Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:02

Тоқаев қолданыстағы Конституцияға баға беріп, Назарбаевтың рөлін атап өтті

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы Конституцияның маңызына тоқталып, оның елдің қалыптасуындағы рөлін атап өтті әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесін еске алды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы негізгі заңның тарихи рөлін қайта қарау туралы әңгіме болып отырмағанын баса айтты.

«Соңғы 30 жылда еліміздің барлық жетістіктеріне зор үлес қосқан қолданыстағы Конституцияның маңызын жоққа шығару деген мақсат жоқ. Бұл істе Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор», - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Конституция тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде қабылданып, сол уақыттағы күрделі жағдайлардың ізін сақтап отыр.

«Ол еліміз енді ғана аяққа тұрған кезеңде қабылданды және тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарының таңбасын өз бойында алып жүр», - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев қоғамның соңғы жылдары едәуір өзгергенін, ал Қазақстан скептикалық болжамдарға қарамастан, күшті әрі беделді мемлекет ретінде қалыптасқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда әлемде іргелі геосаяси, геоэкономикалық және технологиялық өзгерістер жүріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да ұлттық сана-сезімге әсер еткен әрі қоғамды қатты сілкінткен елеулі өзгерістерді бастан өткерді», - деді Президент.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысының айтуынша, ел үшін өз бағдарларын қайта пайымдап, оларды негізгі заң деңгейінде бекіту аса маңызды.

«Біздің мақсаттарымызды, құндылықтарымыз бен қағидаттарымызды өзектендіріп, оларды конституциялық деңгейде бекіту аса қажет», – деді Тоқаев.

Еске сала кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысы соңғы жылдары жылына бір рет өтетін дәстүрлі форматқа айналған. Онда экономиканың дамуы, министрліктердің жұмысы, өзекті мәселелер мен келесі жылға арналған басымдықтар талқыланады. 

Тегтер: