Тоқаев "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін мәжбүрлеп көшіруді тоқтатты

Алматыдағы «Бағанашыл» шағынауданында орналасқан облыстық №1 балалар үйінің Қонаев қаласына көшірілуі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.
Тәрбиеленуші балалардың қарсылығы мен белсенділердің үндеулерінен кейін бұл іске президент Тоқаев араласты.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйін қаланың балансына алып, ғимаратқа жөндеу жүргізуді тапсырды. Осылайша, балалар үйін көшіру процесі тоқтатылды.
«Президент Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіруге қатысты жағдаймен танысып, оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыруы үшін мекемені қала балансына өткізіп, жөндеуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді», – деп жазды Желдібай.
Кейінгі күндері бұл тақырып әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, бірқатар видеолар тарады. Онда балалардың көшуге қарсы шығып, жылап-еңіреген сәттері, полиция өкілдерінің араласуы және тіпті бір баланың есінен танып қалғаны да көрсетілді.
Белсенділер мен заңгерлер мұндай көшіру баланың құқығына қайшы келетінін айтып, бұл шешімді тоқтатуды талап еткен. Енді Президент әкімшілігі бұл іске қатысты қызметтік тексеріс жүргізетін болды. Руслан Желдібайдың айтуынша, балалардың заң шеңберіндегі барлық құқықтары сақталады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облыстық білім басқармасы ескі ғимараттың апатты жағдайда екенін айтып, тәрбиеленушілерді Қонаевтағы жаңа ғимаратқа көшіруді ұсынған. Бірақ қоғамдық реакция мен балалардың қарсылығы бұл жоспарды қайта қарауға мәжбүр етті.