Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 09 Наурыз 2024

Тоқаев: Әлеуметтік көмектің арты масылдық психологияға ұласпауы керек

в
Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік саласына айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Осы салада жүргізіліп отырған реформа негізінде берілетін әлеуметтік көмекті қайта қарау мәселесіне де көңіл бөлуді айтқан.

Президенттің айтуынша, әлеуметтік көмекті шын мұқтаж адам алуы тиіс. Себебі, әлеуметтік көмектің арты қоғамды масылдық психологияға апарып соғады.

Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек.

Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек, деді Президент.

Сонымен қатар ол, мемлекеттен көмек алу үшін табысын жасырып көрсететін азаматтар бар екенін айтып, бұл мәселенің нақты шешіміні табуды тапсырған.

Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет, деді Президент.

Бүгінгі таңда азаматтарды жұмыспен қамту саласында мемлекет тарапынан үлкен көмек, қолдаулар бар. Оның жарқын мысалы ретінде еңбекпен қамту орталықтарының жанданып жатқанын айтуға болады. Бұл тұрғыда Президент нақты нәтижеге көңіл бөлуді ұсынды.

Азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты. Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек, деді ол.

Сонымен қатар, әлеуметтік көмекті шын мұқтаж адамдарға беру үшін, ел бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаға бөлініп жақанын айтты.

Тағы бір маңызды міндет. Еліміздің барлық азаматына бірдей жағдай жасап, шын мәнінде, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті. Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр.

Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе, педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет, деді Мемлекет басшысы.

Осы бағыт бойынша, қоғамдағы масылдық көңіл күйді болдырмау үшін азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлуді тапсырған. Соның негізінде, Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы бойынша, биыл нақты 943 мыңнан астам адам жұмысқа орналаспақ.

Осылайша, іске асырылып жатқан жобалар шеңберінде 69 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру қарастырылған, оның ішінде, субсидияланатын жұмыс орындарына (оның ішінде 9 мың грант беру) – 193,8 мың, бос жұмыс орындарына – 318,1 мың, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 341,3 мың, жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын кредит беру шеңберінде – 5,8 мың, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кредит беру шеңберінде – 15,2 мың, делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, халықты құрылатын жұмыс орындары туралы хабардар ету, сондай-ақ азаматтарды жұмысқа орналастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Электрондық еңбек биржасында арнайы функционал іске қосылған.

Бос жұмыс орындары (жобалар, тұрақты және уақытша жұмыс орындары бөлінісінде) туралы ақпарат жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздар мен жұмыс іздеуді өз бетінше жүзеге асыратын ізденушілер үшін оңай әрі қолжетімді.

Жұмысқа орналасу бойынша мониторинг ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде жүргізіледі, ал олардың дұрыстығын тексеру еңбек шартын тіркеу, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болуы арқылы жүзеге асырылады.Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 143,7 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 65 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, дейді ведомства өкілдері.

Фото: pixabay

Тегтер: