Тоқаев Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясының басшысын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясының (FIS) президенті Йохан Элиашты қабылдады.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясы (FIS) арасындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 85 мыңнан астам адам шаңғы спортымен тұрақты түрде айналысады. Президент елде тау шаңғысы мен шаңғы жарысына арналған заманауи кешендер, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай мұз ареналары бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда алдағы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындыққа ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде Йохан Элиаш Қазақстан Президентіне спортты дамытуға көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтып, қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі беделді жарыстарда лайықты өнер көрсетіп жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға жоғары баға берді.
Тараптар спортшыларды даярлау, жаттықтырушылар мен төрешілерді оқыту, тәжірибе алмасу бағыттарында Қазақстан мен FIS арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Йохан Элиашты Қазақстанда шаңғы спорты мен сноубордты дамытуға қосқан үлесі үшін «Достық» орденінің II дәрежесімен марапаттады.