Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми және инновациялық әзірлемелерімен танысты
Алматыға жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты. Бұл туралы Ақорда жазды.
Мемлекет басшысына ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын таныстырды. Бұл хаб инновациялық әзірлемелерді экономиканың нақты секторына енгізуге арналған заманауи алаң ретінде құрылған. Мұнда креативті индустрия, жасанды интеллект және стартаптар бағытында жобалар жүзеге асырылуда. Орталық жұмысының нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 млн доллардан астам инвестиция тартылған.
Орталықта ZTE, BASF, Binlin секілді технологиялық корпорациялар мен бірқатар шетелдік жетекші ғылыми ұйымдардың зерттеу алаңдары орналасқан. Сонымен қатар мұнда ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді.
Президентке университеттің жалпы құны 1 млрд 250 млн теңгені құрайтын төрт ірі жобаны сәтті жүзеге асырып жатқаны туралы ақпарат берілді.
Мемлекет басшысына Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп әзірленген микроспутник макеті көрсетілді. Сондай-ақ екі оқу орнының ғалымдары Жердің гравитациялық өрісін, радиация деңгейін өлшеуге және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған NKSAT спутнигін әзірлеуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Ғылым академиясымен бірлесіп құрылған «Қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» зертханасының қызметімен де танысты. Мұнда спутниктік деректерді талдау негізінде Орталық Азиядағы климаттық және экологиялық өзгерістер зерттеледі.
Президентке «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институтының, Робототехника орталығының, сондай-ақ Қазақстан–Сингапур кванттық технологиялар орталығының жобалары таныстырылды.
Сапар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы суперкомпьютерлік кластерді аралаумен аяқталды. Бұл жобаға 23 млн доллар инвестиция тартылған. Кластер күрделі есептеулерді орындау уақытын едәуір қысқартып, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар IT және жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға кең жол ашады.
Бұған дейін Digital Qazaqstan жобасын іске асыру жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мемлекеттік органдар алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өткен еді. Оның айтуынша, басты мақсат – озық технологиялар мен жасанды интеллектті ел өмірінің барлық саласына кеңінен енгізу.