Тоқаев Давоста «Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қойды
Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік кеңесі» халықаралық бірлестігінің жарғысына қол қойды.
Аталған кеңес Газа секторындағы жағдайды реттеу мақсатында Дональд Трамп бастамасымен құрылған.
Жарияланған бейнекадрларға қарағанда, құжатқа қол қою алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен қысқаша әңгімелескен. Осыдан кейін АҚШ президенті Қазақстан басшысының иығынан қағып, жылы ілтипат білдірген.
Бұған дейін Дональд Трамп Қазақстанды жаңа кеңестің құрылтайшы мемлекеттерінің қатарына ресми түрде шақырғаны хабарланған еді. Президенттің баспасөз хатшысының көмекшісі Руслан Желдібай Тоқаевтың жауап ретінде алғыс хатын жолдап, Қазақстанның Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосуға дайын екенін растағанын мәлімдеген.
Кеңес құрамы мен мақсаттары
«Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына 18 мемлекеттің өкілдері қол қойды. Бірлестіктің төрағасы болып Дональд Трамп тағайындалды. Оның айтуынша, жаңа құрылым Біріккен Ұлттар Ұйымы-мен ынтымақтаса жұмыс істемек. Дегенмен, бұған дейін Трамп келешекте кеңес БҰҰ-ның кейбір функцияларын ішінара алмастыруы мүмкін екенін де жоққа шығармаған. Ол БҰҰ-ны «тиімділігі төмен» деп сынаған болатын.
Жарғыға қол қою рәсіміне Қазақстанмен қатар Ресей, Армения, Әзербайжан, Пәкістан, Катар, Индонезия, Аргентина және Венгрия президенттері қатысты.
АҚШ жариялаған тізім
Ақ үй кеңес құрамын 16 қаңтарда жариялаған. Оның қатарына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф, инвестор Джаред Кушнер, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга және өзге де тұлғалар енген.
АҚШ-тың бұл бастамасы халықаралық деңгейде әрқилы пікір тудырды. The Financial Times басылымының жазуынша, Еуропаның бірқатар елдері жаңа формат БҰҰ-ның халықаралық қақтығыстарды реттеудегі негізгі алаң ретіндегі рөлін әлсіретуі мүмкін деген қауіппен қатысудан бас тартқан.
БҰҰ-ның өзінде де бастамаға сақтықпен қараған, ұйым өкілдері әлемдік деңгейде бейбітшілікті қолдаудың қалыптасқан тетігі бар екенін еске салған.
Соған қарамастан, Стив Уиткоффтың айтуынша, «Бейбітшілік кеңесінің» жұмысына қатысуға 20–25 мемлекет келісім берген, ал АҚШ алдағы уақытта қатысушылар санын кеңейтуді көздеп отыр.