Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:38

Тоқаев құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заңға қол қойды

Тоқаев
Фото: Ақорда

Тоқаев «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың профилактикасы және заңнаманың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. 

Бұған дейін хабарланғандай, жаңа Заңды қабылдау құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілері арасындағы өзара іс-қимыл мен үйлестірудің теңгерімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қылмыс деңгейін төмендетуге, қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және әлеуметтік ортаның тұрақтылығын күшейтуге бағытталған.

Заң аясында қолданыстағы бес заңнамалық акт біріктіріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алудың бірыңғай әрі тиімді тетігі құрылды. Азаматтар үшін бұл қоғамдық қауіпсіздік деңгейінің жоғарылауын және қылмыстың алдын алуға қоғамның қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюін білдіреді.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – полицияның қоғамдық көмекшілерінің құқықтары мен міндеттерін кеңейту. Енді олар:

  • құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге,
  • оқу орындарында және жекелеген азаматтармен профилактикалық жұмыс атқаруға,
  • хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруге жәрдемдесуге,
  • полиция қызметкерлері келгенге дейін оқиға орындарын қорғауға қатыса алады.

Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесі қайта қаралып, жалпы, жеке және арнайы шараларды қамтитын кешенді модель енгізілді. Бұл модель қауіпті ерте анықтауға және құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған.

Заңда заң бұзуға бейім тұлғалармен нысаналы жұмыс жүргізуге арналған жаңа тетіктер көзделген. Мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты айқындалып, ведомствоаралық үйлестіру күшейтілді, жеке профилактиканың заманауи құралдары енгізілді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға да қол қойды. Бұл түзетулер құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жетілдіруге және әкімшілік жауапкершілік тетіктерін тиімді етуге бағытталған.