Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады
Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.
Құрметті отандастар!
Баршаңызды барлық мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – ондаған, жүздеген миллион адам үшін рухани тазару, адамгершілік тұрғыдан кемелдену, мейірім мен жанашырлық таныту кезеңі.
Ораза адамға сабыр мен төзімділік дарытып, қарапайымдылық, жауапкершілік, адалдық секілді асыл қасиеттерді қалыптастырады.
Оразаның рухани құндылықтарын саналы түрде қабылдап, айналамызда болып жатқан күрделі үдерістерді терең пайымдай білу қажет. Бұл да – Жаратушының құдіреті мен мейірімін дұрыс түсінудің бір көрінісі.
Қазақстан тарихи мәні бар жаңғыру мен трансформация дәуіріне қадам басты. Жалпыхалықтық референдумға жаңа халықтық Конституцияның жобасы ұсынылды. Бұл – еліміздің дамуын прогресс пен әділет жолына бағыттайтын Негізгі заң.
Аталған құжат көпғасырлық мемлекетімізді нығайтып, саяси, азаматтық және экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға, адам құқықтарын қорғауға бағытталған.
Дәстүрлі рухани және мәдени құндылықтарды сақтай отырып, біз құқық үстемдігі мен заңдылық, тәртіп пен тазалық, әділдік пен отаншылдық сияқты қоғамдық қағидаттарды дұрыс қабылдайтын жаңа ұлттық сана қалыптастырып келеміз. Бұл ұстанымдардың барлығы қасиетті Рамазан айының мәңгілік құндылықтарымен үндес.
Білімге, тазалыққа, ізгі ниетке негізделген өркениетті қоғамда қасиетті Рамазан жаңа рухани күшке ие болып, барша адал жандарға игі әсерін тигізеді.
Қасиетті Рамазан айы құтты болсын, мұсылман жамағаты!
Еске сала кетейік, биыл Рамазан айы 29 күнге созылады: ораза 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі. Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түніне сәйкес келеді.
2026 жылы пітір садақаның мөлшері 735 теңге болып белгіленді.