Тоқаев Қазақстан Парламентіне жаңа атау ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Парламентінің атауын өзгертіп, оны "Құрылтай" деп атауды ұсынды.
Бір палаталы парламентте 145 депутат болатын болды.
"Еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық. Жолдауда бірпалаталы парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Былтыр 8 қазанда парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойдым.Конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жүріп жатыр. Бірпалаталы парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек қате болмас", – деді президент.
Еске салайық, Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай өтіп жатыр. Бұған дейін Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысы құрылтай барысында сөз сөйлеп, Қазақстанның алдағы дамуындағы негізгі бағыттарды айқындайтынын хабарлаған болатын.