Тоқаев қылмыстық схемаларда жасанды интеллект қолданудың қаупін айтып, киберқорғанысты күшейтуді тапсырды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және құрылымдарға киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мен азаматтардың дербес деректерін қорғау тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Президент цифрлық трансформация жағдайында ең осал буын – қарапайым азаматтар екенін атап өтті.
«Дербес деректердің жаппай таралуы, онлайн-алаяқтық, қылмыстық схемаларда жасанды интеллектті қолдану – бұл шетелде де, елімізде де қалыптасып отырған жаңа шындық», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шаралары қабылданып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қаржылық мониторинг агенттігі мен өзге де құқық қорғау органдары алаяқтық әрекеттерді анықтау және олардың алдын алу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Президенттің айтуынша, Ұлттық антифрод орталығының қызметі нәтижесінде 90 мың азаматқа қатысты алаяқтық операциялардың жолы кесілген.
«Үкіметке және бейінді құрылымдарға киберқауіпсіздік пен азаматтардың деректерін қорғау тәсілдерін кешенді негізде мұқият зерделеуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент дербес цифрлық деректерді қорғау қажеттілігі конституциялық деңгейде бекітілуі тиіс екенін еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы салық жүйесін толық цифрландыруды қамтамасыз ету міндетін қойған болатын.