Тоқаев: Қазақстан билігінде енді отбасылық "кландық" жүйе жоқ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйлеп, ұстаздарды жаңа оқу жылы қарсаңында құттықтады. Мемлекет басшысы мұғалім мамандығын «ұлттың шамшырағы» деп атап, олардың еңбегін жоғары бағалады.
"Күнделікті табанды еңбектеріңіздің арқасында еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сіздер жас жүректерге білім дәнін себесіздер, ойлы ұрпақ тәрбиелейсіздер. Халқымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту ісінде белсенді рөл атқарып отырсыздарй,-деді Президент.
Тоқаев мемлекеттік қызметте меритократия принципінің орныққанын, ал билікте бұрынғыдай отбасылық-рулық жүйе жоқ екенін атап өтті.
"Лауазымға тағайындауда ең алдымен білім мен кәсіби біліктілік ескеріледі. Бүгінде елімізде еркін ойлы, заң мен тәртіпке құрметпен қарайтын буын өсіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан дамудың жаңа сапалық кезеңіне қадам басты",- деді Президент.
Мемлекет басшысы тек өзгерістерді жариялау жеткіліксіз екенін, оларды мықтап орнықтыру керектігін айтты. Бұл жолда қоғам санасын жаңғырту маңызды рөл атқарады.
Осы мақсатқа жетуде ұстаздардың мойнына зор жауапкершілік жүктелетінін алға тартты.
Айта кетейік, кейінгі жылдары Тоқаев соңғы жылдары мемлекеттік басқаруда ашық бәсекелестік пен меритократия қағидатын енгізу жөнінде бірнеше рет мәлімдеме жасады. Бұл бастамалар, сарапшылардың пайымынша, Назарбаев кланы мен оның дәуірінде қалыптасқан отбасылық-рулық ықпал жүйесін әлсіретуге бағытталған.
Дегенмен, қоғамда бұл құрылымдардың толық жойылғанына қатысты пікірлер әртүрлі. Біреулер шын мәнінде өзгерістер болып жатыр десе, енді біреулер бұл тек декларация деңгейінде қалып отыр деп санайды. Саяси бақылаушылардың айтуынша, мұндай мәлімдемелердің тиімділігін уақыт пен нақты кадрлық шешімдер ғана дәлелдей алады.