Тоқаев қойған межеге үкімет өгіз аяңмен жетем дегенше...
Қазір үкіметтің негізгі жоспарларының бірі – экономикалық өсімге қол жеткізу. Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көрсеткішін арттыру. Бұл жоспарға сәйкес Қазақстанда ЖІӨ 2029 жылдың соңына дейін 450 млрд доллар болуы керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке осындай тапсырма берген. Ал енді бұл бекітілген межеге жету үшін экономикамыз жыл сайын 6-7 пайызға өсіп отыруы қажет. Бүгінде Бектенов үкіметінің құрамында осы жоспарға қатысты мақсатты жобаларды, қарқынды жұмыстарды жиі жария ететін министрлер баршылық. «Жас Алаш» бұған қатысты бірнеше мәрте сарапшылардың ұсынысын да ұсынды, арнайы мақалалар да жазды.
Газетімізді қалт жібермей оқитын экономист-мамандар жуырда тағы бір болжамның шетін шығарды. Олардың ойынша, үкіметтің «ЖІӨ-ні екі есеге арттырамыз» деген жоспарын орындауға бірнеше кедергі бар. Себебі Қазақстан экономикасы алдағы 2025-2026 жылдары бір емес, үш бірдей дағдарыспен бетпе-бет келуі мүмкін. Бұл дағдарыстар экономикамызға белгілі мөлшерде қысым жасайды.
Үш дағдарыс
Бизнес аналитика және экономика саласының сарапшысы Жақсыбек Мұқышевтің сөзіне сүйенсек, бізді күтіп тұрған үш дағдарыстың біріншісі – бюджет дағдарысы. 2007 жылдан бері бюджеттің шығысы көбейіп, кірісі азайып келе жатыр дейді ол. Тіпті әріге бармай-ақ, соңғы бес жылдық көрсеткішті есептер болсақ, 2019 жылдан бері бюджет тапшылығымен тап келіп отырғанымызды біз де бағамдаймыз. Мәселен, 2020 жылы бюджет дефициті екі есеге өсіп, тапшылық 2,8 трлн теңге болған. 2021 жылы тапшылық 2,5 трлн теңгеге тағы өскен. 2022 жылы пандемиядан кейін ес жиярмыз деген үміт ақталмады. 2022-2023 жылдары бюджет тапшылығы 2,1-2,8 трлн теңгені құрады. Ал биылғы жылдың 8 айындағы көрсеткіш бойынша бюджет тапшылығы 1,7 трлн теңгені құраған. Бұған жыл соңына дейінгі төрт айдың есебі қосылуы керектігін ескерсек, бюджеттегі тапшылық биыл да өспесе, кем болмайтынын байқаймыз. Қазір бюджет дефициті ЖІӨ-нің 3,2 пайызына тең болып отыр. Сарапшы мұның артында сөзсіз бюджет дағдарысы күтіп тұрғанын айтады.
«Биыл да бюджет тапшылығы 2,5 трлн теңгеден асып кететіні байқалып тұр. Ал келер 2025 жылы елдегі бюджет тапшылығы 4,1 трлн теңге болуы мүмкін екенін үкімет әлдеқашан жоспарлап, мұны 2025 жылдың жоспарына енгізіп те қойды. Өйткені биыл бюджетке салықтық түсімдер азайды. Республикалық бюджетке түсетін кірістер лайықты көрсеткіш көрсете алмады. Қазір барлығын қосып есептегенде соңғы бес жылда бюджет тапшылығы 11 трлн теңгені құрады. Бюджетті тиімді басқаруды меңгере алмауымыз, шығындарды есептеп, нақты кіріс көздерін арттыра алмағанымыз алдағы екі жылда дағдарыс әкеледі. Экономикаға қысым түседі. 2025-2026 жылдары мұны анық сезінетін боламыз», – дейді сарапшы.
Саудадағы тұрақсыздық және қарыз
Маманның айтуынша, келер жылы сезілетін екінші дағдарыс – сауда саласында орнауы мүмкін. Сауда балансында тепе-теңдікті сақтай алмауымыз осыны аңғартады. Өйткені қазір бізде сыртқа сатылатын экспорт көлемі аз, ал ішкі нарыққа енетін импорт көлемі көп.
«Қазір шетелден сатып алған импортымыздың құны 9 млрд долларға артық. Мұндай теңгерімсіздікпен сауда балансындағы тепе-теңдікті сақтау қиын. Бұл Қазақстаннан шетелге көп капитал кетіп жатқанын аңғартады. Бұдан бөлек, біз негізінен мұнай экспорттаушы елміз. Әлемдік нарықта мұнай бағасының құбылуы, бағаның төмендеуі сыртқы сауда балансындағы теңгерімсіздікті одан әрі тереңдетеді. Халықаралық сарапшылар келер жылы қымбат мұнай бағамын болжап отырған жоқ. Арзан мұнайдан экспорттық табыстар қысқарып, ұлттық валюта төмендеп, экономика абдырап қалатыны даусыз. Сондықтан келер жылы бізді екінші бір дағдарыс – сауда балансындағы теңгерімсіздік күтіп тұр», – дейді сарапшы.
Ал маман үшінші дағдарыс ретінде – қарыз қамытын атайды. Қазір Қазақстанның сыртқы қарызы 166,7 млрд доллардан асады. Соның 137 млрд доллары – жеке сектордың алған қарызы болса, 29,6 млрд доллары – мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы.
«Үшінші дағдарысқа 2025-2026 жылдары жеке компаниялардың қарызын өтеу мерзімі себеп болады. Аталған жылдарда жеке компаниялар өздерінің 101 миллиард АҚШ долларын құрайтын сыртқы қарызын өтеуі керек. Бұл – осыншама капитал тағы шетелге кетеді деген сөз. Жекелеген компаниялардың мұнша қарызды өтеуі үлкен салмақ болады. Бұдан, әрине, экономикаға тағы қысым түседі», – дейді маман.
Осы аталған үш себеп үкіметтің «тәтті» жоспарын бұзбақ. Оған дәлел: биылдың өзінде Қазақстан экономикалық өсім және барлық негізгі сектордың даму динамикасы бойынша Еуразиялық одақ елдерінен төмен көрсеткіш көрсеткен. Мәселен, ЖІӨ-нің көлемі бойынша Армения 9,2 пайыз, Қырғызстан 8,8 пайыз, Ресей 5,4 пайыз, Беларусь 4,1 пайызды межелесе, біз 3,9 пайыз өсім көрсеттік. Осыған қарап-ақ бес жылдық жоспарды орындаудың қандай қиын екенін болжау қиын емес.
Ең позитивті болжамның өзі 450 миллиардқа жеткізе алмай тұр
Қаржыгер Арман Мусиннің келтірген деректеріне сүйенсек, 2023 жылы біздің ЖІӨ 270 миллиард доллар болған. Ал биыл Дүниежүзілік банк 2024 жылы «Қазақстанның жалпы ішкі өнім 3,8 пайызға өседі» десе, үкімет позитивті болжамдарды алға тартып, 5,3 пайызға өсеміз деп отыр.
«Үкіметтің емес, Дүниежүзілік банктің есебімен есептеп, биыл ЖІӨ 3,8 пайызға өсті деп алсақ, көрсеткіш шамамен 281 миллиард долларға жетеді екен. Ал 2025 жылы Дүниежүзілік банк 4,7 пайызға өсесіңдер деп отыр, ал үкіметтің болжамы әдеттегідей жоғары. Біз екеуіне де сүйенбей, орташа есеппен ЖІӨ 5 пайызға артты делік, сонда 2025 жылы жалпы ішкі өнім 295 миллиард доллар болады. 2026 жылдардан бастап ЖІӨ 5,8 пайызбен өсім көрсетті делік, онда көрсеткіш 312 млрд доллар, 2027 жылы – 330 млрд доллар, 2028 жылы – 349 млрд доллар, 2029 жылы – 370 млрд доллар болады. Сонда біздің ЖІӨ-нің өсімі президент тапсырған 450 миллиардқа жете алмайтынын көреміз», – дейді қаржыгер.
Ал енді ЖІӨ-ні президент Тоқаев межелеген 450 млрд долларға жеткізу үшін не істеу керек?! Қаржыгер ең алдымен мұнай өндірісін күрт арттыру керек дейді. Бірақ ОПЕК-тің мұнай өндірісіне шектеу қойып жатқанын ескерсек, бұл оңай жол болмайын деп тұр. ЖІӨ-ні 450 млрд долларға жеткізу үшін қазір біз жылына 90 миллион тонна мұнай өндірсек, оны кемінде 130 млн тоннаға жеткізу қажеттілігі туындайды.
«Бірінші, ОПЕК-пен келісімге келу маңызды. Үкімет осыны ескеру керек. Қашаған, Теңіз тәрізді мұнай-кен орындарының жұмысын модернизациялау қажет. Қосымша мұнай кеніштері ашылуы қажет. Бұдан бөлек, мұнай өңдейтін зауыттардың жұмысын жолға қойып, мұнайдан алынатын өнімдердің экспортын арттыруға тиіспіз. Екінші, тікелей инвестициялар көлемін арттыру керек. Бізде экономиканың 50-60 пайызы мемлекеттің үлесінде болса, жұмыс орындарының да 40 пайызы мемлекеттік секторда шоғырланған. Осыған байланысты айтарым, экономикаға жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік меншікті жекешелендіру бойынша реформалар қажет. Үшінші, мемлекеттік активтерді басқарудың жолын реформалау керек. Бұған қатысты корпоративті басқарудың озық әдістерін, мемлекеттік холдингтердің ашықтығын көрсететін тәсілдермен жұмыс істеу керек. Төртінші, қажетті нәтиже бермейтін жобаларға алты ай сайын ревизия жүргізу қажет. Бұл тиімсіз, артық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бесінші, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламаларын жетілдірген жөн. Бізде инфрақұрылым мен әлеуметтік сала құрылысына жеке капиталды қалыптастыру мүлдем жетіспейді. Алтыншы, банктердің экономиканың нақты секторын кредиттеуіне жағдай жасау және шағын және орта бизнестің қаржылануына қолжетімділікті жеңілдету қажет. Жетінші, әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік беретін қосылған құны жоғары өнімді өңдеуді және экспорттауды ынталандыру керек. Сегізінші, әрине, экспорт көлемін ұлғайтып, Орталық Азия елдерімен және Қытаймен сауда байланыстарын жандандырған жөн. Жалпы, бюджет дефициті, сауда балансының бұзылуы, сыртқы қарыздың қысуы тәрізді үш дағдарыспен бір уақытта бетпе-бет келсек, бұл қиынға соғады», – дейді А.Мусин.
Негізінде бізде бұған дейін де түрлі жоспарлар, мемлекеттік бағдарламалар болды. Алайда үкіметтің құрған мұндай жоспары мен бағдарламалары аясында «байып кеттік» деп тағы айта алмаймыз. Мысалы, бізде «Бизнестің жол картасы–2020» деген жарнамасы жер жарған жоба болды. Бағдарлама аясында ЖІӨ-нің өсуіне бірден-бір себепкер болатын шағын орта бизнесті дамытуға 450 млрд теңге бөлінді. Бірақ шындап келгенде осы қаражатты мұқтаж кәсіпкерлердің 10 пайызы ғана алды. Біз тілдескен мамандар ол қаражатты мемлекеттің жеңілдігін қажет етпейтін ірі-ірі құрылыс компаниялары мен ірі кәсіпкерлер алғанын жасырмайды. Ал «отандық аяқкиім және киім тігеміз немесе полиэтилен пакетін өндіреміз» деген кәсіпкерлерге мұндай жеңілдіктер берілмеді. Біздегі экономиканың деңгейі – осы.
Ең қызығы, шенеуніктер өзін-өзі ақтамаған жобаларды зерттегеннен гөрі, болашаққа қарқынды жоспар құруға құмар. Алдағы бес жылға дейін кім бар, кім жоқ дегенге салына ма, әйтеуір жарнамасы жер жарған бағдарламалар мен жобалар үкіметте жиі талқыланады. Бірақ осы уақытқа дейін «бізді дағдарыстан алып шықты» деген бір бағдарламаны мақтанышпен айта алмаймыз. Керісінше, біздегі бағдарламалар мен жобаларды орындау барысында бюджеттің қаражатын талан-таражға салу фактілері жиі кездеседі.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ