Тоқаев Әзербайжанға қарсы жасалған шабуылды айыптады
Мемлекет басшысы Иранның дрон арқылы Нахчыван қаласындағы әуежайға соққы жасағаны жөніндегі ақпаратқа байланысты пікір айтты.
Президент бауырлас әрі одақтас Әзербайжанға қарсы мұндай әрекетті қатаң айыптайтынын мәлімдеді.
Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Мемлекет басшысының бұл актіге қатысты көзқарасы нақты екенін жеткізді. Ол өз мәлімдемесінде:
«Президентіміздің ұстанымы нақты: ол бауырлас әрі одақтас Әзербайжанға жасалған бұл шабуылды қатаң айыптайды», – деп атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған инциденттің мән-жайын Иран тарапымен бірлесе отырып, мұқият зерттеудің маңыздылығына назар аударды. Мемлекет басшысы өңірдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында қақтығысты дипломатиялық құралдар арқылы реттеуге және шиеленістің одан әрі өршіп кетпеуіне үміт білдіретінін айтты.