Тоқаев Грекия президентіне жеделхат жолдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Грекия президенті Константинос Тасуласты ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жеделхат жолдады.
— Қазақстан мен Грекия арасындағы достық пен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынастардың берік іргетасы және үлкен әлеуеті бар екенін ризашылықпен атап өтемін. Біздің көпқырлы ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да екі ел халықтарының игілігі үшін нығая түсетініне сенімдімін, - делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы Грекия президентіне жауапты мемлекеттік қызметінде табыс тілеп, грек халқына амандық пен өркендеу тіледі.
Грекияның Тәуелсіздік күні жыл сайын 25 наурызда атап өтіледі. Бұл елдегі басты ұлттық мерекелердің бірі. Мереке 1821 жылы басталған Осман империясына қарсы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты. Сол көтеріліс нәтижесінде Грекия тәуелсіз мемлекетке айналды.
Еске сала кетейік, ақпан айының басында Грекия мен Португалияның елшілері Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын табыстаған болатын.