Тоқаев: Ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының тағдыры тек өз қолымызда
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын ұстану аса маңызды деп есептеймін".
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде айтты.
Президенттің айтуынша, Латын Америкасында және Таяу Шығыста болып жатқан түбегейлі оқиғалардың нәтижесінде геосаяси ахуал айтарлықтай өзгеріп жатқанымен, Қазақстан барлық жақын әрі алыс мемлекеттермен — жан-жақты ынтымақтастықты дамыту бағытын берік ұстанатын болады.
"Қазіргі жағдайда сыртқы саясат пен дипломатияның рөлі айтарлықтай артты. Қазақстан да бұдан тыс емес. Экономика болсын, саяси реформалар болсын, біздің ішкі мәселелеріміз халықаралық жағдайға және оның ел ішіндегі үдерістерге әсеріне көп жағдайда тәуелді, - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанның табысты дамуының басты факторлары — бірлік пен тұрақтылық болуы тиіс. Бұл өзгермейтін құндылықтар. Алайда олардың тұрақтылығы тарихтың сыйы емес, ол – азаматтарымыздың жоғары азаматтық және саяси жауапкершілігінің нәтижесі.
"Ішкі саясаттың осы нәзік саласында билік те, қоғам да қателесуге құқылы емес. Мұнда авантюризмге де, жеңілтектікке де орын жоқ. Біз ультраконсервативті саяси жүйелердің, діни архаикаға сүйенетін, ұлттық намыс пен ұлттық мүддені қате түсінетін жүйелердің өміршең еместігіне көз жеткіздік. Сондықтан олар ақырында күйрейді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы алға жылжуға қарсы тұру — артқа кетумен тең екенін айтты. Сонымен бірге тым асығыс әрі ойланбай қабылданған шешімдер де ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
"Сондықтан мен «реформа үшін реформа» жасауға үзілді-кесілді қарсымын. Барлық істе ақылға қонымды тепе-теңдік қажет. Егер өзеннен жаяу өтемін десең, аяғыңмен түбін сезетініңе сенімді болуың керек. Тұрақтылықты бірнеше күнде, тіпті бірнеше сағатта-ақ шайқалтуға болады. Ал оны қалпына келтіруге ондаған жыл қажет. Сондықтан «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ұстану аса маңызды деп есептеймін. Бұл тұжырымдама — біздің саяси жүйеміздің, өмір салтымыздың өзегі, ол популизм емес.
Әрдайым есте ұстау керек: ортақ үйіміз — Қазақстан Республикасының тағдыры тек өз қолымызда. Шынын айтқанда, әлемде ешкім біздің жаһандық қиындықтарға қаншалықты дайын екенімізге, қоғамымыз қандай мәселелермен өмір сүріп жатқанына алаңдамайды. Жаңа дәуір басталды. Біз прогрессивті ұлт ретінде заманның сын-қатерлеріне бейімделіп, оларға өзіміздің жасампаз әлеуетімізді қарсы қоя білуіміз керек. Елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың мақсаты біреу — мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру, — деді Президент.