Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұсылман қауымын Ораза айт мейрамымен құттықтап, оның ерекше рухани маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы бұл мерекенің адам бойындағы ізгі қасиеттерді дәріптейтінін айтты. Құттықтау мәтінінде Ораза айттың рухани тазару, сабырлық, қанағат, өзара құрмет пен жанашырлық сияқты құндылықтарды нығайтатыны айтылған. Сондай-ақ, ораза ұстаған жандардың иманы күшейіп, төзімі артып, айналасына қамқорлық танытатыны ерекше атап өтілді.
"Құрметті отандастар! Сіздерді Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – барлық мұсылмандар үшін ерекше әрі қасиетті мейрам. Ол рухани тазару мен жаңғыруды, өзара құрмет пен ынтымақты, қарапайымдылық пен сабырды, мейірімділік пен ізгілікті білдіреді. Отыз күн ораза ұстау арқылы діндар жандар өзімен және қоршаған ортамен үйлесім табады, рухын нығайтады, өмірдің қуанышын өзгелермен бөлісіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Бұл қағидалар Ислам дінінің шынайы мәнін көрсетіп, қоғамымыздың негізін құрайтын жоғары адамгершілік және гуманистік құндылықтарды дәріптейді".
Президент биыл Ораза айттың Наурыз мейрамымен қатар келуін ерекше символикалық мәнге ие екенін атап өтті.
"Қазақстан халқы Жаңа Конституцияны қабылдап, жарқын болашаққа, Әділет пен Прогреске нық қадам жасады. Бұл – халық еркінің шынайы көрінісі әрі тәуелсіз мемлекетіміз тарихындағы жаңа белес болмақ. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін! Еліміз – Қазақстан Республикасы гүлдене берсін! Ораза айт қабыл болсын"!