“Тоқаев бірінші болып жау шебіне кірді”: Президенттің әкесі туралы құпия ашылды

Ресей Қорғаныс министрлігі Кемел Тоқаевқа қатысты марапаттау парағын құпиясыздандырып, ашық түрде жариялады.
Ол — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі. Кемел Тоқаев 1945 жылдың қаңтарында Польшада көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
7-ші жеке гвардиялық ауыр танк полкының командирі, гвардия подполковнигі Афанасий Поваров қол қойған құжатта былай делінген:
«1945 жылдың 21 қаңтарында Польшадағы Мазовецк воеводалығына қарасты Еглиёвец елді мекенінің солтүстік-батыс аумағында немістер түнде біздің позицияларымызға қарсы шабуыл жасады. Автоматшылар танкілерді жанқиярлықпен қорғап, кейін өздері шабуылға шығып, немістерді кері шегіндірді. Жауынгер Тоқаев бірінші болып жау шебіне басып кіріп, өз автоматымен бес немісті жойды, бір жараланған немісті тұтқынға алды. Тұтқынды өз бөлімшесіне алып келе жатқанда, Тоқаевтың аяғына жарықшақты оқ тиіп, жараланды (бастапқыда жазылған «…аяғынан айырылды» деген тіркес сызылып тасталған). Тоқаев тұтқынды атып тастап, жарасын өзі таңып, ауыр жарақатына қарамастан, өз танкілеріне қайта оралды».
Осы күні неміс снайпері Кемел Тоқаевтың асықты жілігін жарықшақты оқпен талқандаған. Жауынгер артынан Оралдың арғы жағына эвакуацияланып, дәрігерлер оның аяғын кесуге дайындалып жатқан. Алайда оны кейіннен әлемге танылған хирург, сол кезде жас дәрігер болған Гавриил Илизаров аман алып қалды. Дәл осы Тоқаевты емдеу кезінде Илизаров кейін өз атымен аталған сүйек емдеуге арналған бірегей аппараттың алғашқы нобайларын қолданып көрген.