Тойымсыз BI Group-қа тоқтам бола ма?
Қазақстандағы елу алпауыт компаниялардың бірі саналатын «BI Group» холдингіне қатысты ел аузында әңгіме көп.
Жасыратыны жоқ, компанияның құрылыс саласында тәжірибесі көп, қаржылық айналымы мол, мамандарының кәсіби деңгейі жоғары. Бірақ біреулер «BI Group»-тің осындай дәрежеге жетуін биліктегі лауазымды азаматтардың қолдауымен байланыстырады. Тіпті компанияның шынайы қожайындары ретінде «отбасының» мүшелері аталады.
Жуырда бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Түркістандағы құрылыс жұмыстарына бөлінген 566 миллиард теңге мемлекеттік тапсырыстың 25 пайызын немесе 140 миллиард теңгесін BI Group және Базис-А-компанияларының иеленгенін мәлім еткені белгілі. Төраға мұны заңбұзушылық ретінде атап өткен жоқ. Бақсақ, қос компанияның маңдайына айрықша артықшылықтар әу бастан-ақ жазылып қойылған екен. BI Group компаниясына келгенде, бәрі басқаша? Тапсырысты тендерсіз ұтып ала салады? Құрылыс барысында кездескен кемшіліктерге бәрі көз жұмып отыра береді. Ең қызығы, компания тапсырыстарды он миллиардтап ұтып алады. Осыдан кейін оның артында тіреп тұрған бір күштердің бар екендігіне күмәнданып көріңіз?!
Жуырда Есеп комитеті «BI Group» холдингіне қатысты біраз келеңсіздіктерді анықтады. 2020 жылы коронавирус індетіне қатысты жағдай ушығып, ел ішін үрей билеп тұрған кезде, үкімет өте қысқа мерзімде жұқпалы аурулар госпитальдарын салуға кіріскен болатын-ды. Бұл тапсырыстарды «BI Grouр» ұтып алды. Түркістан қаласындағы 200 төсек-орынға арналған тез тұрғызылатын модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын компанияның «KAZPACO» еншілес серіктестігі жүргізеді. Тексеру кезінде белгілі болғандай, нысанның құрылысы жер пайдалануға тиісті құқықсыз, бекітілген жобалау-сметалық құжаттарсыз және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына хабардар етілмей, басталғаны белгілі болған. Айрықша артықшылықтарға нысанды қабылдау барысында да жол берілген. Ең қызығы, жұқпалы аурулар ауруханасы қабылдауға алынғанымен, ол осы уақытқа дейін пайдаланылмаған. Шамасы, аурухананы пайдаланудың қажеттілігі болмаған сияқты. Ғимаратқа қазіргі уақытта Түркістан қалалық ауруханасы уақытша орналасқан. Егер госпитальға деген қажеттілік болмаса, атқамінерлер оны не үшін салды? Сақтық үшін бе? Бірақ осы сақтық шаралары бюджет үшін тым қымбатқа түсіп отыр. Нысанның жалпы құрылысына қазынадан 7 миллиард 738 миллион теңге жұмсалған.
Жалпы, «BI Group» компаниясының тек миллиардтардың тапсырыстарын орындайтыны байқалады. Түркістан рухани орталық мәртебесін алып, құрылыс қарқыны қызғалы «BI Group» компаниясы қасиетті қалада бірнеше нысанды салған. Әр нысанның құны бірнеше, тіпті ондаған миллиард теңгені құрайды. Кейбір нысандардың жобасына өзгерістер енгізіліп, қайта қаржыландырылған. Күмәнді жайттар көп. Мәселен, «BI Group» салды деген Түркістан драма театрының құрылысына бас-аяғы 9 миллиард 093 миллион теңге кеткен (бұған дейін ақпарат құралдарында бұл нысанның Түркістанға Ақтөбе облысының жасаған тартуы екендігі жарияланған болатын). Бұл цифр Есеп комитетінің қорытындысында көрсетілген. Қаражаттың жартысы республикалық, жартысы жергілікті қазынадан қаралған және ақша бюджет заңнамаларын бұза отырып бөлінген. Нысан жобасын жоспарлау және іске асыру техникалық-экономикалық негіздемесіз жүргізілген. Нәтижесінде, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауға жол берілген.
Осы жерде «BI Group» компаниясына қатысты бұған дейін мәлім болған тағы бір дерекке тоқталсақ. Компания Түркістанда Елбасының мұрасын насихаттауды мақсат тұтқан «Ұлы дала елі» орталығын салған. Бұл орталық Атырау облысының Түркістанға жасаған сыйы көрінеді. Алғашқыда ақпарат құралдарында нысанға 1,5 миллиард теңге бөлінгені жарияланған-ды. «Ақ Жайық» басылымы таратқан ақпаратқа қарағанда, арада біраз уақыт өткенде, «BI Group» компаниясымен 3,8 миллиард теңгеге қосымша келісім жасалған. Бұдан бөлек, демеушілік ретінде Қазақстандағы ірі компания «Теңізшевройл» ЖШС нысан құрылысына 4 миллиард 200 миллион теңге бөлген. Осылайша, құрылыстың жалпы құны 9 миллиард 119 миллион теңгеге шарықтаған. Орталық құрылысы 2020 жылы аяқталып, 2021 жылы ол жұмысын бастаған.
Бір ғана «Ұл дала елі» орталығына 9,1 миллиард теңге бөлінген. Егер мұның түбін тексерсе, талай келеңсіздік шығуы әбден мүмкін. Аталған орталық ресми мәлімет бойынша елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын көрнекті түрде ұсынумен және Ұлы дала елі Ұлттық брендін танымал етумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, осыншама қаражатпен салынған ғимарат экс-президенттің мақаласын насихаттаумен айналысады.
Қазынаның миллиардтарын осындай мақсатқа шығындау кімнің идеясы? Ол қаншалықты дұрыс?