Тоқаев БРИКС саммитіне қатысу үшін Ресейге барды
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС-ке мүше мемлекеттер басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Қазақстан Президенті екіжақты кездесулер өткізіп, БРИКС-тің «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырысында сөз сөйлейді, делінген Ақорда хабарламасында.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Ресей Президенті Владимир Путин қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС-тің XVI саммиті аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен,Лаос Президенті Тхонглун Сисулитпен, Конго Президенті Дени Сассу-Нгессомен және Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чиньмен кездесіп, аз-кем әңгімелесті, деп хабарлады Ақорда.
Айта кетейік, Татарстан астанасы Қазан қаласында 36 елдің ресми өкілдерінің қатысуымен БРИКС саммиті өтіп жатыр. Ұйым құрамына тоғыз мемлекет кіреді.
Бұған дейін, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақстан БРИКС ұйымына мүше болуға асықпайтынын айтқан.