Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:21

Тоқаев Холокост құрбандарын еске алу күніне орай Израиль Президентіне қолдау білдірді

Тоқаев пен Герцог
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Холокост құрбандарын  еске алу күніне байланысты Израиль Мемлекетінің Президенті Ицхак Герцогке арнайы құттықтау жеделхатын жолдады.

Жеделхатта Мемлекет басшысы Холокост жылдарында қаза тапқан миллиондаған бейкүнә жандардың рухына Қазақстан халқының тағзым ететінін атап өткен.

«Этностық және діни алауыздықтың, зорлық-зомбылықтың кез келген түрін батыл айыптай отырып, Қазақстан мұндай қылмыстардың адамзат тарихында енді қайталанбауы үшін халықаралық қауымдастықтың бірлескен күш-жігерін қолдайды. Холокост жылдары Қазақстанға көптеген еврей отбасы келді. Бүгінде еврей қауымдастығы еліміздің ажырамас бөлігіне айналды», – делінген Президент жеделхатында.

Мемлекет басшысы Қазақстанның көпұлтты қоғам ретінде өзара сыйластық пен төзімділік қағидаттарын әрдайым берік ұстанып келе жатқанын да атап өтті. Бұл ұстаным еліміздің ішкі тұрақтылығы мен бейбіт өмірінің негізгі тіректерінің бірі болып саналады.

Айта кетейік, бұған дейін Израиль тарапының бастамасымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасында телефон арқылы әңгіме өткен болатын. Әңгіме барысында Израиль Үкіметінің басшысы Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу туралы қабылдаған шешімі үшін Мемлекет басшысына алғысын білдірген.