Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:07

Тоқаев 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады

Тоқаев
Фото: Ақорда

 Тоқаев алдағы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Мемлекет басшысының Жаңа жылдық үндеуінің толық мәтінін Ақорда жариялады.

 

Президенттің айтуынша, 2025 жыл Қазақстан үшін жасампаздық жылы болды. Ел тұрақты даму жолына түсіп, жаһандық күрделі жағдайға қарамастан экономика оң өсім көрсетті.

"Жалпы ішкі өнім 6 пайызға артты, алтын-валюта резервтері 62 млрд АҚШ долларынан асты. Ауқымды инвестициялардың арқасында бірқатар ірі жобалар жүзеге асты. Соның ішінде Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – тәуелсіздік жылдарында салынған ең ірі теміржол магистралі", – деді Тоқаев.

Сондай-ақ елде 13 мың шақырым автожол салынып, жөнделіп жатқанын, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай күшейтетінін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік сала

Мемлекет басшысы аграрлық сектордың да оң нәтиже көрсеткенін айтты. Ауыл шаруашылығы саласы қатарынан екінші жыл мол өнім жинап отыр.

"Фермерлерге 1 трлн теңге көлемінде бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді. Ауылдық аумақтарды дамыту – біздің басым бағытымыз", – деді Президент.

Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыстар атқарылды:

  • 19 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді;

  • 100-ден аса мектеп, 200-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды;

  • Әлемнің жетекші университеттерінің филиалдары Қазақстанда ашылды.

Президент құқық қорғау саласына да тоқталып, қоғамда «заң мен тәртіп» қағидаты орнығып келе жатқанын, бұл азаматтардың құқықтық санасының артуына ықпал ететінін айтты.

2026 жыл – жаңғырудың жаңа кезеңі

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жыл Жылқы жылы екенін атап өтіп, оның қазақ халқы үшін айрықша мәні барын айтты.

"Алдымызда биік мақсаттар тұр. 2026 жыл Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңін бастайды. Алдағы конституциялық реформа елдің даму қарқынын жеделдетеді деп сенемін", – деді Президент.

Алдағы уақытта:

  • энергетикалық әлеуетті нығайту;

  • агроөнеркәсіп кешенін дамыту;

  • су ресурстары, көлік пен логистика, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым мәселелерін шешу жұмыстары жалғасады.

Шағын және орта бизнес те мемлекеттің басты назарында болмақ.

Цифрлық мемлекет және жасанды интеллект

Президент Жолдауында айтылған бастаманы нақтылай келе:

"Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру қажет. Осыған байланысты 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Озық технологияларды енгізу еліміздің барлық саласындағы әлеуетін арттырады", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында әрбір баланың есепшотына қаржы үшінші рет аударылатыны айтылды.

«Таза Қазақстан» және халықаралық бастамалар

Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы алдағы жылы да басты басымдықтардың бірі болатынын атап өтті.

"Қалаларымыз бен ауылдарымызды таза, жайлы ету – Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қосылатын нақты үлес болмақ, – деді ол.

Сондай-ақ, Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялағанын айтты.

"Алда маңызды өзгерістер күтіп тұр. Олардың табысты болуы әрқайсымыздың еңбегімізге байланысты. Бірігіп еңбек етсек, 2026 жыл еліміз үшін жаңа жетістіктер жылы болады", - деп түйіндеді Президент.