Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:44, 09 Қыркүйек 2024

Тоқаев Әзербайжан мен Арменияға Алматы алаңын тағы ұсынуға дайын екенін айтты

а
Фото: kavkaz-uzel.eu

Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Қазақстан алдағы уақытта да Алматы алаңын келіссөздерге ұсынуға дайын. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің телефон арқылы сөйлесуінде айтылды, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Қазақстан тарапының алдағы уақытта да Алматы алаңын келіссөздерге ұсынуға дайын екенін растады, делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжандағы Парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтап, саяси науқанды Қазақстанның өкілдері де бақылағанын атап өтті. 

Қазақстан Президенті стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қарқынын жоғары бағалады. Осы орайда қыркүйек айының соңында өтетін Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері халықтар арасындағы бірлікті бекемдеуде маңызды рөл атқаратынына тоқталды. 

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Бакудің Астанамен екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін күш-жігер жұмсауға ниетті екенін жеткізді.

Айта кетейік, Әзірбайжан президенті бұған дейін Баку Әзірбайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің Қазақстанда кездесуіне келіскенін мәлімдеген болатын. 29 сәуірде Әлиев Алматыда Әзірбайжан-Армян келіссөздері басталғанын хабарлады.

2024 жылдың 10 мамырында Алматыдағы Достық үйінде Әзірбайжан мен Армения сыртқы істер министрлері мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қатысуымен екіжақты келіссөздер өтті. Алайда, төрт сағатқа жуық уақытқа созылған жиналыстың нәтижелері туралы ештеңе айтылған жоқ.