйге жеткен. Күн қатты ысып кеткен кездері кешкісін бұл балконнан шелекпен су әперіп, Асхаты қос түп жидені суара жүріп, екеуі сол маңға екі түп аққайың әкеліп отырғызды. Енді соны қоса суарып әлек. Жерсініп кеткенге дейін онсыз да майысқақ ағаш біраз мазаны алғанымен, келе-келе жапырағы жайқалып бой түзеп қалды. Ертеңгі күні бұл екі ақ қайың туралы да аңыз қалыптасатынына шүбә келтірмеген екеу ерекше мәз. Осылай күн артынан күн, зулап бір жыл да өте шықты.

          Махаббат гүл-гүл жайнайды. Бұлар үшінші курста үйленбекші болып сөз байласып қойған. Осы кезде Оңтүстік Қазақстан облысына Асхаттың бір қарындасы келін боп түседі де, Махаббат пен Асхат қол ұстасып Шымқалаға келеді.

       Осында институтта оқитын Асхаттың інісін құда бала ретінде тойға ертіп кету мақсатында іздеп келген бұлар жатақхана маңынан кездесе кеткен Махаббаттың сыныптас құрбысы Динамен шұрқырай табысып, мән-жайға қаныққан соң, «Ержанды тауып бер» деп алдыға салды. Іздегендерін тауып көңілдері жайланып, Динаны да жүр-жүрлеп қатарларына қосып алған бұлар құда бала, құдаша болып, екі күн Арыс жақта армансыз тойлап, Шымкентке оралған.

      Динаның көңілін қимай, Шымқалада тағы бір күн қалғандарымен, олар түнімен ұйықтаған да жоқ. Төртеуі киноға барды. Одан шығып қаланы аралап, түн ортасы ауа Динаның жатақханасының алдына келіп таңға дейін отырды да, ертеңгісін есік ашыла ішке кіріп, шай-суларын іше сала, дабырласқан күйі барлығы вокзалға қарай беттеген. Кетерінде Динаға аманаттап тұрып: «Бұл сенің туған жерің, біздің Ержанға бас-көз бол. Ол мұнда көп ешкімді танымайды. Биыл біз Асхат екеуміз үйленеміз, Ержан екеуің тойымызда бастан-аяқ боласыңдарды» қайта-қайта қақсай берген Махаббат:

– Сен маған қыз жолдас боласың, – деп, Динаның сөзін алып, тойға киетін көйлегін тіктіре беруді де нығарлай тапсырған.

       Құрбысының құлпырғанымен қоса, сонша сөзшең болып кеткенін бақыттан басы айналып жүргенін айтқызбай-ақ сезген Дина жымиған күйі не айтса да, құптағандай бас изеуден жаңылмайды. Ертесіне «Алматыға аман-есен жеттік» деп қоңырау шалып хабарласқан Махаббат сол сампылдаған күйі той көйлекті тағы да бір еске салып өткенді жөн көрді.

* * *

        Үш жыл қатарынан дайындалса да, Асхат оқуға түсе алмады. Қанша жыл қатарынан абитуриент атанғандарды Әбеке атандырып жіберетін қазақы қалжыңға қалмау үшін қанша талпынса да, қатал тағдыр бұның инженер болғанын қаламады ма, қайдам, әйтеуір, осы оқуға жолы болмай-ақ қойғаны.

Енді не болса да үйленеміз деп шешкен екеуі той қамына жайлап кірісіп, «Нұргүл» фотосалонымен де ауызша келісіп қойған. Бір демалыста Шымқаладан Ержан мен Динаны алдыртса, сосын, бәрі барып суретке түсу де жоспарда. Ержандар құлағдар. Бұлардың «давай» деген сөзін ғана күтіп отыр.

      Фурманов пен Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан «Беташар» дүкеніндегі өзі ұнатқан оюланған ақ туфли мен етек-жеңі ақ маржанмен әдіптелген әдемі той көйлекті өтіп кеткен жоқ па екен дегендей, Асхатына айтпай жүгіріп барып, аптасына бір сипалап кететін әдет тапқан.

Кезекті бір келісінде Асхатқа аламыз деп жүрген, алдында екі салпыншағы бар, сол кезде сәнге айналған «лодка» аталатын чехтың қара туфлиінің өтіп кеткеніне біраз қынжылғандай болып еді, сатушы қыз:

— Аптаның аяғына қарай келіңіздер, тағы келуі керек, – деп мұның көңілін бір көтеріп тастады.

  Орталық АХАЖ-дан алған, жас жұбайлар салонына берілетін арнайы талонмен ғана кіргізетін бұл дүкен әрбір кіріп шыққан сайын талондағы аты-жөндерін журналға тіркей беретініне іштей күлген Махаббат «бір күні уақыты өтіп кетті, енді жарамсыз, кіруге болмайды деп айта ма» деп те уайым қыла бастады. Алдағы айда Асхат айлық жалақысымен қоса, отпускнойын да алуы керек, азын-аулақ екеуінің жинап жүрген ақшалары да бар. Ауыл жақ та қарап қалмас...

       Махаббат болса ауық-ауық Шымқаладағы Ержан қайнысының қал-жағдайын білмек болып Дина құрбысына хабарласқан сайын той көйлектің жайын бір нақтылап қоюды да әбден әдетке айналдырған.

Ендігі жерде тіпті Динаның өзі:

— Әй, қыз, енді қашан?! Көйлегім дайын тұр! Тездетпесеңдер басқа тойға киіп қоямын, – деп бастырмалататын.

       Сонда да болса телефон тұтқасын қояр сәтте әйтеуір бір ретін тауып тағы еске салып өтуді ұмытпайтын құрбысын құттықтап қоюдан бұл да жалыққан емес. Тап сол уақытта Асхатқа елден «Әкең қатаң жатыр, тез жет!» деген қатқылдығы қара қағаздай телеграмма келе қалсын. Ауыл-ауылмен байланыс қиын уақыттар. Хабар білмек үшін бір-екі күн бұрын алдын ала тапсырыс беріп қоймасаң, аяқастынан сөйлесе салу деген ол кездерде сирек құбылыс. Оның үстіне Асхат бес қыздың ортасында бетіне қарап отырған жалғыз ұл. Мынадай хабардан кейін қалай қарап қалсын.

       Аэропортта әрі-бері жүгірген екеу Гурьевке ұшқалы тұрған ұшаққа бір билет тапты да, асығыс қоштасқан Асхаты тұнжыраған күйі кете барды.

Асхатымен бірге арманы да көкке ұшқандай болған Махаббат аэропорттың маңынан ұзап кете алмай ұзақ жүрді. Жатақханаға қарай қайтқысы да жоқ. Асхатының енді қайтып келмесін іші сезгендей сезімі аласұрып, шыбын жаны шырылдап жаны байыз таптырар емес. Шынында да, сол кеткеннен Асхаты қайтып оралмады. Кейін ұзынқұлақтан естігені – бір әулеттің жалғыз ұлы әке-шешенің дегенінен шыға алмай, дайындап қойған қалыңдығымен маталып, отбасын құрыпты деседі. Үш жыл қатарынан армандаған оқуына түсе алмай алаөкпе болған ұлдарын енді ұзатса «айырылып қаламыз» деп қорыққан әке-шеше тілдей телеграммамен алдап шақыртып алып, «қалыңдығым бар» дегеніне қарамастан, ауылдас бір қойшының қызына үйлендіріп тыныпты.

         «Неге? Не үшін? Дап-дардай жігіт, өз шешімі болмағаны ма?» деп сыртынан сампылдағандарға да қосылмады. Тіпті одан арғысында да еш шаруасы болмады. Содан қанша уақыт екі көзінің жасы құрғамаған. Жалғыз-ақ өкініші – бірге еріп кетпегені ғана болатын. Әттең! Оқуын тастап кетсе де, бұлай өкінбес еді-ау. «Асхатым бәрібір ертең қайтып келеді-мен» күтіп жүрді. Ұзақ күтті. Әлгі жас жұбайлар салонына берілген талонның уақыты өтіп бара жатқан соң, Асхаты ұнатқан қара туфлиді ғана сатып әкелді де, қорабымен кереуетінің астына қоя салған. Оңашада сол қорапты ашып алады да, үнсіз егіледі. «Қайық» аталатын қара туфли, шынында да, бұның көз жасында жүзген ескексіз қайыққа айналғандай.

     Одан қалса, жатақхананың артындағы қос түп жиде мен өздері отырғызған ақ қайыңның түбіне жасырын барып қамығатын әдет тапқан.

Құдды бір ертегідегідей, екеуі отырғызған қос ақ қайыңның біреуі өз-өзінен солып сала берді де, кейін бұтақтары сынып-сынып барып состиған ортаңғы діңгегі ғана қалған. Онда да жан жоқ, бірақ әлі тұр.

       Содан екі жыл бойы есі ауысқан адамдай есеңгіреп жүріп алған Махаббат оқу бітіретін жылы осы Асқарды жолықтырды. Көп қақ-соғы да жоқ. Мәжнүн де емес… Бір-екі рет киноға барып жүріп, «Маған тұрмысқа шығасың ба?» – деген жігітке қалай «иә» дегенін өзі де байқамай қалса керек.

Несі бар деп, өз-өзіне басу айтқандай болған ол «Махаббатсыз дүние бос...» деушілерге махаббаттан тапқаным қайсы деп дүрсе қоя берер ме еді...

Кейін қанша оқталса да, сол қос түп жиде мен жалғыз түп ақ қайың жаққа бір барып қайтуға дәті жетпеді.

     Ол жайды жақсы білетін бірді-екілі араласатын құрбылары бұның көзінше ол тақырыпта әңгіме қозғамауға тырысып бағады. Қанша тілінің ұшына оралып тұрса да, біреуінен «жатақхана жаққа бардың ба, жалғыз ақ қайың қалай?» деп қалжыңға бұрған болып сұрауға сан мәрте оқталса да, батылы бармайды...

       Той көйлегін тіктіріп қойып, соңынан хабар білмекке қанша байланысқа шақырса да, қашқақтап телефонға жуымай қойған Махаббат арада жыл өткен соң, Дина құрбысының сол көйлегін өздері таныстырған «қайнысы» Ержанға тұрмысқа шығарда бір-ақ кигенін біраз уақытқа дейін білмеді.

* * *

       Арада азғантай уақыт өткен. Махаббат әлі өзіне толық келіп те үлгерген жоқ. Айналаның бәрі өзіне саусағын шошайтып күліп тұрғандай бір әсерден арыла алмай-ақ қойғаны. Барлығының әңгімесі өзі сияқты. Көп басын да көтермейді. Табақтай қара көзілдірігін тастамай тағып жүретін әдет тауыпты.

Жаңа көрші-көлеммен әлі дұрыстап таныспады да. Үйінен шығып жұмысына келеді де, кешкісін әдейі, қас қарая келген ізімен тұп-тура солай кері қайтады.

Бүгін ертеңгісін жұмысқа жиналып жатқанда жамандық шақырғандай шар ете түскен телефонның тұтқасын құлағына апарып еді, азғындаған үлкен ұлдың тағы бір ұрлығы ашылып, қамауға алынғанын естігенде біраз уақыт сілейіп тұрып қалған Махаббат тіл-аузы күрмеліп, бір жағына қисая берген...

— Анашым! – деп жанұшыра ұмтылған қызы сүйеп үлгермегенде есіктің жақтауына соғылуға аз қалған басын қайтып көтеруге шамасы келмеген күйі талықсып кетті...

       Инсульт. Үш күн болды, әлі өз-өзіне келер емес. Кіші ұлы мен қызы, күйеуі үшеуі алма-кезек күзетте. Кеше түнде кірпігі жыбырлаған Махаббат күйеуінің қолын сипалап:

— Жаным, жазылып кетші тек. Мен бәрін де қойдым! Төрт емес, он бөлме үй салып беремін, Антым осы! – деп тұншыға жылағанын сезіп жатқанымен, саусақтарының ұшын қимылдатып белгі бере алмады...

* * *

            Сол күні кешелі бері анасының қасында отырған қызын ауыстырмаққа асығыс келе жатқан Асқарды автобус тасасынан жүйткіп шыға келген «Джип» тапап өте шықты...

            «Құдай бір айналдырғанын шыр айналдырады» демекші, «енді қайттік» деп естері шыққандарды ақылға шақырғандар не болса да, әбден беті бері қарағанша анасына әкесінің қазасын естіртпей тұра тұруды жөн деп шешіскен.

* * *

           Алты күн бойы өлім мен өмір арасында арпалысқа түскен шыбын жанға осы сәт көзді қарып өтердей өзге бір тылсым билеген әдемі әлем есігін айқара ашқан. Есік ашыла сала аппақ болып киініп алған Асхат анадайдан Махаббатқа қолын созды.

— Қайда жүрсің, күтіп қалдым ғой, тез болсаңшы енді, – деп жанықтырып жатыр… Тек аяғында қара бәтіңкесі жоқ.

       Бәтіңкенің өзінің кереуетінің астында қалғаны есіне түсіп, «енді қайттім, тез-тез алып келе қояйын» деп бұрыла бергенде барып өзіне қараса, бұл да аппақ болып киініп алыпты. Үстінде екеуі үйленгенде киеміз деп, «Беташар» дүкенінен өлшеп жүрген көйлегі. Тіпті ана алдында оюы бар аппақ туфли де аяғында. Айналаның бәрі аппақ. Қуаныштан есі шығып жүріп Асхатына алып қойған бәтіңкесін кереуеттің астында қалдырғанына қапаланғаны болмаса… Сондай бір жеңілдік. Уайым-қайғы дегенді білмеген адамдай көкте қалықтап жүр. «Өз тойыма өзім кешігіп қала жаздаппын-ау» деп қояды іштей… Асығыс жеткен Асхат та емірене келіп еркелетуде. Арада қанша жыл өтсе де, түк өзгермепті, жымиғанына дейін сол қалпы. Мұның құлағына «екеуміз аққайың екпей, жеміс ағашын отырғызуымыз керек еді, ә, сонда ендігі жемісін жеп жүрер едік» деп сыбырлай ма… Бұл да басын изей сала, «неге соны ертерек ойламағанбыз» деп аң-таң.

— Мен сені алып кетуге келдім, жүрші енді. Ертең тағы өкінеміз ғой, болшы, болшы, – дей берген Асхатқа бір, балаларына бір қарап: «Кезінде сол ұят-сұятты жиып қойып, ауылыңа бірге кеткенімде бәрі де басқаша болар еді», – деп өмір бойы өкінген Махаббат одан артық ойлауға мұршасы келмей, Асхатымен қол ұстасқан күйі асығыс қалықтап кете берді...

* * *

        Жансақтау бөлімінде алты күн жатып көзін ашпаған күйі «балаларын әкелеріне аманаттадым» деген оймен арманының жетегіне ілескен Махаббат өзіне асығып келе жатқан күйеуінің бұдан екі күн бұрын машина астына түсіп опат болғанын білмеген күйі жамалындағы жылы жымиыспен жүре берген… Тек қайдан екені белгісіз, еміс-еміс есінде қалғаны екі-ақ ауыз:

— Ең болмаса екі күн бұрын алса екен осы албастыны, екі күн еркін күліп барып өлсем арманым жоқ, онсыз да мәнсіз ғұмыр кешуден шаршадым. Осыған тиген күнімді қарғыс атсын! Осы өлгенде жұрт жылап жатса, мен билеп жүретін шығармын, – деген қарғыстары үшін ғана кешірім сұрағандай болғаны… «Барларыңды бағалаңдаршы» дегені ме, кім білсін… Не үшін бұлай айқайлағанын және кімге айтқанын өзі де ұғар емес. Тек енді оған бәрібір.

      Ахиретте болса да, ақ махаббаты Асхатымен табысқанына риза секілді...

Ол енді мәңгілік мекенінде Асхатымен қол ұстасып ұшып жүр...

Тегтер: